№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қысқа шөп дайында, ағайын!

Қысқа шөп дайында, ағайын!

Табиғи құбылыстар белгілі бір уақытта айналып соғып, мінез танытып тұрады. Осыдан тура 100 жыл бұрын қазақ сахарасында қуаңшылық жайлап, соның салдары мал-жанға ауыр тигенін тарихтан жақсы білеміз. Қазір технология дамыған заманда инновациялық жобалар өнімділікті арттырып, өрісімізді кеңейтуде. Бірақ, биылғы аптап ыстыққа дәрменсіз екенімізді екшедік. Қазірдің өзінде Арал ауданында мал шығыны орын алуда. Жаңақорғанда да жағдай мәз емес. Әсіресе ауданның Қаратау беткейінде от жоқ. Ал, оттықпаған мал қыстан өтуі қиын. Егер қаһарлы қысқа қажетті жем-шөпті жинап алсаңыз жақсы, жинамасаңыз төрт түлікті сақтап қалу қиын. Осыны ескерген облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жем-шөп әзірлеу науқанын ұйымдастыруды тапсырды. Мұны аудан әкімі Руслан Рүстемов ұтымды үйлестіріп, қырдағы шаруалар Сырдағы күріштік алқаптардан қамыс орып алуына жағдай жасауда.

Биыл нарық сан құбылып тұр. Айта берсе көп, жанар-жағар май мен автогаздың бағасы қымбаттады. Картоп пен сәбіздің өзі қалтаға салмақ салды. Ал, жоңышқа ше? Жоңышқа ең сұранысқа ие тауар түріне айналды. Көрші облыстың ірі-ірі кәсіпкерлері біздің аудандағы жоңышқалықтың басынан тиеп әкетуде. Соның салдарынан баға екі есеге дейін қымбаттады. Бұл бағада жоңышқа жинау қиын. Енді не істеу керек? Ең болмағанда, қамыс орып алу керек.
Міне, аудан әкімінің тапсырмасы бойынша Оңал Ержанов бастаған топ Сыр беткейдегі ауылдық округтерді аралап, шаруа қожалықтың төрағаларына тау беткейдегі ағайынның қамыс орып алуына мүмкіндік туғызудың маңызын түсіндіргенін жақсы білеміз. Бұл жөнінде газетке де жазылды. Енді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев, жастар ресурстық орталығының басшысы Наурызбай Орынбасаров тау беткейіндегі ауыл жастарын Аққорғанға жол бастап барып, қысқы мал азығына қажетті қамыс орып алуға сәттілік тілесті.
Қыраш пен Қосүйеңкі ауылдық округінің жігіттері Түгіскенде түнеп, таңмен таласып қамыс орудың қамымен жүр. Егістік басында тамағы, жатын орны дайын. Осы бастаманы қолдаған «Түгіскен ТШ» ЖШС басшысы Нематулла Рустемовке көптің алғысы зор.
– Ағайын қиналғанда қол қусырып отырғанымыз азаматтығымызға сын. Жылда күріштіктің бойындағы көлденең атыздардың басы, су қашыртқысының бойындағы
қамыс өртеніп жатады. Оны орып алатын адамдар да аз. Енді қыр беткейдегі азаматтар орып аламыз десе, қанекей! – деді төраға.
Жалпы, қамыстың қасиеті көп. Қамыстың сабағынан түрлі тоқыма бұйымдарын, жылу ұстағыш құрылыс материалдарын дайындауға болады. Жиһаз, музыкалық аспаптар, картон, қағаз жасауға да қамысты кәдеге жаратады. Қамыс мал азығы ретінде де құнды.
– Жаздағы аптап ыстық қыста айналып келетін болса, бізге шілденің шіліңгір ыстығында да шегініп қалмай, қажетті мөлшерде қамыс орып алу керек. Ауылдағы ағайын бізге сенім артып отыр. Жауапты жұмысқа барша аудан жастарын жұмылуға шақырамын, – дейді қыраштық Мұқан есімді азамат.
Сала мамандары
не дейді?
– Тау беткейдегі 8 ауылдық округ пен Жаңақорған, Шалқия кенті Сыр беткейдегі 8 ауылдық округке бекітілді. Бүгінгі күні бекітілген жүйе бойынша тау беткейдегі жеке шаруа қожалықтарға қолжетімді бағада табиғи шөптер жөнелтілуде. Қазір ауыл жастары Аққорған ауылдық округіндегі «Түгіскен ТШ» ЖШС жерінде қамыс, мия секліді табиғи шөптерді қолдап оруға, қысқы мал азығын дайындауға кірісіп кетті. Елдің бірқатар өңірінде қуаңшылық салдарынан жоңышқаға сұраныс артып, нарықтағы бағасы екі есеге қымбаттады. Аудан әкімінің тапсырмасына сай жұмысшы топ құрылып, Сыр беткейдегі табиғи шөптерді қолжетімді бағада сату жөнінде шаруашылықаралық келісім жүргізілсе, тегін шөп орып алатын алқаптар нақтыланды, – деді аудан әкімінің орынбасары Оңал Ержанов.
Тұрмысы төмен отбасыларға да тегін шөп үлестіру ірі-ірі кәсіпкерлерге жүктелді. «Ынтымақ» ЖШС директоры Рахымбаба Құтыбаев әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарға 100 десте тегін берсе, «Екпінді» шаруа қожалық төрағасы Аманбай Орынбаев 3000 қамыс престі, «Түгіскен ТШ» ЖШС директоры Нематулла Рустемов 4000 қамыс престі арзан бағада (500-600 теңге) қамтамасыз ететіндігін жеткізді.
– Биылғы жыл шаруалар үшін өте қиындық тудыруда. Жылда ауданымыздың тау беткейіндегі елді мекендер мал азығынан қиналмайтын. Темір жолдан Қаратауға дейінгі алқап көк майса шөп болып, төрт-түлік жайылымнан тарықпайтын. Дәл қазір осы жерлер қурап, малдың күйі қашты. Тіпті, Қараудың ішкері жайылымдары да осы жағдайға ұқсас.
Сырдағы шаруалар жағдайы да мәз емес, өйткені дарияда судың мөлшері азайып, қайыр көбейді. Соның салдарынан диқандар күріштік көлемін 1300 гектарға қысқартты. Есесіне аяқ суды аз қажет ететін жоңышқа, мақсары, жүгері, бидай егілді. Биыл жоңышқаға басымдық бергендер несібелі болуда, – дейді ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев.
Қазір жем-шөптің бағасын қымбаттатқан шаруаларды кінәлаушылар аз емес. Екінші жағынан салмақтасақ, жоңышқаның орып, престейтін техниканың қосалқы бөлшектері мен жанар-жағармай қымбаттады. Оның үстіне, мол табыстан кім бас тартсын, Шымкент шаһары, Түркістан облысының кәсіпкерлері алдын ала төлеп қойып, кезекке тұрса, бағаны бірнеше есе өсіретіні белгілі жайт қой. Дегенмен, өзіміздің шаруаларға қарасу да азаматтық іс екенін ұмытпаған жөн.
– Қамысты мал азығы ретінде де, тіпті, құрылыс материалы ретінде де қолдануға болады. Күріштік басындағы қамыс әбден суға қанған. Арасында қызыл мия және т.б
шөптері бар. Енді орақпен орып, баулап, тиісті жеріне жеткізіп алуы керек. Мұнда қамыс жеткілікті мөлшерде бар. Тек ерінбей еңбек етсе болғаны, – деді ауылшаруашылығына жауапты басшысы.
Жем-шөптің шығымы қалай?
Жалпы аудан бойынша 23 260 гектар малазықтық дақыл орналастырылған. Оның ішінде, жаңа жоңышқа – 4300, ескі жоңышқа – 14 170, күздік бидай – 4590 гектар.
Шыны керек, биыл жоңышқаның шығымы жылдағыдай жақсы болды. Бірақ баға үш есе қымбаттап, тарыққан тұрғындарға бұл ауыр соққы болды. Оның үстіне биылғы ауа-райының қолайсыздығынан мал жайылымдары мен мал азығын дайындауда біршама қиындықтар орын алып, Алматы, Жамбыл, Түркістан облысынан сұраныс көп түсті.
– Қазіргі таңда, 14 170 гектар ескі жоңышқаның бірінші орымы толық аяқталып, 45 000 тонна шөп жиналды. Жоңышқаның екінші, үшінші орымы және табиғи шөп, күріш, бидай дақылының сабанын жинап, қажетті мөлшерде жем-шөп дайындауды жоспарлап отырмыз, – деді ауылшаруашылығы бөлімінің бас агрономы Дәурен Абибуллаев.
Жалпы аудан бойынша мал басы саны – 414 261-ді құрайды. Мүйізді ірі қара – 77 064, уақ мал – 314 060, жылқы – 21184 басты құрайды. Өрісте шаруаның есебінде бар, бірақ Үкіметтің базасына тіркелмеген малдың басы қаншама. Ресми тіркелген малдың өзімен Сыр өңірінде көш бастаймыз. Яғни тұтас облыстағы төрт түліктің жартысы біздің ауданда. Аудан әкімінің алаңдап отырғаны да осы себепті.
Әли ТЕМІРБЕК
10 шілде 2021 ж. 1 337 0