№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Аралға 6000 пресс шөп жөнелтілді

Аралға 6000 пресс шөп жөнелтілді


Қуаңшылықтың салдары Сыр өңіріне оңай тимеді. Әсіресе, Арал ауданының шаруалары төрт түлігін шығындап, көңіл-күйі пәс. Енді ше, амандық-саулық сұрағанда жанмен бірге малдың амандығын сұрайтын қазаққа түліктің қонды болғаны маңызды.
Былтыр табиғат тосын мінез танытып Сыр өңіріне қыс ерте түсті, есесіне көктем кеш келді. Жауын-шашын мөлшері аз түсті. Мұның бәрі 100 жыл бұрынғы қуаңшылықты еске түсіреді. Көктемнен бері облыс бойынша 500 мал опат болғаны жөнінде дерек бар.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрін қызметтен босатып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырма жүктеді.
– Жүйелі әрі нақты жұмыс атқарылмаған. Соның кесірінен шаруаларымыз тығырыққа тіреліп отыр. Нақты іс-әрекет пен кері байланыс жоқ. Сондықтан фермерлер көмек сұрап, тікелей маған өтініш айтып жатыр. Әрине, қуаңшылық – табиғи жағдай. Мұны жақсы түсінемін. Дегенмен бұл мәселенің бір жағы ғана. Ең бастысы осындай күрделі кезеңде тиісті министрлік шұғыл және батыл шешімдер қабылдауы қажет еді, – деді Мемлекет басшысы.
Арыстағы жарылыс, Мақтаралдағы тасқын кезінде жаңақорғандықтар белсенділік танытып, жылу жинап, қайырымдылық шарасына дем берген еді. Сол секілді Аралдағы жағдай да аса күрделі. Бұған да қол ұшын созған ләзім.
Елге белгілі меценат Болат Өтемұратов қоры қуаңшылықтан зардап шеккендерге 200 миллион теңге бағыттады. Бұл – елдегі бай-манаптарға үлгі-өнеге екені анық.
Аудан әкімі Руслан Рүстемов жем-шөп дай­ындайтын шаруа қожалық төрағаларын жинап, Арал ауданындағы малшыларды қолдауға шақырды.
– Табиғаттың қатал міңезі шаруаларға оңай тимеді. Әсіресе аралдықтардың зардабы ауыр болуда. Осындай шақта азаматтық танытып, қамқорлық қолын созған дұрыс. Бұл – бірліктің белгісі әрі тірлікті түзетудің тетігі. Бізге ойланып отыруға уақыт тапшы, нақты шешім қабылдап, тындырымды тірлікке көшу керек, – деді аудан әкімі.
Басқосуға жиналған «Бесарық», «Ислам», «Нұрбол И», «Сұңқар» шаруа қожалығы мен «Түгіскен ТШ» ЖШС директоры аралдықтарға көмек беруді бірауыздан қолдады.
– Ата-бабаларымыз мемлекеттік мұрат жолында қысылғанға демеу, тарыққанға медеу болып, асқақ адамгершіліктің өресін танытқан.
Біз осы дәстүрді жалғап, елдік жолында жұмыла жүк көтеруіміз тиіс. Мұның салмағын «Сұңқар» шаруа қожалығы сезініп, 1000 престі арзан береміз, – дейді ауданға белгілі меценат Құл­ма­ғамбет Исаханов.
«Түгіскен ТШ» ЖШС директоры Нематулла Рустемов 1000 пресс шөпті тегін жөнелтіпті.
– Биылғы жыл шаруалар үшін өте қиындық тудыруда. Арал өңірінің жағдайы баршаға мәлім... Біздің ауданның да тау беткейіндегі шаруалар мал азығынан қиналып отыр. Жусандық алқаптағы төрт түлік қоңы төмен. Ал, Аралдағы ағайынның жағдайы тіпті тұралап тұр ғой! Оларға көмек ретінде 1000 престі тегін, 1000 престі арзандатылған бағада жіберіп жатырмын, – дейді серіктестік бас­шысы.
Аудандық ауылшаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Бақыт Жексенбаевтың сөзінше, «Бесарық», «Ислам» және «Нұрбол И» шаруа қожалығының төра­ғасы Есдәулет Сейілов, Мақсат Жұмаділов, Изатулла Үсенов мың-мыңнан пресс шөп жіберетінін айтты.
Жаңақорған ауданынан бағыт­талған 6000 пресс шөп аралдық малшыларға үлкен көмек екенін анық.
Күні кеше Арал ауданының малшыларына көмек ретінде 1000 пресс жөнелтілді. Бүгін діттеген жеріне жеткен көмекті, Иркөл ауданындағы шаруаларға табыстапты. Біз өз тарапымыздан шаруақожалықтың иесі Дінмұхамед Әбішовпен телефон арқылы тіл­дестік.
– Қуаншылық болады деп кім ойлаған? Амал жоқ, елдегі ағайыннан көмек сұрап отырмыз. Малымыз көре көзге әр жерде өліп жатыр. Міне, Жаңақорған ауданынан 1000 пресс келді. Қатты қуанып тұрмыз. Қазір тұрғындармен бірге бөліп алудамыз. Бұның өзі бізге үлкен көмек, – деді аралдық шаруа.
Қазақтың тұрмыс-салт дәстүрі, өмір сүру құндылығы төрт түлікпен байланысты. Ерте замандарда Сыр мен Қаратауды қыстау етіп, ерте көктемде Қырым мен Ібір-Сібірге дейін төрт түлікті жайлап, қоңды етті. Көшпелі өмірдің келмеске кеткеніне де ғасырдан асты. Қазір малды ауыл маңына жайлап, қысқа жем-шөп қорын дайындау арқылы қыстан шығуға мән береді. Бірақ, биылғы қуаншылық шаруалардың шаруасын қиындата түсті.
Мәселен, өзіміздің ауданда шөптің шығымына байланысты үш аймаққа бөліп, қиындықтан шығудың амалы қарастырылуда. Атап айтқанда, 13 елді мекен қызыл аймақ, 6 елді мекен сары аймақ, 4 елді мекен жасыл аймақ болып белгіленді. Бүгінде аудандағы мал басына қажетті 205 мың тонна шөпті тасымалдау жұмыстары басталды.

Әсел РЗАЕВА
24 шілде 2021 ж. 634 0