№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қаратаудың тастары қайда бармады?

Қаратаудың тастары қайда бармады?

Қаратау тауын ұлттық брендке жатқызуға болады. Неге десеңіз, біріншіден, қарт таудың қатпар-қатпар тастарында мыңжылдықтардан бастау алатын тарих қатталған. Екіншіден, ондағы шүйгін шөбі, мөлдір суы, тұнық ауасы адам рухына күш-қуат беретін тылсым сыры бар. Үшіншіден, таудың тасы мен топырағы табыстың көзіне айналды. Біз үшіншісіне басымдық беріп, тарқата жазуды жөн көрдік.

Қаратаудың қара тасы қай ісіңе де жарап тұр. Оның сапасы, сан түрлі қасиеті және бар. Жолға төсесең де, тұрғын үй құрылысына пайдалансаң да, химиялық қосыңды жасасаң да таптырмайтын шикізат. Әсіресе, таудың тасынан түрлі фракциялы қиыршық тас, құмды тас қоспасы, жуылған құм, доломит, әктас сынды өнімдер өндіріледі. Бүгінде таудың тасын өңдеп, оны елдің әр өңіріне жөнелтіп, перспективалы компаниялар қатарына «Казпром Қызылорда» ЖШС, «КДСМ Қыран» ЖШС, «Сарман-Тастақ-Жаңақорған» ЖШС, «УАД» ЖШС жатқызуға болады.
Тау тастарынан құрылысқа қажетті материалдар шығаратын өндіріс аймақтарға арнайы барып, Қаратаудың тастары қандай мақсатта пайдаланатынын және қай жерлерге жіберілетінін білдік.
Халықаралық маңызға ие «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойына жақын Сүттіқұдық ауылдық округінің тұсында орналасқан «Сарман-Тастақ-Жаңақорған» ЖШС жол құрылысына қажетті қиыршық тастарды Арал, Қазалы ауданына дейін жіберіп отыр. Кәсіпорынның негізін қалаған Батырхан Ағманов:
– 2006 жылы Сүттіқұдық ауылы тұсынан «Тастақ» деп аталатын аумақтан жер телімін алып, қиыршық тас өндіруді бастадық. Әрине, алғашқы кезде өнімді сынақтық көлемде шығардық.
Ол кезде италиялық «Тодини Конструкциони Дженерали С.П.А» АҚ-мен екі жақты келісімге отырдық. Оларға сапалы бетон қоспасы үшін жуылған жоғары сортты құм қажет болды. Біз өндірген өнімнің сапасы италяндықтардың талабына сай келді. Бүгінде біздің өнімдерге сұраныс жоғары. Гептес, яғни, жолға төсейтін қиыршық тасты Қызылордаға, ал жуылған құмды Түркістанға жіберудеміз. Айына орта есеппен 10-15 мың тонна, жылына 100 мың тоннадан аса шикізат өндіреміз. Компанияның тізгінін ұлым Таңат Темірхан алып, жұмысты жандандыра түсті», – деді.
Мақаланың жүгін көтеретін мәлі­меттер жинап, компьютерге отырған-дым. Бірақ Қаратаудың қасиетін, қаржылық қуатын ашатын тұздық жетіспейтіндей көрінді. Ел ағасы Үмбет Абибуллаевтың: «Қаратаудың 70 пайызы доломит тастары, байлық дегеніміз осы ғой!» деген дауысы ойымды бөлді. «Іздегенге – сұраған» дегендей, мақаланың мазмұнын арттыру мақсатында ағамызға бірнеше сұрақ бағыттадым.
– Әуежай ұшақтардың ұшып, қонатын жолағы төзімді болуы шарт. Осындай асфальтты жолақтың құрылысына доломитті пайдаланады. Жолдардың беріктігін арттыру да таптырмайды. Сондай-ақ Байқоңыр ғарыш айлағына доломит тасы аса қажетті... Себебі ғарыш кемесі өте үлкен жылдампықпен жоғарыға көтеріледі. Сол кезде астындағы жерді қопарып жібермес үшін осы доломит тасы төселеді. Міне, осыдан-ақ біздің тастардың қасиетін бағамдауға болады. Бұл тас өте қатты, сындырған кезде бөлшектеніп кетпейді, бұрыш-бұрыш болып бөлінеді. Содан болар, бір кездері Қытайдың өзі Қаратаудың тасын тасымалдап жатты, – деді Үмбет ағамыз.
Міне, қызық! Қарт Қаратаудың тастары беріктігімен бағалы екен. Олай болмаса, мыңжылдықтар көшін бағындырар ма еді?! Әйтпесе, бүгінде төбелерге айналып, шөгіп кетер еді-ау!
Енді құрылысқа қажетті қиыршық тастар қалай өндіріледі? Бұл сұраққа жауапты тас өндіретін компаниялардың жұмысын көру арқылы таптық. Нақтысын айтқанда, «КДСМ Қыран» ЖШС өндіріс жөніндегі директоры Бағдат Исламқұловпен бірге «Өгіз мүйіз» аймағына бардық. Биік-биік төбелер мен тік тұрған жарларды көріп, тас алатын орынға келгенімізді бірден аңғардым. Өндіріс аумағында төбе-төбе тас байқалмайды. Тып-типыл жинап кеткендей көрінді. Тек етекте шөккен түйедей іріктелген біраз тастар ғана қалған. Менің ойымды оқығандай, Бағдат Асылбекұлы:
– Анау тұрған тік жарды көріп тұрсыз ба? Біздің тас алып жатқан орынымыз сол жер. Тасты бөліп алудың өзіндік өндірістік жолдары бар. Тау жынысына бұрғы салынып, жарылғыштар қойылады. Айналадағы өзге зауыттардың барлығына алдын-ала ескерту жолданады. Жарылыс уақытында зауыттың іргесіндегі күзет бұл жаққа адамдарды жібермей, барынша қауіпсіздікті қадағалайды, – деді ол.
– Дұрыс қой! Бірақ мені бір ой мазалап тұр. Жарылыс орын алған уақытта жақын маңдағы елді мекенге зардабы жоқ па? – дедім мен.
– Өзіңіз көріп тұрғандай, Шалқия кентінен 10-15 шақырым қашықтықтағы өнідіріс аймағы. Оның үстіне, әр жарылыста өзінің мөлшерін сақтауға мән береміз. Яғни 10 мың кубтан артық жаруға болмайды. Әр жарылғышты уақыт аралығында сақтаймыз. Сол себепті дүмпуі ауылға білінбейді, – деді Б.Исламқұлов.
Міне, біз өз көзімізбен тау жарылысын көрдік. Таудың қолтығындағы тас алатын жердің жағдайымен танысқаннан кейін, біз сол салмағы мың батпан ауыр-ауыр тастарды майдалап, әр түрлі көлемдегі қиыршық тасқа айналдыратын зауытты көруге бет алдық. Әне-міне дегенше жүйіткіген көлік, діттеген жерімізге жеткізді. Енді Бағдат Асылбекұлы зауыттағы өндірістің мұнан кейінгі жай-жапсарын түсіндіре бастады.
Ауыр жүк көліктері үлкен тастарды аударып кетіп жатты. Ал алып қондырғылар ауыр тастарды жалма-жан іліп алып, одан әрі бөлшектейтін өңешке тықпалап жатыр. Үздіксіз қозғалып тұрған ауыр тетіктер әлгі үлкен тастарды ұрып сындырып, одан әрі екінші рет орташа бөлшектеп сындыратын қондырғыға, сосын үшінші кезеңіне жөнелту арқылы жұмыс жалғаса береді екен.
Жауапты маманның айтуынша, тас өндірісінің алғашқы кезеңінде ірі тастарды 200 сантиметрге, сосын 70 сантиметрге, одан әрі 40 сантиметрге ұсақтап, бөледі. Соңғы сәтте елекке түседі де, белгілі қалыпқа сай қиыршық тасқа айналады. Яғни әр кезеңде тас әртүрлі деңгейде майдаланады. Қаратаудың тасына сұраныс жоғары. Тіпті тапсырысты орындап үлгере алмай жататын кездері болады екен.
Осы жерде санаға бір ой салмақ салды. Мәңгілік ешнәрсе жоқ, ерте ме кеш пе табиғи ресурстар сарқылатыны ақиқат. Таудың тасы да түптің-түбінде таусылады. Бұл сұраққа «Медератор» ЖШС басшысы Ғани Қалдыбеков жауап берді:
– Алланың жаратылысы. Оның қоры қанша уақытқа жететіні бізге белгісіз. Бірақ жақын уақытта тастың қоры таусылады дегенге сенбеймін. Бір білетінім, Қаратаудың тасына сұраныс жоғары. Бүгінде Арал, Қазалы, Байқоңыр, Жалағаш, Сырдария және Қызылорда, Түркістан қаласынан арнайы тапсырыстар түседі. Тіпті Қырғызстанға дейін жөнелтіп жататын кезіміз болады, – деді.
Иә, біздің тасымыз да табыс көзімізге айналды. Бәлкім, Жаңақорған халқының несібесі болар. Бүгінде Сыр өңірінде Жаңақорған ауданы өндірісінің қуатымен мақтана алады. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қарасты уран компанияларынан бөлек, қарт таудың тастарынан «Премиум класс строй» ЖШС, «Қуат Әк» ЖШС әк өндіріп отыр.
Мамандардың сөзінше, 980-1000 градуста тастан әк бөлініп шығады. Әкке даламит тастары пайдалынады. Жыл өткен сайын өнімге сұраныс артып келеді. Мәселен, 2019 жылға қарағанда 2020 жылы әкке сұраныс 10 есеге артыпты.
Серіктестік өкілі Құрманғазы Болат­ұлының айтуынша, өнеркәсіпке жергілікті 28 азамат жұмысқа орналасып, олар жұмыс ауқымына қарай 250-300 мың теңге жалақы алады. Мұндағы әктің құны базар бағасынан төмен, түйіршікті әктің келісі – 40 теңге, ұнтақ әк – 35 теңгеден сатылуда.
– Соңғы уақытта Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Қарағандыдан, тіптен Қырғызстаннан әкке тапсырыс қабылдаудамыз. Айына 5-6 тонна, жылына 70-80 тонна әк өндіреміз. Бүгінде 40-қа жуық адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Алдағы уақытта тапсырыстарға үлгеру мақсатында зауытты кеңейтіп, тағы жұмыс көздерін ашуды жоспарлап отырмыз, – деді Нәрзілда Ысқақов.
Жә, өндірістің жайын біліп, енді табыстың көзін сараласақ. Ол үшін қиыршық тастардың нарықтағы бағамын білу маңызды. Бұл жөнінде қиыршық тас тасымалдайтын жүк көліктерінің иелерінен білдік.
– «Аудан орталығында үш түрлі тас өндіріп жатыр. Әсіресе, жуылған құм, яғни, көлемі 0,5 болатын өнім түріне сұраныс өте жоғары. Себебі өнім жақсы жуылады екен. Бағасы да қолжетімді, сапасы да жақсы. Оның бағасы – 17 мың теңге. Қиыршықтас тас – 18000 мың теңге, ірі тас – 35 мың теңге, сары қиыршық тас – 12 мың теңгеден сатылуда. Бізде сұраныста қиыршық тастың үш түрі өтімді. Яғни, 0,5, 5,10 және 5,20 көлемдегі құрылысқа қажетті қиыршық тастар. Қазір Түркістанда құрылыс қарқынды жүруде. Тіпті, бізде өндіріліп жатқан тастар, Қырғызстанға дейін барып жатыр», – деді тасымалдаушы Оңдас Кеңесұлы.
Шынында, Қаратаудың әрбір тасы – табыс көзі! Бірақ, қарт таудың тасын көзсіз, есепсіз игерудің зияндығы жақтары жоқ па? Бұл сұрақ та біздің назардан тыс қалмады.
Шалқия кентінің әкімі Мәулен Сабырханов:
– «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолынан «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ дейінгі жолға орташа жөндеу жүргізілді. Енді жолды күтіп ұстау маңызды. Бірақ таудан тас таситын жүк көліктері мөлшерленген салмақтан тыс тас өнімдерін тасиды. Мұның жолға зияны бар, – дейді.
Әрине, құрылысқа қажетті түрлі фракциялы тастарды өндіріп, табыс тауып, ортақ қазынаға қаржының түскені жақсы. Алайда оның экологиялық зардабын ойлап қойған да дұрыс. Мәселен, тау қойнауындағы түрлі өсімдіктерге қиыршық тас өндірісінің әсері қандай? Жануарлар дүниесіне ше?

Р.S.: Мақала жазу барысында Қаратаудың тасы Қытай асып, Қыр­ғызстанға барғанын білдік. Қытайда да, Қырғызстанда да таулы аумақтар көп. Бірақ біздің таудың тастарын сұратып отыр. Оның бір ғана сыры болуы мүмкін. Ол – Қаратаудың тастарында темірдің мол қоры болғандықтан өте берік болады. Сосын құрамында минералдық-шикізаттар молынан кездеседі. Бастысы, Еуразия даласындағы ең көне таудың бірі. Яғни тастары мыңжылдықтар көшінде төзімділігімен әбден сыналған. Бір сөзбен айтқанда, қарт таудың тастары қайда бармады десеңші?!

Әсел РЗАЕВА
13 ақпан 2021 ж. 727 0