Азаматтығы биік Жұмекең
Жұмаділла (Жұман) Өскенбайұлы кең пейілді, жарқын міңезді еді. Ағайын-туыс, дос-жараңы мен әріптестерінің арасында сыйлы болатын. Онымен 40 жылдан астам достық қарым-қатынас барысында адам баласына қиянат жасағанын көрген емеспін, қайта қол ұшын беруге даяр тұратын.
ХХ ғасырдың 80-жылдары Жұманмен таныстығым басталды. Жұмекең Байкенжедегі мектепте мұғалім болатын. Байкенже Төменарық кеңшарының бөлімшесі-тұғын. Бөлімше меңгерушісі Райымбек Бөкенбаевпен бір кабинетте отыратын аудандық архитектор Исабек Әлдібековтың жақын жолдасы әрі туысы. Ол кезде жиі бас қосып тұрамыз. Кезекті бір жиында Рекең Жұмаділланы таныстырды. Сол кезден бастап жақын араласып, оның қызмет жолы көз алдымда...
Жұмекең мектепте үздік оқыды. Жоғары оқу орнына түсті. Бірақ екі курстан кейін сырттай бөлімге ауысты. Себебі ұзақ жылдар шаруашылық жұмыстарын басқарған әкесі Өскенбай зейнеткерлікке шығып, отбасының тірегіне айналады.
Ол алғашында ұстаздық етті. Арада 7-8 жыл өткенде мал фермасының басшысы қызметін атқарды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары шаруа қожалықтың жұмысын жүйелей түсті. Бұл ауыр жылдар болатын. 7-8 айлап жалақы алмаған халық дағдарып, қолындағы азын-аулақ малын сатып, талғажау етті.
Байкенже ауылы сол кездері облыстағы «болашағы жоқ» ауылдар тізіміне енді. Осынау уақытта Жұмаділла атқа қонды. Бұл – 1999 жыл. Елдің болашағы жарқын екендігін дәлелдеп билік пен халық арасына түсті. Ауылдық округтің әкімдігіне сайлана салысымен іскер азаматтардың басын қосып 15-ке жуық шаруа қожалық ашып, олардың нәтижелі жұмыс істеуіне көмек берді. Шаруалардың несие алуларына көмектесті. Ауылда жүрген жұмыссыз жастардың жұмысқа орналасуына ықпал етті. Нәтижесінде 3-4 жылда елді мекендегі әр отбасында бір адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
2017 жылы Жұмаділла Өскенбайұлы зейнеткерлікке шықты. Оған дейін 18 жыл ауылдық округті басқарып қыруар іс бітіріп, елге қамқор, жұртқа жанашыр бола білді.
Ел есінде игілікті ісімен қалған Жұмекеңнің басты қасиеті, еңбекқор, табанды, іденімпаз еді, әрі өз ортасының лидері болды. Ол табанды болмаса Байкенже ауылы осыдан 20 жыл бұрын тарап кетер еді. Ол табанды болмаса «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-на тиесілі уран компанияларына ауылдағы әр отбасының 1-2 адамы жұмысқа орналаспас еді. Мұны әрбір ауыл тұрғыны дұрыс түсінеді деп ойлаймын.
Ауылдық округ әкімдері арасында өзінің турашылдығымен, үлкендігімен дараланып жүретін. Өзінің елді мекеніне қаралған қаржының ысырап болмауын басшылыққа алып, қадағалайтын. Тіпті керек жерінде басшыларға тіке сөйлеп, талап қоятын. Содан болар, Байкенже ауылдық округі аумағында жұмыс жасайтын кез келген компания басшылары онымен санасатын, оның ұсынысына жауапкершілікпен қарайтын.
Жоғарғы басшылық алдында оның өзге ауылдық округ әкімдеріне қарағанда беделі де, салмағы да басым, олардың алдында өзіндік көзқарасымен ерекшеленетін. Осыдан 13-14 жыл бұрынғы оқиға есіме түседі. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басшысы келіп Сырдарияға көпір салу мәселесі талқыланып жатқан-ды. Сонда Жұмекең ретін тауып Мұхтар Жәкішевке жолығады. Ол жұмысшыларды өзге өңірден емес, жергілікті жерден алуды сұрайды. Әкімнің уәжді сөзіне тоқтаған басқарма төрағасы кәсіпорын басшыларын шақырып алып: «Кәсіпорынға адам қабылдағанда ауыл әкімінің ұсынысы міндетті түрде ескерілетін болсын» деп тапсырма береді. Соның нәтижесінде округтегі әр отбасынан міндетті түрде кемі бір адамнан жұмысқа орналасып, «келешегі жоқ» санатына кірген ауыл өсіп-өркендейді.
Жұмаділланың өмірдегі басты жетістігі – ұл-қыздарына тәлімді тәрбие сіңіріп, білім алуына жағдай жасады. Құдай қосқан қосағы Қалдыгүл екеуі үш ұл, үш қыз өсіріп, олардан 23 немере сүйді. Тұңғыш ұлы Ермек №193 мектептің директоры. Ерболы мен Елдосы жеке кәсіпкер. Қыздары Құлпынай, Шолпан, Айкерім ұстаздық етеді. Бәрі әкенің аманатына адал, ісіне жауапкершілікпен қарайтын мамандар.
Мынау індеттен талай жайсаң жандардан айрылып қалдық. Алланың ісіне дауа бар ма? Өзім де қатты науқастанып, төсек тарттым. Осындай сәтте досымнан айырылып қалғанымды естімеппін де. Қаралы хабарды Жұман екеуміздің Қазалыдағы ортақ досымыз, университетте оқыған курстасы Гүлшара Хұсайнқызынан естіп, есеңгіреп қалғаным шындық. Жұманмен бірге университетте бірге білім алған досы Кішкенебай Жаппарбергенов те өзінің қайғы-мұның жеткізіп: «Адамның жақсы ісі халықтың игілігіне, қажетіне жарап жатса, оның арманының орындалғаны, халық сүйіспеншілігіне бөленгені деп түсінген жөн шығар» деп досының асыл қасиеттерін айтты.
Ал жақын досы Жұмабек Әліпбаев:
– Кім біліпті қайғы бұлтын торлаған,
Дүниеден бақи кеттің Жұманжан.
Өзегімді өртеп күнде өкініш,
Көкірегім шерге толып ойланам.
Қиналамын, қандай амал етемін,
Мен білмеймін сенсіз күндер өтерін.
Жаратқаннан жалбарынып сұранам,
Жаның нұрда, жұмақ болсын мекенің.
Қайғырып тұр достарың да, елің де
Лайықты едің əркез адал сезімге.
Маусым айы ерте кеттің қарамай,
Күздің күні қиналмасын дедің бе?
От басыңнан өрбіген ұл мен қызың,
Еді ғой аспандағы жұлдызың.
Тіршілік қой бұйырмаса қайтеміз,
Бірде қысқа бұл фәниің, бірде ұзын, деп еске алады.
Жұмекеңнің үшін ең үлкен марапат – Елбасының жылы лебізі жазылған «Алғыс хаты». Себебі Президенттің ауылдағы өкілі ретінде тыңдырымды тірлік атқарды. Ең бастысы, оның жарқы істері ауылдастарының есінде сақталатынында.
Хош, қазақтың азаматтығы бір биік, адамдығы бір биік, адалдығы бір биік асқар азаматы!
Ерубай ҚАЛДЫБЕК
ҚР мәдениет қайраткері,
Журналистер Одағының мүшесі