№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Атабаев көшті қалай тоқтатты?

Атабаев көшті қалай тоқтатты?

Биыл Түгіскен массивінің игеріле бастағанына 55 жыл толды. Сыр беткейге елді мекендерде тіршіліктің қалыптасуында Зұлпыхар Мұсаханов, Мұстахым Ықсанов, Жанғали Атабаев және т.б еңбегі зор. Әсіресе Жанғали Атабаевтың еңбегі әлі көз алдымда. Ол туралы қанша жазсаң да, айтсаң да жарасымды-ақ.
Тараз қаласынан келе жатып Атабаевтың кіші ұлы Мэлспен жолсерік болдық. Қазір «Байкен-U» ЖШС-да қызмет істейді екен. Шәй үстінде әкесі туралы мақала жазсам деген ойымды жеткіздім. «Таулар алыстаған сайын биіктей береді» дейді халық даналығында. Сол секілді Жұмағали Атабаевтың болмыс-бітімі алыстаған сайын биіктей береді. Ол біздің ауданда небары жеті-ақ жыл еңбек етсе де есімі елдің жадында қалды. Түгіскен алқабында бірінші болып кеңшар ашып, Түгіскен массивінің игерілуіне өзіндік қолтаңба қалдырды. Мэлс әңгімесін осы бағытта өрбітті.
Қазақ ССР-і Компартиясы Орталық Комитетінде Сырдария суын тиімді пайдалану, азық-түлік өнімдерін беретін дақылдардың бірі күріш шаруашылығын өркендету мәселесі күн тәртібіне қойылды. Сырдарияның сол жақ жағалауына гидрологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, канал сағасы белгіленді. Жетісай ауданындағы (Түркістан облысы) №17 мақта шаруашылығының жұмысын тиімді жүргізген Жұмекең Сыр өңіріне жіберіліп, «Түгіскен массивін игеруге» белсенді кіріседі.
Ол Келінтөбе кеңшарын басқарады. Іске бел шеше кіріскен ұйымдастырушы Түркімен ССР-де қалған 100-ға отбасыға жуық адайларды Келінтөбеге көшіріп әкеледі. Бұл 1964 жыл болатын. Кеңшар орталығы Қазақбайдан төрт шақырымдай жердегі Келінтөбе төбесінің оңтүстік батысында алғашқы киіз үйлер тігілді. Киіз үйлер жетпегені әскери палаткалар берілді. Қазіргі Мұсаханов каналы қазу жұмыстары қызған уақыт-тұғын. Екінші жағы жыңғыл, сексеуіл, шеңгелдер оталып, күріштікке жер тазартылып, айдалып, алғашқы күріш танабына дән тастауға даярланды. Оған қоса көшіп келгендерге жер телімдері беріліп, үй салу жұмысы басталды. Осы кезеңдері Жұмағалидың ұйымдастырушылық қабілеті барынша көрінді. Оның беделі халық арасында зор болды. Турашылдығы, ашықтығы көпті тәнті ететін. Оның қызмет көлігін жүргізген жүргізуші Рашит Садыровтың айтқаны әлі есімде.
– Жанғали аға тәулігіне 3-4 сағат ғана демалатын. Байқағаным дала еңбеккерлері оның әр сөзін зейінмен тыңдап, айтқанынан шығуға тырысатын. Бірде мынадай жағдай орын алды. Жанғали бірнеше күнге облысқа кетті.
Басшымыз қызметтен босап, басқа жаққа кетті деген әңгіме тарады. Мұны естіген Түркіменстаннан келген 100 үйлі ағайын көшпекші болып жүктерін жинастырып, көліктерге тией бастады. Мұны көрген кеңшар активі аудандық партия комитетіне хабарлайды. Аудан басшылары Мұсахановты жіберіп, Атабаев келгенше көшті тоқтатуды тапсырады. Атабаевты да дереу облыстан алдыртады. Жұмекең жүктерін көлікке тиеп дайын тұрған ағайынның қасына келіп, біршама үнсіз тұрды да, бұрылып келіп, қасыма отырды. Сосын «ауылға тарт» деді. Артына бұрылып қарамады да. Ауылдың шетіне ілінгеннен кейін көліктен түсіп арттағы машиналар келгенше күтіп тұрды. Бәрі жиналып болғанда Жәнғали аға оларға бұрылып қарап тұрып: «Менің сүйегім осында қойылады», деді де қайтып Жаңақорғанға кетті. Сонда байқағаным қарапайым халық оның бір ауыз сөзін сыйлап, қонысқа қайта жайғасып, еңбекке кірісіп кетті, – деп еді Рекең.
Келінтөбеліктердің жанқиярлық еңбегін көрген облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Мұстақым Білалұлы облыстағы 70 шаруашылықтың бір-бір техника: трактор, жүк көліктері, соқа мен тарма, комбайн алып берді. Өйткені сол жылы Келінтөбе кеңшарына министрлікке техникаға тапсырыс берілмеген еді. Үлкен магистралды канал жұмысы да бұл кездері әлі қолға алына қоймаған кез. Сондықтан аршылған жерге күріш егу үшін дарияның оңтайлы жеріне су айдайтын насос қою қажеттілігі туындады.
Орын алған қиындыққа байланысты ол облыстағы басшыларға өтініш айтып, насос алдырады. Оны Шырдабай деген жерге қойып, каналдар қазылып, күріш атыздарына аяқ су жеткізіледі. Тың жерге түскен күріш мол өнім берді.
1965 жылдан бастап Сырдарияның батыс бетіне күріш егетін кеңшарлар ашу кеңінен қолға алынды. Аштық пен қуғын сүргін жылдары көрші елдер мен Оңтүстік Қазақстан облысына көшіп кеткен ағайындарды туған елге қайтару жұмыстары қызу қолға алынды. Жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарының салдарынан «Задарья», «СОПК-ның ХХІІІ съезді», «СОПК-ның ХХІV съезді» атындағы, «Түгіскен», «Келінтөбе», «Өзгент» кеңшарларына 1500-ден астам отбасы көшіп келді. Бұл тұрғыда сол ашылған кеңшар директорлары мен елағаларының өлшеусіз еңбегін атап өту орынды.
– Ол кезде аудандық ветеринариялық станцияның бастығымын. Басшылық мені Келінтөбе кеңшарына уәкіл етіп бекітті. Менің міндетім кеңшар директорына көмек көрсету, диқандарға қажетті заттарды басшыларға баяндап, тауып беруге ықпал ету.
1968 жылы ерте көктем-тұғын. Күн әлі қоңыр салқын. Жұмағалидың қызметтік көлігімен канал жағалап келеміз. Жолшыбай бұзылған каналды бітеп жатқан күрішшілерді көрдік. Каналдың бұзылған жеріне ауыр техника баруы мүмкін емес екен. Төрт адам суда тұр. Алтауы олардың артына шым әкеліп тастауда. Су бой бермей жатыр. Жұмағали мұны көріп суға түсті. Еңбеккерлерді жігерлендіріп, қызу тірлікке араласып кетті. Бір сағаттан аса су ауыздықталып, канал қалпына келтірілді. Міне салқын суда сағаттап тұруы оның денсаулығына әсер етті. Қайран азамат-ай, өзі құрған кеңшардың шарықтаған кезін көруді армандаумен кетті, – деп Сүлекең Жұмағали туралы еске алған еді.
1965 жылы егіс көлемі 600 гектарға ұлғайды. 1966 жылы 800 гектар, 1967 жылы 1000 гектардан астам жерге күріш егілді. Отан қоймасына 100 мың центнер күріштің «Маржан» тұқымы құйылды.
Жанғали Атабаев кейіннен ашылған кеңшарлар директорларының ақылшысы әрі қамқоршысы бола білді. Аудан басшылары Шәймерден Бәкіров, Балтабай Ыбыраев, Рахия Құлжанова мен Зұлпыхар Мұсаханов іскер басшының еңбегін көпке үлгі ететін.
Алғашқы тұрғын үйлердің құрлысы аяқталып, Қазақбайдағы уақытша отырған елді кеңшардың жаңа орталығына көшіру басталды. Екі жыл ішінде 20 екі пәтерлік және 30 бір пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді.
Ол біресе құрылыс алаңында, біресе күріштікте, енді бірде малшылардың қасынан табылды. Тынымсыз еңбек, төгілген тер өз нәтижесін берді. 1967 жылдың 19 сәуірдегі КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумыының Жарлығымен «Ленин» орденімен марапатталды. Бұл кезеңдер Жанғали Атабаевтың нағыз толықсып кемеліне келген шағы еді. Бірақ денсаулығы сыр берді. Соңғы сәтке дейін аттан түспей қоғам байлығы үшін аянбай еңбек еткен азамат 1969 жылы қайтыс болды.
«Жақсының аты өлмейді» дейді халық даналығы. Келінтөбе халқы ардақты азаматының атына орталық көшенің есімін берді. Клуб үйіне кіре қалсаңыз Жұмағалидың үлкен портретін көресіз. Мұндай құрметті өзге ауылдардан көре алмайсыз. Бұл да Жұмекеңнің елге сіңірген еңбегінің өтеуі болар.
Жанғали Атабаевтың 100 жасқа толуы қарсаңында марқұмның ұлы Мэлс пен аудандық мәслихат депутаты Тұрдалы Қалдыбаевтың ұйымдастыруымен біршама шаралар өткізілді. Тұлғатану бағытындағы шаралар алдағы уақытта да өтетініне сенеміз.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК,
ҚР мәдениет қайраткері
28 қыркүйек 2019 ж. 741 0