№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

ТҰЛҒА ТӘЛІМІ


«Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді». Жазушы Мәлік Ғабдуллиннің осы ұлағаты Орынбасар Абибуллаев бағытталғандай. Расында, Орекең тұлғалық болмысымен шәкірттеріне, әріптестеріне әсер ететін. Ол ағалар аманатына адалдық танытып, №54 мектепте білім берудің негізі қалыптасуына еңбек етті.
Онымен таныстығым осыдан 54 жыл бұрын басталды. Нақтысын айтқанда, №3 мектеп-интернатта таныстық. Интернатқа Орекең төрт інісімен қабылданды. Үлкен інісі Әбжан (Әбілқайым) екеуміз бір сыныпта оқыдық, бір бөлмеде жаттық. Арада бір ай өткенде жиын өтті. Онда пионер-комсомол ұйымы құрылып, олардың басшылары сайланды. Сол кездің өзінде-ақ үздік үлгерімімен көзге түскен Орынбасар дружина советінің төрағасы сайланса, мен дружина туын ұстаушы болып белгілендім. Осы кезден оның ағалық бағыт-бағдарынан қамқорлықты, ізеттілікті сезіндім. Алғашында ағалы-інілі ретінде байланыссақ, кейін жекжаттық жағынан араластық.
Ол Келінтөбе ауылындағы №192 орта мектепте, кейін «Талап» кеңшары партия комитетінің хатшысы, 1992 жылдан әуелі №239 кейін №54 Жүсіп Қыдыров атындағы мектеп директоры қызметін атқарды.
Орекең редакцияға соғып, мектеп жаңалықтарын айтып тұратын. Бірақ, мынаны жазшы демейтін. Өйткені, тектінің ұрпағы-тұғын. Әкесі жағынан Асанбек, Бойраш бабалары елге қамқор азаматтар болса, анасы Хадиша Ғұбайдуллақызы Сырым батырдың шөбересі еді.
Бесарыққа барған сайын №54 мектепке соғатынмын. Сонда мектеп іші кішігірім ботаника бағындай болатын. Мектеп дәлізін айтпағанның өзінде, әрбір кабинетте гүлдің сан түрі самсап тұратын. Ал, қабырғаларға ілінген көрнекілік құралдардан (плакаттар мен стендлерден) өзіңе қажеттінің бәрін табасың. Әрине, бұл Орекеңнің талап-міндеттерінің нәтижесінен туындағаны белгілі...
Бірде Орекеңді аудандық аурухана алдында жолықтырдым. Науқастанып қалған шәкіртінің жағдайын білуге келіпті. Шәкірті үшін кәдімгідей толқып тұрды. Сонда мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу деген принципті ұстанған оның қарапайымдылығы пен кішіпейілдігіне таңқалған едім. Себебі, директорлар ауырған оқушысын іздеп бармайтыны түсінікті-ақ. Тіпті, сынып жетекшісі мұндай әрекет жасай бермейді. Орекең болса мектепте сабақ пен тәртіпке талапшыл болғанымен, жеке өмірінде жүрегіне мейірімділік ұялаған азамат еді.
Ол артына ерген інілеріне жоғарғы білім алуына және дұрыс мамандық таңдауға ықпал етті. Нәтижесінде Үмбеті график-суретші болды. Қазір облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығының директоры. Бақдәулет пен Алтынбек ғылым жолына бағдарланды.
Перзенттері де өмірден орнын тапты. Жансаясы жоғарғы білімді бухгалтер-экономист, Жазирасы ағылшын тілінің маманы. Дулаты белгілі журналист. Думан – дәрігер. Болат – құрылысшы. Кенжесі Парасат Қазақ Ұлттық аграрлық университетін бітіреді.
Жақында Орекең туралы жазылған «Тағдыры – тағылым, өмірі – өнеге» атты естелік кітап қолыма тиді. Дулатының жинақтауымен жарық көріпті. Кітапқа ел ағалары мен замандастарының, құда-жекжаттары мен шәкірттерінің, бауырлары мен ұл-қыздары және әріптестерінің естеліктері еніпті. Сондай естеліктің бірінде Парламент Мәжілісінің экс-депутаты Құттықожа Ыдырысов Орекеңнің елшілдік жұмыстарға елендеп, кездесулерде мектепке, ауылға қажетті атқарылар бастамаларды ортаға салып, азаматтық көзқарасын танытанын еске алыпты.
Расында, Орекең жеке басының мүддесінен қоғамның мүддесін биік қоятын, мемлекетшілдік идеясына адал қызмет еткен тұлға. Оның білім саласындағы ұйымдастырушылық жұмыстары бүгінгі мектеп басшыларына үлгі.
Иә, Орынбасар Абибуллаев білім беру ісінің білікті ұйымдастырушысы ретінде оқытушыларды да, оқушыларды да тұтастай жан-тәнімен, сана-сезімімен білімге, өнерге құлшындырып-қызықтырып, жігерлендіре білді. Оны әріптестері де, шәкірттері де мойындайды. Сондықтан, құрмет тұтып, ардақтайды...

Ерубай ҚАЛДЫБЕК.
22 мамыр 2018 ж. 1 379 0