№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

ҚҰРМЕТ БИІГІ


Елдің өркендеуіне мүдделі, ағайын-туыстың татулығына дәнекер тұлғаларды қадірлеп, дәріптеудің мән-маңызы зор. Жаңақорған топырағында тарихи тұлғалар көптеп тамыр тартқандықтан ба, мұндай шаралардың дәстүрі қалыптасқан. Төменарық клуб үйінде сондай игілікті шараға куә болдық. Нақтысын айтқанда, қоғам белсендісі Серік Мұсабайдың 70 жасқа толған мерейтойына игі жақсылар жиналып, ақ тілектерін ағытты.
Сонау ХІХ ғасырдың аяғында ХХ ғасырдың басынан бастап Төменарық елді мекені қалыптасып, даму жолына түсті. Түрксіб темір жолының бойында және Сырдария өзенінің сағасында орналасқан ауылдың географиялық орналасуы әлеуметтік тұрғыда дамуына өте тиімді. Бір кездері қала іспеттес тұрпатымен ерекшеленген Төменарық ұзақ жылдар бойы сол аймақтағы ауылдардың әкімшілік орталығы болды. Тіптен, ХХ ғасырдың 20 жылдары астанаға лайықты елді мекен ретінде ұсынылды. Тарихта өз орны бар Төменарықтың топырағынан нәр алған тұлғалар мемлекеттіліктің қалыптасуына қызмет етті. Сол азаматтардың мұратын жалғап жүрген азаматтың бірі – Серік Мұсабай. Оның Төменарық аймағында «Нұр Отан» партиясының бастауыш ұйымын құрғанда азаматтық белсенділігі көрінді. Әсіресе, Президент сайлауы кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлау штабын басқарып, іскерлігін көрсете білді. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Мәжит Балқожаев мерейтой иесінің осындай қабілет-қарымын айтып, мерейін тасытты. Әрі партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев пен аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бақытжан Айтбембеттің «Алғыс хатын» тапсырды.
Одан кейін аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимов парасатты педагог жайлы сөз еткенде, оның шыншылдыққа, әділдікке, турашылдыққа, адалдыққа ұмтылған қасиеттерін айтқан абзал екендігін, әрі осындай ұстанымдары оның қай салада болмасын абыройын асыратынын айтты.
Ұстаздың шәкірттері кәсіби медиатор Ақылбек Жәнібеков пен «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Нұрлат Байгенже оның ұстаздық тәлімінен ақиқатты тануды үйренгендерін және ұстаздық жолына терең үңілгендер тәлімгерлерінің «адам болуды», «адал болуды» үйреткенін, үндегенін танитынын сөз етті.
Ал, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының басшысы Ізәтілла Нәрзілдаев замандасының қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысатынының сырымен бөлісті.
– Өзінің айшықты ойы, кемел көзқарасы бар Серік Абыдынұлы елдің дамуына мүдделі. Осындай азаматтық міндет оны алға жетелеп келеді. Сондықтан, мінберлерде ағалық ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беріп жүреді, – деді Ізәтілла Нәрзілдаұлы.
Серік Мұсабаев 1970-1971 жылдары №53 Романов атындағы мектепте технология пәнінің мұғалімі, комсомол ұйымының хатшысы қызметін атқарды. 1974-1986 жылдары Төменарық ауылдық кеңесінің жауапты хатшысы, 4-рет ауыл кеңесінің депутаты атынды. 1986 жылы №70 Горняк орыс мектебінде, одан кейін (екі мектеп біріккеннен кейін) №53 мектепте психолог болды. Бүгінде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының Саяси кеңесінің мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүр. Әділдікке, туралыққа жаны құмар ұстаз тәлімгерлеріне адал болуды үйретті. Сондықтан мектепте бірнеше рет «Әділ мұғалім» номинациясына лайықты танылды. Білім министрінің, облыс және аудан әкімінің «Алғыс хаттары» мен грамоталарын алды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбавтың «Алғыс хаты» да бірнеше рет табысталды.
Ұстаздың тәлімін көрген Ақмарал Ергешбаева да сахна төрінде алғаусыз тілегін ақтарды. Сондай-ақ, ауыл ақсақалдарының атынан Темірбек Құтжанов, Нұргүл Жұмашова мен Айсұлу Пазылова қоғам белсендісінің ауылдағы өзекті мәселелерді шешудегі батылдығын сөзге тиек етті.
Маңызды шарада мерейтой иесінің немересі Нұрсайлау Серік «Атама» деген тырнақалды өлеңін арнап, елдің алғысын алды.
Таным-түсінігі терең, парасат-пайымы өрісті Серік Мұсабай жерлестерінің ыстық ықыласын сезініп, тебірене сөз сөйледі.
– Өздеріңіз айтқандай, ел үшін еңбек еттік. Туған ауылдың түтіні түзу ұшуына, тұрғындардың шаттыққа кеңелуіне жол аштым. Әділеттің туын көтеріп, ащы болса да шындықты айттық. 70 жасқа келгенде абыройымды асырып, елге есеп беретін кездесудің өтуіне ұйытқы болған ауылдық округтің әкімдігіне алғысым шексіз. Аудан әкімі Ғалым Әміреевтің халықшыл істеріне тәнтімін әрі ризамын, – деді құрмет биігіне шыққан мерейтой иесі.

Мақпал МАРҚАБАЙ.
07 сәуір 2018 ж. 1 425 0