» » Ауызсуды қалай үйге кіргізеді?

Ауызсуды қалай үйге кіргізеді?

Кент ішін орталықтандырған ауыз сумен қатамасыз ету үшін 3 кезең бойынша су жүйесін жаңғырту ісі қолға алынды. Бірақ үміт ақталмады. Ендігі үміт 4 этапта-тұғын. 4 млрд теңге құрайтын жоба бойынша көше-көшеге су құбыры жүргізілді. Алайда үй-үйге кіргізілмеді. Мұның ендігі ендігі шешімі жөнінде оны сала мамандарымен тілдескен едік.
Осыған дейін талай мақалаға арқау болып, тұрғындар тарапынан сынға ұшыраған су мәселесіне көңілі толмайтындар көп болды. Әлі де әлеуметтік желі арқылы осы мәселе талқыға түсуде. Жұрт үш жылға созылған құрылысқа биыл нүкте қойылатынына сенеді. Себебі аудан әкімі Сұлтан Мақашов есепті кездесуінде біржақты ететінін айтқан еді.

– «Жиделі» топтық су құбырынан келетін кентішілік ауыз су желісі барлық көше бойына тартылды. Ендігі үй ішіне дейін құбырды жеткізу жұмысы қалды. Кенттің үй іргелеріне су жеткізу жобасы бойынша, сервистік су желісі қызыл сызыққа дейін қаралған, ал жеке меншіктегі жер учаскесі тұтынушының шығыны болып есептеледі. Дегенмен, аудан әкімінің өтінішімен мердігер «ҚазҚұрылыс Сервис» ЖШС мекеме құбырды әр үйдің ауласына кіргізіп бермек. 1.60 метр тереңдікте 15-20 метрге дейін қазып, құбырын салып береді. Тек тұрғындар басы-қасында болып, су орнататын жерді өздері белгілеп берсе болғаны. Кейбір үйлерде фундамент болса, енді бірінде қора-жайдың шатыры трактордың қазуына кедергі келтіруде, – деді аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зейнолла Әшірбеков.

Үнемі «Facebook» әлеуметтік же­лісі арқылы халықпен байланысып отыратын аудан әкімі Сұлтан Мақашов та бір жазбасында тұрғындар мүмкіндігі болса фундамент астын қазып, кіргізетін жерлерін әзірлеп берсе, су есептегіш үйге орнату керек деген еді. Су есептегішті жобада бар, оған да шығын шығармайсыз. Айтпақшы, бұл жұмыстар әзірге кенттің бас көшесі Хорасан ата мен А.Иманов көшесіне жүргізіледі. Содан кейін қалған көшелер рет-ретімен жүзеге асады.
– Әзірге екі трактор мен 10 адам үй іргесіне дейін су кіргізумен айналысуда. Қазірдің өзінде 60-тан астам үйге су кіргізіп үлгердік. Жақын күндері тағы да 3 трактор мен қосымша бригада келеді. Негізі бұл жұмысты наурызда бастауымыз керек еді. Төтенше жағдайға байланысты екі ай кешігіп бастадық. Әлі де облыс орталығынан ауданға кіруге кедергі көп. Жыл соңына дейін кенттегі 5475 үйге су кіргізу жоспарда бар. Тағы да айтамыз, егер су кіргізетін аула іші бетондалған немесе басқа да жағдаймен трактор қаза алмайтындай болса, онда оны өздеріңіз қазып қойсаңыздар болады. Сосын құбыр мен су есептегішті мекеме қызметкерлері орнатып кетеді.
– Неге жұмысты аталған көше­ден бастадыңыздар?
– Себебі, қос көше бойын қайтадан асфальттау жұмысы жүргізіледі. Әрі тротуар салынады. Одан бөлек 29 көшеге орташа жөндеу жұмысы жүргізіледі. Сондықтан мүмкіндігінше тездетіп қазу жұмысын аяқтауымыз керек. Шыны керек, жер астындағы байланыс торабының, газдың «ТУСМ-11» сынды мекемелердің сым және құбырлары біздің жұмысқа көп кедергі келтіруде. Кейде жұмыстың бәсеңдеп қалуының себебі аталмыш мекеме қызметкерлерінің шешімін күтеміз. Олар зерделеу жұмысын жүргізіп, анық-қанығын айтып береді. Жалпы жұмыс осындай, – деді З.Әшірбеков.
Мән-жайға толық қанық болғаннан кейін, «ҚазҚұрылыс Сервис» ЖШС мекемесінің жұмысын бақылап көрдік. Учаске бастығы Райымбек Нұрмаханов: «Аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлымен бірігіп, жобадан тыс әр үйге су құбырын орнатып беруді жоспарлап отырмыз. Жыл соңына дейін бітіруге тырысамыз. Шыны керек жол бойында кедергілер өте көп. Сондықтан тұрғындар түсіністікпен қараса дейміз» – дейді ол.
Ал тұрғындар не дейді? ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі ел ағасы Абибулла Әжібеков тұрғындар атынан әзірге мердігер мекеменің жұмысына көңілі толатынын жеткізді. Алайда жұмыстың сапалы жүргізілуіне бақылау тоқтатылмауы керек дейді. Тек құзырлы орган ғана емес, әр жаңақорғандық осы іске үлес қосуы тиістігін жеткізді. «Nur Otan» партиясы аудандық филиалындағы партиялық бақылау кеңесі жанынан құрылған жұмысшы топ мүшесі, аудан әкімінің кеңесшісі Серқожа Ыдырысов та осында екен. Осыған дейін бас партияның жұмысшы тобы, құрамында Мәжит Балқожаев, Алшынбай Тұртанов, Ерубай Қалдыбек, Серқожа Ыдырысов және Ақбота Сыздықова бар топ бақылау жұмысын жүргізіп, кем-кетігін мердігер мекеме басшысына жолдаған.
Мәселен, су құбыры асфальт төселген көшені кесіп өтуі қажет болған жағдайда, жолды экскаватормен қазып өтпей, құбырды асфальт төсеніштің ең төменгі деңгейіндегі топырақты тесіп өту мердігер мекемеге тиімді екені ескертілген. Яғни көшенің бір жерінен құбыр өткізу небәрі 20-30 мың теңгені құрайды деп есептелінген. Бұл партия жанындағы бақылаушы топтың аудан әкімі Адай Салыбековке жолдаған хаттан үзінді.

Бұл түсінікті болды. Ал уақыт оздырмай өз күшімен қосып алуға ниетті тұрғындар қандай құжат дайын­дайды және қанша қаражат жұмсайды. Бұл жөнінде 2019 жылдың соңында Қазсушар» РМК-ның «Арал» СЖКБД филиалы басшысы Ғани Шерниязов мәлім еткен болатын.
– Су жүйесіне қосылу үшін алдымен құжатын, техникалық штатын алу ке­рек. Ең алдымен мән-жайды толық түсініп алу үшін 24-8-32 телефон нөміріне хабарласып, нақты мәліметті біліңіз. Ал кіргізу құнына келетін болсақ, мекеме күшімен жалғанатын тұтынушылар үшін көрсетілетін қызмет түрі мен қызмет ақысы жеке тұлғалар үшін – 5574 теңге болса, заңды тұлғалар үшін – 7226 теңгені құрайды. Ал үйіңізге құбыр жүргізу үшін мекеме қызметкерінің эксковаторын пайдалану ақысы метріне – 600 теңге, заңды тұлғаларға – 672 теңге болады. Бір құдықтан төрт су тарайтын нүкте болса онда тұрғындар бірігіп қазу жұмысына білек сыбана кірісуге де болады. Бірақ құбырды өзіңіз сатып аласыз, – деді сала мекеме басшысы.
Оның айтуынша 2020 жылы Жаңақорған кенті ауыз су жүйесін толық іске қосуға 574 млн теңгенің 120 млн теңгесі беріледі. Былтыр жаңа су жүйесіне қосылған тұрғындар да кентте жетерлік. Солардың қатарында кәсіпкер Роза Бейсенбекова да бар.
– Былтырдан бері су беріліп, жағ­дайымыз жақсарды. Шыны керек бұрындары сатып алатынбыз. Енді дұрыс болды, су үйге кіріп тұр. Кіргізу құны да көпке түспеді. Керек кезінде кранды ашып ала қоямыз. Судың сапасы да жақсы. Ақиқатында елімізде сапалы ауыз суға жарымай отырған елді-мекендер көп. Өзімізде солардың тізімінде болғанбыз, енді міне таза судың рахатын көрудеміз. Бұл мемлекеттік бағдарламаның ар­қа­сы. Осындай бағдарламалардың арқасында көптеген елді-мекендерге, әсіресе шалғайдағы ауылдарға да су тартылып, халық сапалы ауыз судың игілігін көре бастады. Көптің атынан алғыс білдіреміз, – деді қуанышын жасыра алмай.
Енді түсінікті болған болар, «қыры­ғына шыдадық, енді қырық біріне шыдасақ» болғаны. Өзіңіз құбырды үйге кіргізіп әуре болмаңыз, егер ол заңсыз болса айыппұл арқалайсыз. Сондықтан әліптің артын бағайық. Мекеме мойнына алды бітіреді, тек оның сапалы жүргізілуіне бақылау жүргізсек болды. Қалғанына әкімдік жауап береді. Өйткені мұндай мүмкіндік енді жақын елу жылдықта да келе қоймас. Сондықтан сапаға мән берейік...
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ,
Ерлан АБДРАСИЛОВ.

20 мамыр 2020 ж. 929 0