№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тазалық бірінші орында

Тазалық бірінші орында


Сенбі күні аудан әкімінің тапсырмасына сай халықтық сенбілік өтті. Мекеме қызметкерлерінің ісіне кейбір көшенің тұрғындары дем берсе, көпшілік бірауыздан жұмылатын игі іске кенттегі көп көшенің тұрғыны терезеден сығалап отырды. Жалпы халықтық сенбілік барысында кенттегі 132 көшенің 10-ға жуығы ғана тазалыққа, көркейту-көгалдандыру ісіне мән беретінін аңғардық.

Ашығын айтқанда, бізде тазалық үлкен мәселеге айналды. 2019 жылы аудан әкімі Сұлтан Мақашов Жаңақорған кентін аралау барысында әр жерде шашылған тұрмыстық қатты заттарды көріп, шұғыл тазалық жұмысын қолға алуды тапсырды. Содан бері тазалық ісі күн тәртібінен түспей, кент аумағын «Нұр-Шах» кәсіпорны мен «Тазалық» ЖШС теңдей бөліп, көше бойына шығарылған күл-қоқысты ақылы тасу ісі жолға қойылды. Бірақ кент тазарып кетті дей алмаймыз. Бұған тұрғындардың тазалық мәдениетінің төмен болуы әсер ететіндей. Болмаса өзі тұратын жерге ішкен-жегенін лақтырып кету адамдыққа жатады ма? Бізге осы жағы түсініксіз...
14 наурызда өткізілген сенбілікке 15 техника, 400-ге жуық адам жұмылдырылып, 1 тонна қоқыс шығарылды. Тазалық ісіне мән берген ұстаздардың белсенділігін айтып кету орынды болар. Олар қоқыстан көз ашпайтын Саяжай аумағын мұнтаздай таза етті. Серқожа Ыдырысов пен Болат Ибрагимов бастаған белсенді топта 250-дей азамат шықты. Сегіз техника жұмыс жасады.
– Шыны керек, саяжайлықтардың тазалыққа деген мәдениеті әлі қалыптаса қойған жоқ. Біз ай сайын, керек болса апта сайын тазалық жұмысын жасап беруге дайынбыз. Бірақ тұрғындарда намыс, ұят деген болмаса, істің бәрі бекер секілді. Бүгін тазалаған жер ертең күл-қоқысқа толып жатады. Бұл ойлантатын мәселе, – деді №169 Н.Илялетдинов атындағы білім ошағының директоры Алдаберген Ахметов.
Оныкі жөн сөз. Бізде тазалық мәдениеті жоғары емес. Алтыкрант, Алтынсарин аумағының тұрғындарына тазалыққа жауапты мамандар ренішін жиі білдіреді. Өйткені ондағы тұрғындар «қоқысты мекеме қызметкерлері тазалауы тиіс» деген ұстанымды ұстанады. Тұрғылықты мекенінің тазалығына жанашырлық танытпаса, тазалық қайдан сақталады. Осыны ұғыну үшін көп ақыл қажет емес-ау, сірә!
– Қазір тазалық мәселесіне қатты мән беріп, жүйелі жұмыс жүргізудеміз. Бірақ Жаңақорған кенті тазарып кетті дей алмаймыз. Бұған тұрғындар жауапкершілікпен қарамай іс оңалмайды. Ендігі уақытта екі рет ескерту береміз. Талаптар орындалмаған жағдайда айыппұл өндіруге тура келеді. Оның көлемі ӘҚК-нің 434 бап, 2-тармағы бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни 25 мың теңге болып белгіленді. Қазір жұмыс қарқынды жүруде, Алтыкрантты жөнге келтірудің жолын табудамыз, бірақ Алтынсарин тұрғындарымен тіл табысу қиын болып тұр. Әрине көпке топырақ шашуға болмайды, әйткенмен, бірдің кесірі мыңға тиіп отырған жағдайлар бар, – деді «Тазалық» ЖШС директоры Мұхамеджан Рүстемов.
Аудан әкімінің өкімімен наурыз-мамыр айы көктемгі көркейту-көгалдандыру және тазалық айлығы деп жарияланды. Сенбі күнгі тазалыққа мекеме қызметкерлері жаппай атсалысты. Енді әр көшенің тұрғыны тазалыққа өздері жауапты болады. Ең болмағанда, өз үйінің айналасын артық күл-қоқыстан тазартып, ауласына көшет отырғызып, тазалау ісіне мән беруі тиіс. Әсіресе кәсіпкерлер бизнес субъектілерін және оның айналысын таза ұстауы міндет.
Айтпақшы, 14-наурыз көрісу күні, сондықтан шұғылалы көктемнің шуақты күнінде кенттегі кейбір көше тұрғындары ортақ іске ұйысып, ұлағатты тірлікке талап қылғанын көрдік. Алдан Аюпов көшесі (көше комитеті төрағасы Әбибуллаев Үмбетәлі), Садықбек Сапарбеков көшесі (Тасболат Төребаев), Тілеу Тотаев көшесі (Жақсылық Тасболатов) және Арасат Фейзулдаев көшесінің (Мәди Мырзахметов) тұрғындары ұйымшылдық танытып, көшет егу жұмысын жүргізді. Тотаев көшесін үлгі ететін едік, енді «Үлгілі көше» қатарынан саналуға ниеттілер көбейе бастады. Осы аталған көшенің тұрғындары көп болып бірігіп, сенбілікке шығып, көше аумағын тазалап шықты. Кент әкімдігі техникамен көмектесуді ұйғарды. Олар ортақ іске ұйымдасу арқылы озатынын ісімен дәлелді.
– Біз өзімізді өзіміз құрметтемесек, біздің қасиетіміз, қазақылығымыз қайда қалғаны?! Көптен естіп, газет беттерінен оқып жатамыз, тазалыққа салғырт қарайтындар өте көп. Қазақтың ұлттық кодында тазалыққа деген ерекше құрмет болғанын байқауға болады. Иә табиғат аясында өмір-салтын құрған ұлтымыз ағашты бей-жай сындыруға сақтықпен қарап, «Бір тал кессең, он тал ек…» дегенді ұлағаттады. Бізге осыны жастардың бойына сіңіру міндет. Ол үшін өзіміз бастамашыл болуымыз керек, – деді Үмбетәлі ағамыз.
Әлем елдерінің тазалық мәселесіне тоқталсақ. Біз озық отыздыққа енудің жолында келеміз. Сондықтан дамыған елдердің озық тәжірибелерімен бөлісу өте орынды. Бұған дейін Жапония, Сингапур, Финляндия, Дания сынды елдердің тазалықты сақтаудағы тәжірибесін жаздық. Бұл жолы Швецияға тоқталсақ. Әлем бойынша Швеция қоқыстарды қайта өңдеуден көш бастайды. Бұл елде қалдықтың 99 проценті қайта өңдеуден өтеді. Мұнда да біздегідей қоқыс жәшіктері бар. Тек тұрғындар әр қоқысты орны орнымен тастайды, екіншіден, зауыттары қоқыстарды қайта өңдеуді табысқа кенелуде. Бізде де мұндай шағын зауыттар бар, бірақ көп емес. Кенттегі «Нұр-Шах» мекемесі шыны ыдыс, оның ішінде бөтелке, қағаз, пластикалық ыдыстар, қойдың жүнін қабылдап, экспорттауда.
Күн жылынды, енді жаңақорған­дықтардың дария жағалайтыны белгілі. Онсызда өзен жағасы қоқыстан көрінбейді, осыған шамалы бақылау болса дейді көпшілік. Тағы бір мысал, Оңтүстік Азия құрлығында орналасқан Сеулден 60 шақырым жерде орналасқан Сонгдо шаһарын шын мәнінде «болашақтың қаласы» деп атауға болады. Бұл жаңадан тұрғызылған қала. Мұнда таңертеңнен қоқыс шығаратын көліктер есік алдына келмейді. Барлық жұмыс жер асты жолдары немесе құбырлары арқылы жүзеге асады. Жаңа технологияның арқасында пәтерде тұрған тамақ қалдықтарын жер астындағы пневматикалық жүйе арқылы сорып алады. Сонан соң ол қоқыстар сұрыпталып, арнайы құбыр арқылы зауыттарға жіберіледі. Бізге мұндай технология жақын онжылдықта келе қоймас, сондықтан барға қанағат етіп, мейлінше қазақы қасиетімізді жоғалтпайық. Бізге өзбек ағайынның қарекетінен үлгі алу керек. Өзбекстанға сапарлап қайтқандар тазалығы мен жасыл аймақтарын ерекше сөз етеді.
Ашығын айтқанда, тазалық даму көрсеткіштерін сараптайтын критерийдің бірі. Сондықтан тазалық бірінші орында болуы тиіс.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ

18 наурыз 2020 ж. 656 0