№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚАРҒЫН СУҒА ҚАНШАЛЫҚТЫ ДАЙЫНБЫЗ?

ҚАРҒЫН СУҒА ҚАНШАЛЫҚТЫ ДАЙЫНБЫЗ?

Жыл сайын ақпан айының соңғы күндері Сыр өңіріндегі аудандар мен дария бойындағы елді мекендер төтенше жағдайға дайындығын күшейтеді. Өйткені қалың қардан еріген су арнасынан тасып, халықты әбігерге салады. Өткен аптада Арал ауданындағы Сырдария бойына жағалай қоныстанған ауылдар қарғын судан қауіпсіз аймаққа көшірілген. Сондықтан республика көлемінде қарғын суға тосқауылды күшейту мақсатында оқу-жаттығу шаралары пысықталды. Жаңақорғанда дария бойы ғана емес, таудан келетін судан да қауіп бар. Осы мақсатта апта ағымында «Көктем-2020»  республикалық командалық-штабтық  оқу-жаттығу iс-шарасы өтті.
45 млн 360 мың теңге. Бұл 2020 жылға жергілікті бюджет қорынан төтенше жағдайдың, оның ішінде қарқын суға төтеп беру, алдын-алу шараларына бөлінген қаражат көлемі. Одан бөлек, аудандық резервтік қорда 5000 дана қап, 850 дана қада, 100 дана күрек, 2 тонна (4-5) сым, 250 дана қарабура, 250 тонна қой тастар, 2500 дана қамыс бумалары мен 300 пресс сабан жинақталған екен. Сонымен көп ұзамай дайындық жұмысы басталды.
Алдымен аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков бастаған топ кенттегі Құрманғазы көшесінің бойында орналасқан авариялық-құтқару құрамаларының саптық дайындығын көрді.
– Жаңақорған ауданы бойынша су тасқыны кезінде жедел әрекет ету күш, құралдарынан 16 құрылымда 215 адам, 62 техника қатысуда. Сырдария өзенімен су қоймаларынан су басу қауіпі бар учаскелерден тұрғындармен жануарларды көшіру үшін 12 эвакуациялық жинақтау, 12 эвакуациялық қабылдау бекеттерінің орындары нақтыланды. Жалпы дайындық жұмысы қатаң бақылауда, күнделікті Сырдария өзені және су қоймалары бойынша жоғарыдан келген судың деңгейі бойынша мәліметтер жинақталып, мониторинг жұмыстары жүргізілуде, – деді төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Берікбай Омаров.
Оқу-жаттығу «2020 жылғы су тасқыны кезеңі жағдайларындағы төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға Азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесін басқару органдарын, күштері мен құралдарын дайындау» тақырыбында өтті. Мақсат – ақпараттандыру және байланыс жүйелерінің әзірлігін тексеру, азаматтық қорғаудың барлық деңгейлерінде жедел кезекшілікті, болжау жұмысы мен диспетчерлік қызметті, мониторинг жүргізуді ұйымдастыру, материалдық-техникалық қор, азық-түлік пен медициналық резервтері нақтылауға бағытталды.
Саптық қараудан соң №2 оқу орынға бет алдық. Жаңақорған кентінің күн батыс жақ бетінде су басу қаупін алдын алу жұмыстары пысықталды. Бұл оқу-жаттығуға 9 құрылым, 64 адам, 13 техника қатыстырылды. Бүгінгі таңда Шардара су қоймасынан дарияға секундына 400 текше метр су келсе, оның 300-і Көксарай контр реттегішіне кетеді.
– Қазіргі уақытта Сырдария өзенінен келер қауіп жоқ. Алайда біз дайындықты пысықтап, кез келген жағдайға әзір отыруымыз қажет. Ауданның материалдық-техникалық қорында 10 тонна «Аи-92» маркалы бензин, 10 тонна дизель жанармайы жасақталды. Сондай-ақ, қосымша майдың қажетті мөлшерін алуға жеке кәсіпкер «Жаңақорған Ойл» басшысымен, ал төтенше жағдайлар зардабын жою кезінде жылжымалы азық-түлік қор мен құрылыс жабдықтары, сондай-ақ халықты киім-кешекпен қамтамасыз ету жөнінде жеке кәсіпкерлер және сауда орындарымен келісім шарттар жасалған, – деді аумақтық қорғаныс және төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Шерхан Ашимов.
Келесі күні №3 оқу орнында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолын су басу қаупі төнгенде басқару органдарының, авариялық құтқару күштері мен құралдарының іс-қимылы тақырыбы бойынша оқу жаттығу өткізілді. Таудан келген қарғын судың алдын алуға бағытталған. Оқу-жаттығуға 12 құрылымда 74 адам, 17 техника қатыстырылды. Айта кетейік, қазір «Ақүйік-Жігерлім қарғын су қашыртқысы» бойынша Ақүйіктен бастау алатын арна Жайылмаға дейін қазылады. Яғни таудан келген қарқын су Ақүйіктен басталып, Құттықожа, Шалқия және Жаңақорған кентін кесіп өтіп Жайылмадағы Шартабай каналының төмен жағына келіп құяды. Одан әрі дарияға су жөнелтіледі. Құны 318 миллион теңге болатын жобаны «КазСервис» ЖШС қолға алып, қазір Жаңақорған кентіне жақындапты.
Одан кейін, Көктөбе ауылының тұрғындарын көшіру мақсатында №89 жалпы орта мектебінің базасындағы №2 эвакуациялық жинақтау пункті мен Қандөз ауылында орналасқан №240 жалпы орта мектебі базасындағы №5 эвакуациялық қабылдау пунктерінің дайындығы пысықталды. Эвакуациялық жинақтау пунктінен эвакуациялық қабылдау пунктіне адамдарды жеткізу үшін, адам тасуға арналған 10 автокөлік, 10 жүк көлігі дайындалып, жаяу жүру маршруттары айқындалған.        
Екі күнге созылған дайындық жұмысынан түйгеніміз, қауырт жағдайға қаржы жеткілікті, техника, азық-түлік, басқа да қажеттіліктер, қызметтік құрам сақадай сай. Әйтсе де табиғи апаттың бетін әрі қылғай деген жарқын тілек бәрінен басым.
Әлібек ТЕМІРБЕК
01 наурыз 2020 ж. 712 0