» » Қарғын суға дайынсын ба, ағайын?

Қарғын суға дайынсын ба, ағайын?


Сырдария өзені қыста кемеліне келіп, тұрғындарды әбігерге салып тұратыны бар. Ал Қаратауда қар қалың түскен жылдары түні ұйқымыз төрт бөлінетін кездер болады. Биылғы қыс жаңбырлы, қарлы болып тұр. Яғни қарғын судан келетін қауіпті ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан қыстың алғашқы айында өзен суы қандай деңгейде екенін анықтап, таудың суына дайындық қалай екенін бір пысықтап алдық.


Алдымен аудан әкімдігі жанындағы төтенше жағдайлар бөлімінің бас инспекторы Шерхан Ашимовты әңгімеге тарттық.
– Қазіргі кезде судан келер қауіп жоқ. Аудан бойынша Сырдария өзініне тиесілі сегіз бөгет бақылауға алынып, күн-түн күзетте тұр. Дарияның төменгі ағысында мұз қатты. Мәселен, Арал ауданында Сырдария өзеніндегі мұздың қалыңдығы 15-20 сантиметрді құрады. Ал Жаңақорған ауданы көлемінде өзенінде мұз қатпады. Сондықтан алаңдайтын мәселе жоқ. Бірақ тауға қар қалың түскендіктен, қарғын судың алдын алу мақсатында дайындық жұмыстарын күшейтудеміз, – деді инспектор.
Жаңақорған ауданы аумағында 2019-2020 жылдары қыс-көктем кезеңіндегі Сырдария өзенімен келетін мол суды қауіпсіз өткізуге дайындық жұмыстары қызу жүруде. Өйткені жылдағыға қарағанда қар қалың түсті. Дайындық жұмыстарын жүзеге асыруға арналған іс-шаралар жоспары аудан әкімінің орынбасары Адай Салыбековпен бекітіліп, жоспар аясында тиісті жұмыстар атқарылуда екен. Мәселен, елді мекендерге қауіп төнген жағдайда дария бойындағы судың деңгейін түсіру мақсатында су таратушы каналдар арқылы су жіберу жайы пысықталды. Сондай-ақ мекемелердің қатысуымен арнайы оқу-жаттығуларын ұйымдастыру, тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Мамандардың сөзінше, Жаңақорған ауданы аумағынан Сырдария өзенінің 215 шақырымы ағып өтеді. Қазіргі таңда Сырдария өзені арқылы секундына 450 текше метр су түсуде, су 3,6 градус жылы. Сырдария өзенінен өз бастауын алатын 5 магистралдық канал бар. Олар – Келінтөбе, Сумағар, Тайпақкөл, Күркіреуік және Сунақата.
Сырдария өзенінің жағалауында 8 қауіпті аймақ бар. Көктөбе, Қалғансыр, Қауық, Қожакент, Өзгент, Жаңақорған кентінің күн батыс жақ бөлігі, Байкенже, Төменарық ауылдық округінің күнбатыс жақ бөлігі. Қауіпті аймақта 3227 тұрғын үй және 22 739 халық тұрады. Сала мамандары дариядағы суды күнделікті бақылауға алған.
– Дария бойында жалпы ұзындығы 50 919 шақырымды құрайтын қорғаныс бөгеті болса, қазіргі таңда қорғаныс бөгеттерінің жағдайы қанағаттанарлық деңгейде. Әрбір қауіпті аймаққа 8 әкімшілік пен 8 мекеме қызметкері бекітілген. Төтенше жағдайлар кезінде жауапты мекемелер тарапынан 125 адам мен 21 арнайы және 40 жүк көлігі тартылатын болады. Сонымен қатар төтенше жағдайларда халықты қабылдау және жинақтау орындары дайындыққа келтірілген. Ауданның қыс айларындағы төтенше жағдайлардың алдын алуға дайындығы 2019 жылдың 5-6 қарашасы аралығында «Қыс-2019» республикалық командалық штабтық оқу-жаттығу кезінде тексерілді. Қазіргі таңда қауіпті аймақтарда 3000 дана қап және қажетті инертті материалдардың қоры жасақталған, – деді төтенше жағдайлар бөлімінің бас инженері Елжан Шегебаев.
Қазір азаматтық қорғау гарнизонының қызметкерлерімен қауіпті аймақтың тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Аудан көлемінде орналасқан 6 су қоймасының әзірге екеуінде су жоқ. Олар 1,8 млн текше метр суды сыйдыра алатын «Манап» пен «Көлтоған» су қоймасы. Ал «Жиделіде» 1 480 000, «Бесарық» су қоймасында 5 400 000, «Қырашта» 800 000 және «Шалқия Цинк» ЖШС су қоймасында 1 000 000 текше метр су бар. Аталған су қоймаларының техникалық жағдайлары қазіргі таңда қанағаттанарлық деңгейде, дейді мамандар.
Қауіпті аймақ саналатын Ақүйік ауылдық округінің әкімі Әскер Мұсаевтан мән-жайды сұрағанда: «Тауға қар қалың түскені рас. Бірақ әзірге қауіп жоқ. Қазір алдын-алу шараларын ұйымдастырып, табиғаттың тосын мінезіне төтеп беруге дайындық жасаудамыз» – деді.
2016 жылы таудан ентелей аққан ағын суға төтеп беруде Ақүйік өзенінің ескі арнасын қолданған еді. Сол кезде Құттықожа жанынан өтетін «Жаңғызағаш» ойпатындағы Ақүйік өзенінің ескі арнасымен суды жіберіп, тасқын судың алдын алған еді. Қазір «Жаңғызағаш» су арнасын күшейтіп, қомдау жұмыстарын жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттары дайындалуда екен. Сондай-ақ, қыс-көктем айларындағы мол суды қабылдауға байланысты «Ақүйік» өзені мен «Көлтоған» су қоймасының әлсіз жерлерін күшейту жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, «Бесарық» пен «Жиделі» су қоймасы Қызылорда су шаруашылығының, «Көлтоған» мен «Қыраш» су қоймасы «Табиғат» МКҚК-ның, «Шалхия» су қоймасы «Шалхия Цинк ЛТД» ЖШС-нің теңгерімінде. Манапта орналасқан су қоймасы ауылдық округ әкімі аппаратының теңгерімінде. Барлық су қоймасына жауапты мекемелер тарапынан бақылауға алынған. Қазір су қоймаларының маңында орналасқан елді мекендерде 1328 тұрғын үй, 8631 халық тұрады.
Иә, апат айтып келмейді. Сондықтан «Сақтансаң сақтайды» дегенді ұмытпаған жөн. Біз өз кезегінде табиғаттың тосын мінезіне тосырқап қалмау үшін, су тасқыны қаупінен қорғанудың қамын зерделеп көрдік. Сырдан қауіп жоқ болғанымен таудағы қалың қарға дайындықты күшейтуді әсте тоқтатуға болмайды.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
11 қаңтар 2020 ж. 824 0