№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » "Сәнді сырмақтың" сіз білмейтін құпиясы

"Сәнді сырмақтың" сіз білмейтін құпиясы


Табиғатынан сұлулыққа құмар қыз-келіншектердің талғамына сай сәнді сырмақ жасау өнері біздің елде танымал кәсіптің бірі. Киім-кешекке сән беретін асыл өнердің өрісін кеңейтіп жүрген жаңақорғандық арулар да бар. Солардың көшін бастап тұрған аудан орталығындағы «Сәнді сырмақ» тігін ательесінің иесі Мейрамкүл Насырованы жастар жағы көбірек таниды. Аналар мен қыздарға, ер-жігіттерге, жалпы барлық жастағы тұрғындардың талғамына сай сапалы тігіншілік қызмет көрсетіп келе жатқан кәсіпкер. Аудандағы ісмерлік өнерді өміршең кәсібіне айналдырған кейіпкеріміздің тыныс-тіршілігімен танысып көрген болатынбыз.


Жаңадан кәсіп ашқысы келетіндер үшін жеңіл өнеркәсіп – таптырмайтын бизнес көзі. Әсіресе тігіншілік өнерге қазір сұраныс өте жоғары. Осыдан төрт жыл бұрын алғаш қолына ине мен жіпті ұштастырған жас алдымен ене мектебінен тәлім алады. Бүгінде Жаңақорғанда жоқ жобаны қолға алған Мейрамкүл Мұхамеджанқызы киімдерге есім жазуды кәсіп еткен.
– 2016 жылы алғаш қол тігін машинасымен құрақ тігуді үйрене бастадым. Ең бірінші тігін өнерін енемнен үйрендім. Кейіннен «ҮouTube» арнасынан киім-кешек тігудің сан түрін үйреніп алдым. Оған қоса, интернетті игілікке икемдеп, онлайн курстарға қатысып, тәжірибемді толықтыра түстім. Көбіне Алматы қаласындағы танымал тігін ательелердің онлайн оқу курстарына қатыстым. Өзімді шыңдай түсу үшін жиі-жиі курстарға қатысамын. Жалпы ісмерлік өнер шығармашылық қабілет пен асқан төзімділікті қажет етеді. Шүкір, бүгінде тапсырыс берушілердің саны артып келеді, тек тұтынушы талғамынан дұрыс шыға білсең болғаны. Қазір бәсекенің заманы, сондықтан өнімнің сапалы болуына аса мән беремін, – дейді жас кәсіпкер.
Орамалдарға, сүлгілер мен халаттарға, бас киімге адам есімін немесе өзге де сәнді өрнектер қондыру өнерін қолға алған кәсіп иесі бір жылдай өз бетінше үйренеді. 2017 жылы мемлекет мүмкіндігін пайдаланып, аудандық «Жұмыспен қамту орталығының» жолдамасымен «Аграрлы техникалық колледжінде» 3 айлық тігінші мамандығы курсын оқып, жеке кәсіп ашуға ниеттенеді. Нарық заңы қоғамнан бәсекеге қабілетті болуды талап етеді және бұл өнеркәсіп өрісінің өркендеуіне, кәсіпкерлікті қолдауға байланысты екендігі мәлім. Мейрамкүл де мемлекеттік қолдауға ие болып, 2018 жылы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы арқылы 240 000 теңгенің грантын жеңіп алады. Сол уақыттан бастап, салық органына тіркеліп, дара кәсіпкер ретінде жұмыс жасай бастайды. Кенттегі «Нұрасыл-1» сауда орталығынан тігін шеберханасын ашып, шаруасын дөңгелетеді. Бүгінде бүкіл Қазақстан бойынша тапсырыс қабылдап, «Казпошта» мекемесі арқылы жеткізілім ұйымдастырып тұрады. Шынында қымбат тігін аппаратымен атаулы тігін тігетін жоба әзірге ауданда жалғыз.
Кейіпкеріміз жастар арасында өтетін бизнес байқауларға қатысып, бағын сынап көруден жалыққан емес. Мәселен, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі мен «Арман асуы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен «Үйрен» кәсіпкерлікке оқыту курсында белсенділік танытқан.
– «Үйрен» оқыту курсына жаңадан кәсіп бастағысы келетін тұрғандардан бөлек, аудан кәсіпкерлері де қатысты. Курста 20-дан аса маңызы бар жобаларды жүзеге асырған «Бизнес-Старт» инновациялық жобаларды жүзеге асыру орталығының мамандары жүргізіп, өз тәжірибелерімен бөлісіп келеді. Қатысушылар үшін танысу тренингтерімен қоса «Канвас» бизнес-моделдері арқылы болашақ кәсіптерінің сұлбасын сызу ұсынылды. Осылайша, 2 күнге созылған оқу курсынан соң «The Best» бизнес-жобалар байқауы ұйымдастырылды. Көрермендер көзайымына айналған ең дәйекті авторлық идеялар жүлделі орындармен марапатталды. Маған бұйырғаны 2-орын болды, – дейді жас кәсіпкер.
Одан бөлек өзі қатысып, бәсекеге түскен байқау, сайыстар қаншама. Әңгіме барысында тұтынушылардың қай өнімге көбірек тапсырыс беретіні туралы білгіміз келді.
– Негізі киімге мәтін жазу оңай дүние емес. Ең бірінші біз тапсырыс берушінің қалауына қарай ноутбуктегі компьютерлік тігін бағдарлама арқылы мәтін жазып аламыз. Сосын оны флешкаға салып, тігін аппаратына қосамыз. Қазіргі таңда «Ең сұлу ана менде ғана» және «Анашым – жәннәтім» деген тілек жазылған орамалдарға көбірек сұранысқа ие. Одан кейін ерлерге есімдері жазылған сүлгілерге де тапсырыс беріледі. Негізі туған күн, тұсаукесер, жалпы қызықшылыққа барғанда құр қол бармайтын тұтынушыларымыз бізге тұрақты түрде тапсырыс береді. Тапсырысты көбіне инстаграм әлеуметтік желісіндегі @sandi_syrmak парақ­шасы арқылы қабылдаймыз, – дейді Мейрамкүл Насырова.
Ықылым заманнан нәпақасын төрт түлік малдан таба білген қазақ үшін қолөнер жат емес. Соның айғағы ретінде, ата дәстүрдің шырағын сөндірмей, келешекке жалғап отырған ұрпақ бар бүгінде. Ендеше, ине-жіптен игілік иірген шеберлерді қолдап, отандық өнімнің өрісін кеңейткенге не жетсін. Отандық тауарды сатып алу – ел экономикасына қосқан үлесіміз екенін ескерсек, Мейрамкүлдің үйренуге деген ізденісі оның жарқын жетістігі деуге болады.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ

26 ақпан 2020 ж. 736 0