№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БИЗНЕСКЕ ҰШТАСҚАН ҰЛТТЫҚ БРЕНД

БИЗНЕСКЕ ҰШТАСҚАН ҰЛТТЫҚ БРЕНД


Қазақтың ұлттық мәдениетінің ең байырғы саласының бірі – қолөнер десек, ол халықтың тұрмыс-тіршілігімен бірге дамып, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келеді. Сол атадан аманат болған асыл өнерді кәсіп етіп, ұлттық өнерді ұлықтап келе жатқан кәсіп иелері аз емес. Солардың қатарындағы Мұрат Жәрімбетовтің қолынан шыққан туындыларын жаңақорғандықтар жоғары бағалайды. Ата кәсіптің құлағын ұстаған шебердің өнерін қалай мақтасақта жарасады. Ұлттық құндылықтарды отбасылық дәстүрге айналдырған шаңырақты көпке үлгі етуден жалыққан емеспіз.
Өзімен қатар үйдегі отанасы Дина Жәрімбетова да киіз басу өнерін насихаттап, көрме көркін қыздырып жүрген жайы бар. Нәпақасын құндылықтар жасаудан теріп жүрген Мұрат шебердің бұйымдарымен тағы бір танысу үшін оның шеберханасы бас сұқтық. Іс-сапармен өзге өңірге кеткен ұстаның жаңа туындыларымен танысып, тамсанып қайттық. Есік алдынан күтіп алған Дина апайды сөз бастап, төрте тұрған жаңа туындылардың сырымен таныстырды.
– Отағасының қолынан шыққан әрбір дүниенің сұранысы жоғары. Әсіресе, Жаңақорған шипажайында ем алушылардың қызуғышылығы басым. Сондықтан, ол ойға алған ісін аяғына дейін жеткізуді мақсат етіп, үнемі ізденісте жүреді. Осы еңбекқорлығын жаңақорғандықтар жоғары бағалады, – деп жолдасы туралы жан-жақты мінездеме берген алты баланың анасы кейбір жайттарға көңілі толмайтынын жеткізді.
Осы кәсіпті одан әрі дамытып, шәкірт тәрбиелеу ісін де қолға алғысы келетін Мұрат ұстаның шеберханасы сын көтермейді. Сондықтан, кәсіпкерлік бағытында беріліп жатқан жеңілдетілген несие мен грант ұтып алуға ниетті шеберге шамалы демеу болса дейді отанасы. Бүгінде ағашпен әсемделген құнды шеберханадағы іргетасы қаланып жатқан түйенің бет-бейнесін бағамдап көрдік. Ұста түйеге жігіттің бес қаруын орнататынын жеткізіп, толық біткенде көпшілік назарына ұсынатынын жеткізді.
Ендігі кезекте шебер жөнінде аз-кем тоқталып өтсек. Мұрат Жәрімбетов кенттің тумасы. Оған ағаштан ою-ойып, кесілген бөренеге кейіп пен жан бітіретін қасиет атасы Жәрімбеттен дарыған. Бала күнінен ұсталыққа үйір болған Мұрат әскерде жүріп, замандастарына түрлі естелік бұйым жасап, өзінің шеберлігін шыңдайды. Уақыт өте келе Пахриддин ұстаздың қол астында қолөнерлік өнерін одан әрі дамытады. Соңғы жылдары көпшілік Мұрат Жәрімбетовті ағаш шебері ретінде тани бастады. Оның қолынан шыққан тамаша туындылары елдің назарына ілігіп жүр. Қолөнершілер көрмесіндегі шебердің бұйымы жоғары бағаланып, үсті-үстіне сұраныс түсуде. Қызығушылықтан басталған іс кәсіпке айналды.
Иә, айта берсең мақтауға тұрарлық дүние көп, тамаша туындыларын көзбен көрген жан қиялға қанат бітіріп қайтады.
Түйіндей айтқанда, бас-аяғы екі жылға жуық ішінде көпке танылып үлгерген Мұрат Жәрімбетов облыстық көрмелерде ерекше дарындылығымен, ізденімпаздылығымен жоғары бағаланып жүрген ағаш шеберінің шығар шыңы, бағындырар белесі әлі алда деп сенеміз. Ең бастысы, адал еңбектің жемісі қашанда тәтті екенін ұста жақсы біледі.

Әлібек ТЕМІРБЕК.
18 қыркүйек 2018 ж. 1 014 0