» » Парасатты елде пара болмайды

Парасатты елде пара болмайды


Дүние жүзінде озық елдер қатарына енген алпауыт мемлекеттерде пара алу, пара беру деген ұғымдар әлдеқашан айналымнан шығып қалған. Ол елдерде ақылына, еркіне, жігеріне сенген әрбір істің адамы ізгілікті қарекетімен әділеттікке негізделген шынайы қоғамды құруға қызмет етеді. Бұл үрдіс бізге жат емес, бағзыдан бабаларымызбен бірге жасасып келе жатқан берік-болмысымыз еді. Біз одан қашан, қай кезде, қандай жағдайда көз жазып қалдық? Ұлт тамырынан нәр алған, даналықтан жаралған заңның төрелігіне сенген, әділ үкіміне хан мен қара бірдей көнген дала демократиясының даңғыл сүрлеуін қайта тауып, тіргінін қолымызға алсақ рухымыз оянып, сонымен бірге намысымыз тіріліп, асыл құндылықтарымыз тұғырына қайта қонар ма еді. Ол үшін не істеу керек?


Арқадан Сыр еліне ат басын тіреп, тыңғылықты міндеттерімен бөліскен республикалық ақпараттық ағарту штабы құрамының аудан активімен кездесуінде біз осы сұраққа біршама жауап тапқандай болдық.
Басқосуды ашқан аудан әкімі Сұлтан Мақашов ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрамымен таныстырып, алғашқы сөзді осы топтың ресми өкілі Арман Бердалинге берді.
2019 жылы 16 маусымда Президент Жарлығымен Мемлекеттік қызмет істері және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірігіп, біртұтас негізде жұмысқа кірістік, — деді ол сөзінде.
Агенттік төрағасы генерал-лейтенант Алик Шпекбаевтың шеші­мімен агенттік жанынан құрамында бірде-бір мемлекеттік қызметші жоқ, Мырзатай Жолдасбеков, Ермек Тұрсынов сынды қоғам қайраткерлерінен құрылған штаб іске кірісті, — дей келе, басты мақсаты — жемқорлардың қолына кісен салып, темір торға жабылуына жұмыс жасаудан бұрын заңсыздықтың жолын кесу, болдырмау, алдын алуға көп ықыласты ұлт жанашырларының алдында тұрған міндеттерге тоқталды.
— «Бәйге алмайтын тұлпардан белі жуан бесті артық. Парадан жиған түйеден, адалдан жиған ешкі артық» дегендей, елге есті сөз айтатын азаматтарды жинап, халықтың алдына барып, жас толқынмен кездесіп, параны алған да, берген де тең дәрежеде заң алдында жауап беретінін ескерткіміз келді, — деген ол аудандағы іргелі мекеме, ұжым басшыларына қарата: «Сіздер 8 сағат кеңседе жұмыс жасайтын мемлекеттік қызметші ғана емес, ұл-қыз тәрбиелеп отырған ата-анасыздар, әркім бөгде іске қол сұқпас бұрын өзінен бұрын үйдегі әке-шеше, үрім-бұтақты еске алып солардың келбет-келешегіне мін түспеуін алдымен ақыл таразысынан өткізуге міндетті, — деді.
Пайдасын ойлағандар пара беред,
Арсыздар алтын көрсе ала беред.
Өтінем, адал болшы, айналайын,
Біздерге байлық емес, бала керек, — деген асыл сөздің астарында ұрпақ тағдырын ойлаған үлкен ғибрат жатыр.

АДАЛ ҰРПАҚ — БЕСІКТЕН

Агенттік түзген бағдарламалар бойынша еліміздің барлық мектептерінде «Адал ұрпақ» деп аталатын жарқын жоба өмірге келді. Аталмыш жоба, аты айтып тұрғандай, жеткіншектерді адалдыққа, ізгі адамгершілікке, тазалыққа тәрбиелейді. Өнегелі, кейінгіге айтар өсиеті бар соларға қарап ой түзейтін, бой түзейтін аға ұрпақпен кездесулер өткізеді. Сол сияқты қазірде білім ордаларында «Сатушысыз дүкендер» ашылған, — деді ол.
Өз басымыз аудан орталығындағы № 169 орта мектебінде, Жайылма ауылындағы № 195 орта мектебінде болғанымызда осындай дүкен жұмысына куә болғанымыз бар. Онда оқушыға қажетті құрал-жабдықтың бәрі бар. Өзіне қажетін таңдап алған бала тиын-тебенін арнайы қойылған жәшікке тастап кетіп жатыр. Кім қалай әрекет жасап жатқанына өз ар-ожданы куә. Бұл ұрпақты бала жастан алдамауға, шынайы әрекет етуге өз-өздері арқылы тәрбиелеуге бағытталған шара. Арман Бердалиннің айтуынша, осындай жұмыстарды кей мектеп ұжымдары қағаз жүзінде атқарып, департаментке жалған есеп беріп отыруға әдеттеніпті. Бұдан ұтқан кім, ұтылған кім?
Қоғамда сыбайластық пен жемқорлықтың жолын кесу үшін әрбіреудің желкесінде тұрып, бақылап, бағдарлап тәртіпке келтіре алмайды екенбіз. Бұған саналық тұрғыдан қалыптасқан айнымайтын қағида, ұлықтайтын ұстаным қажет. Міне, осы қадір-қасиетті бала жатсан бойына сіңіргеннің қате қадамға жаңылыс баспасы анық.
Қазынаның қалтасына қол салып, өзің басқаратын ұжым, компанияның несібесін әкеңнің дүниесіндей меншіктенбес бұрын мұның ұрпақ тағдырына кешірілмес қателік боларын жүрек төрінен өткізіңіз. Олардың тағдырын тәлкекке айналдырып, шалқып-тасып өмір сүргеннен гөрі жаяу жүріп коңторғай күй кешсең де қара суды қайғысыз ішіп, ел алдында жүзің жарқын жүрген әр күнің қымбат, әр күнің қастерлі. Осылай деп толғанған ұлт жанашыры Арман Тілектесұлы одан әрі Агенттіктің кәсіпкерлерді және инвистицияны қолдау мүмкіндігіне кең тоқталып өтті. Нақтылап айтсақ, агенттікке жүгінген кез-келген іс адамы қолдау-қамқорлыққа алынады. Бірақ шарт біреу: Ешкімге пара бермейсің, ешкімнен пара алмайсың. Салығыңды үкіметке уақытылы төлеп отырған тұлға болуың керек. Осындай азаматқа жұмыс барысында әлдеқандай кедергілер болса, қолдан күрделенетін түрлі төрешілдікке тап келетін болса онымен Агенттік тарапынан нақты жұмыстар жүргізіледі. Департаменттің осылай сүймелдеуімен 12 триллион сомасында кәсіпкерге қолдау жасалыныпты. Әсіресе шетелдік инвесторлар Департамент қызметіне жиі жүгінеді екен.

Елге есті сөз керек

Келесі сөз алған республикалық ақпараттық-ағарту штабының төрайымы, Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының иегері Ырза Тұрсынзада қоғам түзелуі үшін алдымен оның мүщелерінің құнты, пейілі түзелуі қажеттілігіне көп назарын аударды. Ата-бабаларымыз туған ошақ, өскен ел, қалың қазақтың намысы үшін жан қиды. Ал біздің ұрпақ тәуелсіз, көрініп тұрған дұшпаны жоқ, бірақ етектен алып, іштен шалатын, көзге көрінбей, қан шығармай келген дертпен қалай күресеміз?
— Мен дүние жүзін көп араладым, — деді ол. Тектің тазалығы — тек қазақта. Сол тазалық ділімізге, тінімізге де еніп, табиғатымыз біртұтас болса елімізде 28-30 жыл ішінде 2 министр, 30-дан аса генерал, әкім, министр, ұжым, ұлттық компания басшыларының заңды өрескел бұзған өресіздігі орын алмас еді.
Құнанбайдың артында Абайы қалды, Мұхтарды соңында «Абай жолы» қалды, Абайдың соңында 45 қара сөзі қалды. Біздің артымызда не қалады?
Елді жиі аралаймын. Елудегі, алпыстағы, жетпістегі әйел — замандастарымыздың әңгімесі дүние жарыс пен бақ-бәсекеден ары аспайды. Сонда ұрпаққа бабалардан мирас болған әдептілік, ізгілік, құрмет пен сыйластық, кішіпейілділік қадір-қасиетті кім көз қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа кім аманат етеді?
Өзі осы бағытта тер төгіп келе жатқан ұлтжанды ананың қазақтың тұтынып, ұстанған бүкіл тұрмыстық бұйымдарын осы заман эскизімен құлпыртып, қыз-келіншектерге үлгі етіп, үйретуден талмай еңбек етіп келе жатқанынан хабардар қалың қауым сөзі мен ісі үйлескен үлкен жүрек иесінің жүрекжарды сөзін ықыластана тыңдады.
Бұдан әрі осы топ құрамында ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Ниязов сөз алып, халық игілігіне бағытталған сала жұмысын тұрақты өрістету, халықпен байланысты нығайтуда жергілікті БАҚ-тың ақпараттық-насихаттық қызметіне кеңінен тоқталып ризашылығын білдірді.
— Осы жиында талқыланған мәселелерді елге жеткізуде штаб мүшесі болу міндет емес, әрбір қарапайым азамат өзінің ортасына заң талаптарын жеткізу керек. Заңның жаңа бабындағы сыбайластыққа барған қызметкер үшін басшысы жауапқа тартылатынын да әркім біле жүруі керек.
Агенттіктің ресми сайты бар, әлеуметтік желіге тіркелген, 1424 CALL центр күндіз-түні жұмыс жасайды. Кез-келген тұлға өзі куә болған келеңсіз жағдайлар туралы ақпарат бере алады, — деді.
Аудан прокуроры Дарын Әбіш аймақта қоғам белсенділері жетерлік, соларды жергілікті штаб жұмысына тарту, ақпараттық-ағарту тобының жұмысымен халықты жете таныстыру бағытында жергілікті газет, телеканалда насихаттау мәселесінің өзектілігін алға тартты.
Осы жерде айта кету керек, таяуда ғана ауыл әкімдері есеп берді. Бір ауылдың әкімі есебінде »Өткен жылы Пәленше атындағы көше ашылды, көшеге тас төселіп, асфальтталды» деді. Шын мәнісінде әлгі көшеде ол жұмыстың жоқ екендігі бір таңқалдырса, осы есепті тыңдап отырған ел халқының «бұл не жалған ақпар» деп өре түрегелмеуі екі таңғалдырды. Сонда жұрттың барлығының жалғандыққа еті өліп кеткені ме, жоқ біз айтқанмен одан не өнеді, бекер арамтер болмай отыра берейін деген бойкүйездік басым болып бара ма? Екеуі де. Бұлай кете берсек әділетсіздік аранын ашып, елдік мұраттың еңсесі жаншылған үстіне жаншыла беретінін ұмытпайық.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлының ескертуі де осы мазмұнға саяды: Шектен шығып барамыз, тіпті жар қабағына таяп тұрған жағдайымызды жасыруға болмайды. Ел боашағына жанымыз ашыса бір адамдай сыбайластықпен, жемқорлықпен күрес жүргізуміз керек.
Кімнің қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен болғысы келмейді. Ал ол үшін өз ары да, қолы да таза, өмірбаянының міні жоқ, атқарған еңбегінің құны жоқ ел жүрегіндегі тұлға бола алдың ба? Осы жағына бас ауыртқан әркім абырой биігінде қалады. Бұл тұрғыда ұлт мүддесіне жанашырлықпен жұмыла кіріскен талаптарыңызға таяныш болуға біз де әрқашан әзірміз, — деп арнайы келген қонақтарға аудан халқы атынан рахметін жеткізді.

Баян ҮСЕЙІНОВА
22 ақпан 2020 ж. 507 0