№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Аймақ басшысы ауылда

Аймақ басшысы ауылда

Көп жағдайда облыс әкімінің елді мекендерге сапарын әлдебір әлеуметтік нысандардың ашылуына сәйкестендіру дағдыға айналғандай еді. Қуанышбек Ысқақовтың бұл жолғы сапары өзгеше сарында өрбіді. Нақтысын айтқанда, аудан тұрғындарымен ашық диалогта емен-жарқын пікір алмасты. Жаңақорғандағы басты мәселелер – аяқ және ауыз сумен қамтамасыз ету, ауылішілік жолдарды жөндеу, апаттық көпірлерді ретке келтіру жайы пысықталды. Сонымен, халықты толғандырған мәселелер қалай шешіледі?
  
Бірінші кезекте, Қожамберді ауылдық округіндегі №162 орта мектепте ауыл тұрғындарымен жүзбе-жүз кездескен аймақ басшысы тұрғындардыңтілегін тыңдады. Ауыл ақсақалдары ең әуелі әкімнен аяқ су мәселесін шешіп беруді сұрады. Себебі, бүгінгі таңда ауыл тұрғындарының 40 проценті ғана аяқ сумен қамтылған. Бұл бағытта ауыл әкімі Молдахмет Нәлібаев «М-2» каналының сағасын көтеру арқылы мәселені оңтайлы шешуге болатынын айтты. Оның жоба-сметалық құжаттары толық дайындалып, енді қаржысы бөлінсе деген тілегін жеткізді. Мәселені назарға алатынын жеткізген облыс әкімі тұрғындармен болған емен-жарқын жүздесуден соң Төменарық ауылдық округіне табан тіреді.
Мұнда жергілікті тұрғындармен кездесу барысында ауыл үшін жаңа аурухана жайы ең өзекті мәселе ретінде көтерілді. Өз кезегінде аймақ басшысы Тұңғыш Президент-Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарынан туындаған басым бағыттың бірі Ұлт жоспарының 80-қадамында айтылған Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жүзеге асуына белсенділік танытуға шақырды. Жалпы бұл  денсаулық сақтаудағы халықтың мүддесін әлеуметтік қорғаудың бір түрі екенін айтқан облыс әкімі негізгі мақсат – қоғам мен халық арасында аурудың алдын алумен қатар ұлт денсаулығының сапасын арттыру, яғни, профилактикалық шараға аса мән беру екендігімен түсіндірді. 
Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов аудан әкіміне ауылдық аурухана мәселесін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында шешуді тапсырды. Себебі, бұған дейін Жаңақорғанда бірнеше ауылдық аурухана МЖӘ шеңберінде бой көтеріп, бүгінде елдімекен халқына сапалы қызмет көрсетіп жатқанын тілге тиек етті.
Аймақ басшысының ауданға сапары Сыр беткейдегі ауылдарда жалғасты. Алдымен Жаңарық ауылына атбасын тіреген аймақ басшысы 1990 жылы ашылған ауылдық клуб үйінде өткен кездесуде тұрғындар талап-тілегін айтпай-ақ таныды. Яғни 30 жылдан бері жөндеу көрмеген клуб үйіне жөндеу жүргізу маңызды. Жиында облыстық мәслихат хатшысы Қылышбай Бисенов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев пен басқарма және департамент басшылары бой көрсетті.
– Сапардың басты мақсаты – ауылдың тыныс-тіршілігімен танысу. Президенттің тапсырмалары қалай жүзеге асырылып жатқанын көзбен көру. Сырдан нәр алатын Арал мен Жаңақорған арасындағы аудандардың негізгі мәселелерін таразылап, басымдығына қарай шешілу жолын пысықтау, – деді Қуанышбек Досмайылұлы.
Ауыл тұрғындары атынан сөз алған Мәжит Тәшімов клуб үйіне күрделі жөндеу жұмысы қажет екенін алға тартты. Бұл сұраққа аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлы жауап қатып, құжаттары сараптамада қаралып жатқанын, алдағы уақытта шешімін табатынын айтты.
Мәжит қарияның екінші тілегі аяқ су мәселесі болды. Бұл сұрақтың мән-жайын «Қазсушар» облыстық филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров түсіндірді. Оның айтуынша, 2021 жылы аяқ су мәселесі толығымен шешіледі.
Соңғы жылдары Жаңарық ауылдық округінде жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында спорт кешені және медициналық бекет халық игілігіне беріледі.
Одан кейін өңір басшысы бастаған делегация Өзгент ауылдық округінің тыныс-тіршілігімен танысты. Жиылған жұрт екі мәселені ортаға салды. Біріншісі, тұрғындардың өмір сапасын арттыру табиғи газды әкелуді шешу, екіншісі, мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухамановтың қайраткерлік қабілет-қарымы мен азаматтық бітім-болмысын насихаттауда аллея ашу. 
Биыл мемлекеттік-жекешелік әріп­тестік аясында ауылдық клуб үйіне және №245 мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі. Өзгент көлінің жағасындағы тынығу лагері оқушылар мен ардагерлерге қызмет көрсететін болады.  Қысқасы, Өзгентте жағымды жаңалық көп.
Бірақ келінтөбеліктерді алаңдатқан мәселе көп. Тұрғындар атынан сөз алған ел ағасы Керімхан Егізбаев мәселенің мәнін рет-ретімен түсіндірді.
– Магистралды каналдан өтетін көпірдің ахуалы мазалайды. Өйткені ауылдың негізгі еңбек көзі егіндік пен жайылымдық каналдың арғы бетінде. Егер көпір апатқа ұшыраса тұрғындар табыс көзінен айырылады. Екіншісі, Келінтөбе мен Бесарық бекетін байланыстыратын жол мен Қаратөбеден Келінтөбе аралығындағы аудандық маңыздағы жолды асфальттау аяқсыз қалатындай. Осы мәселелерді шешіп берулеріңізді сұраймыз, – деді ел ағасы.
Көпір мен канал мәселесін «Қазсушар» мекемесінің облыстағы өкілдеріне 2020 жылдың 10 ақпанына дейін шешілу жолын нақты ұсынуды тапсырды. Ал жол мәселесін автомобиль жолдары облыстық басқарма басшысының орынбасары Ержан Әбдіқалықов облыс бойынша толық аяқталмаған жолдарға республикалық қазынадан 500 миллион теңге қаралғанын жеткізді. Бұл қаржыға жол аяқталатынын айтты. Келінтөбедегі «Құралай» бала­бақшасы балғындарға заманауи білім беру дағдыларын үйретіп, ұлттық тәрбие қайнарынан сусындатып келеді. Облыс басшысы осы бағыттағы жұмыстармен танысты.
Қаратөбеде аудандық мәслихаттың депутаты Рахымбаба Құтыбаев аяқ су мәселесін көтерді. Егінге қажетті мөлшерде су жеткізуде үрмелі тоспаның пайдасы көп. Бірақ қомақты қаржы жұмсалған тоспа жарамсыз халде. Ал, Сумағарға су тұрақты келмесе ауыл аяқ сусыз қалады. Осыны ерте көктемге дейін шешу маңызды. Өйткені шіліңгір шілдеде судан тарықпауда септігі бар. Сумағар бойынша Жорабек Ерназаров биылдан қалмай мәселесін шешеміз деп уәде берді. Алдымен зерттеу жұмысын жүргізу керектігін айтып, ауылдан да бір маманның басы-қасында болуын сұрады. Аяқ су мәселесі осымен шешіледі деп сенім білдірді көпшілік. Ал ауданға белгілі кәсіпкер, меценат Құлмағанбет Исаханов егін мен елді байланыстыратын көпір апатты жағдайда тұрғанын жеткізіп, тезірек шешілмесе, ауыл тіршілік көзінен айырылып қалуы мүмкін екенін жеткізді.
Көпірді салуға 600 миллион теңгеден астам қаржы керек. Әрине мұны аудандық бюджет көтермейді, облыстық бюджетке де ауырлық тигізетіні анық. Қуанышбек Ысқақов бірінші кезекте осы мәселені реттеудің жолын табуды тапсырды. Мүмкіндігінше биылдан қалмай шешімін табу керектігін жеткізді.
Ал қандөздіктертің тілегі тозығы жеткен трансформаторлардың қайта жөнделуі. Кеңестік кезеңде орнатылған кейбір бағаналар мен трансформаторларды ауыстырмаса ауылдағы ағайын жарықсыз қалуы мүмкін. Қазірдің өзінде электр энергиясы жиі-жиі сөнеді, тіпті, кешкі мезгілде жарықтың әлсіздігі байқалады. Бұл мәселеге облыстық энергетика басқармасы бастығының орынбасары нақты жауап берді. Ол биыл екі трансформатор жөнделеді және желілер ауыстырылады деп уәдесін берді. Яғни 0,4 шақырымдық желі толық күрделі жөндеуден өтеді.
Биыл ауыл тұрғындарының көз қуанышына айналған заманауи спорт кешені бой көтерді. Спорттың 5 түрімен шұғылдануға мүмкіндік туатын нысанның лентасы жақында қиылады. Сондықтан жарық мәселесін тездетіп шешу керек-ақ.
Көктөбедегі мектептің жайына ата-аналар алаңдаулы. Асар әдісімен салынған мектептің бір қабырғасының тозығы жетіп, қауіп артуда. Қалдарбек қария аяқ су мәселесін де назардан тыс қалдырмады. 3 каналдың ортасында отырған ауыл неге аяқ судан тапшылық көруі керек?
Биыл ауыл әкімі Боран Абуов бюджеттен 9,2 миллион қаржы қаралып, оған  насос аламыз деп жауап қатты. Сонда тары егетін ауылдың шаруалары судан тапшылық көрмейді. Ал интернет желісінің мәселесін биылдан қалмай шешелетінін аудан басшысы жеткізді. Сонымен қатар көпшілік қауым жолдың жөнделгеніне алғыс білдірді.
Бесарық бекетінде көп талқыға түскен мәселе болмады. Ең бастысы 3 шақырым жол шешімін тапқанына шүкір дейді. Десе де осы негізгі жолды тағы да ұзартуын сұрады. Былтыр үш көше асфальттанған екен. Аудан әкімі мен ауыл басшысына көңілі толған көпшілік қонақжайлық танытты. Айтқандай биыл Талап ауылдық округінде мемлекеттік-жекешілік әріптестік аясында спорт кешені салынады. 
Талаптықтардың бес өтініш-тілегі рет-ретімен шешімін тауып жатыр.  
Ғасырға жуық тарихы бар Манап елді мекенінде негізгі көтерілген мәселе су тоғанының ахуалы. Яғни, ертеректе ауыл үшін қазылған тоғанның қазір құжаты дайын болғанымен оны ешқандай мекеме теңгеріміне алмаған. Осының салдарынан тоғанға жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкін емес. Облыс әкімі «Қазсушар» мекемесіне құжатты тездетіп ретке келтіруді тапсырды.
Одан бөлек ауыл тұрғындары жастардың жасанды спорт алаңына жарық берілуін және Талап бекетіне баратын 5,2 шақырым жолды ретке келтіруді сұрады.
ХХІ ғасыр – ақпараттық ғасыр десек, ақпарат алмасудың көзі – интернет. Сондықтан интернет өркениеттіліктің бір белгісі. Ал Косүйеңкі интернетімен мақтана алмайды. Ауыл тұрғындарымен №161 орта мектепте кездескен өңір басшысы бұл мәселе биыл толық шешілетінін жеткізді. Одан кейін көпір мәселесі сөз болды. Ауылға кіре берістегі шағын көпірге жөндеу керек. Жалпы аймақ әкімі барлық әкімдерге биыл жұмыссыздық мәселесін шешуді тапсырды. Келесі сапарда азаматтарды толық жұмыспен қамтамасыз етуі жайы қаралатыны белгілі болды.
12 мемлекеттік бағдарлама бар. Оның ішінде кәсіпке ынталы азаматтарға, әсіресе шағын және орта бизнесті дамытамын дегендерге қолдау өте көп. Біз осыны халық алдында дұрыс насихаттап, оларға қолғабыс болуымыз керек, – деді Қ.Ысқақов.
Биыл Бірлік ауылының жастарына заманауи спорт кешені қызметін бастайды. Белгілі кәсіпкер Бақытжан Берділлаев мемлекеттік жекеменшіктік әріптестік аясында жаңа ғимараттың құрылысын салып, жақында пайдалануға беретінін жеткізді. Жалпы бірлігі жарасқан Ақүйікте тындырымды тірліктер көп. Облыс әкіміне көпшілік балабақшаның құжатына көмектесуін сұрады. Биыл мемлекеттік жекешілік әріптестік аясында жаңа балабақшаның құрылысы жүргізілмек, соның құжатын тезірек шешіп беруін сұраған тұрғындарға өңір басшысы тездетіп шешім береміз деді. Көп бөгелмеген әкімге ауыл тұрғындары ақ батасын беріп, қызметіне табыс тіледі.
Кент дәрежесі болса да Шалқиядағы №86 Әділов атындағы мектеп тым ескі, тіпті кентте клуб үйі жоқ. Әр әкімнің құрғақ уәдесінен шаршаған шалқиялықтарды биыл сүйіншілейтін жаңалық көп. Алдымен білім ошағы күрделі жөндеуден өтсе, 150 орындық клуб үйінің құрылысы басталады. Сондай-ақ, «Шалқия ЦИНК» ЛТД мекемесі газ мәселесін шешіп беруге үлкен қолғабыс болған. Ал жарықтандыру мәселесі бойынша «КРЭК» мекемесі мойнына алып отыр. Сондықтан биыл кенттіктер күткен күрмеуі көп мәселелердің түйіні тарқатылатын болады. Әрбір елді мекендегі кездесудің басым көбі мектептерде өтті.
– Ұстаздарға айтарым, оқушыларды білім мен қатар тәрбиеге, әсіресе патриоттық қасиеттерге тәрбиелеулеріңіз керек. Өйткені біздің буыннан кейін ел жастарға қалады. Оларды осы бағытта, яғни елге қызмет ету үшін тәрбиелеулеріңіз керек, – деген Қуанышбек Досмайылұлы жастарға көп көңіл бөлу керектігін айтты.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының бойындағы ауылдардың тілегі газ. Жайылма тұрғындары да бірінші осыны сөз етті.
– Шыны керек, газ мәселесін шешеміз. Тек сәл сабырлық сақтау керек. Ал Шиеліде 5 ауылдың азаматтары өз күштерімен осы мәселені шешті. Яғни ауылдағы кәсіпкерлер бірігіп, өз қаржыларына елді мекенге газ тартты. Егер осындай азаматтар араларыңызда болса біз демеуге дайынбыз, – деді әкім.
Қарбызы брендке айналған Жайылма жұрты 35 жыл болған лотоктың тағдырына алаңдаулы. Бұл сұраққа облыстан келген жауапты маман Бауыржан Шәмиев жауап берді.
– Лотоктың ұзындығы 26 шақырым. Соның 22-сі біздің теңгерімде, қалғаны қазсушар мекемесінде. Бұл мәселе біздің назарымызда. Лотокты биыл тазалап, қажетті жөндеу жұмысын жасаймыз, – деді ол.
Сунақаталық ағайын да газ мәселесін шешуді сұрады. Ауыл әкімі Ақылмұрат Жұмаділлаевтың атқарып жатқан қызметіне көңілі толатын жеткізген ауыл тұрғындары облыс әкіміне түйіткілді мәселелер жоқ екенін айтты.
– Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Елдің әлеуеті артып, тұрмысы түзеле берсін. Біз жастарға сенеміз, сондықтан жастардың жігері мұқалмасын, өссін-өнсін, біз соларға Алладан тілеуші болып жүре берейік, – деген Жұман қария арнайы Жаңақорғанға іс-сапармен келген облыс әкіміне алғыс білдіріп, ақ батасын берді.
ТҮЙІН. Бір күндік сапар барысында 16 ауылдық округ тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту жолдары зерделеніп, мәселелер басымдығына қарай рет-ретімен шешімін табатынын білдік. Облыс әкімі халықшыл бастамаларды бақылауында ұстайтынын жеткізді. Халық сенді, енді сенімге селкеу түспесе ұтарымыз көп.
Әбдісамат ӘБДІШ,
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
02 ақпан 2020 ж. 573 0