№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Даниярдың дара жолы

Даниярдың дара жолы


Пилоттық жобаға енген Қожакент ауылдық округінде мал бордақылау, мал басын асылдандыру жұмысын жүйелеген заңды тұлғалар мен шаруа қожалықтар кооперативке бірігіп, кәсібін өркендетуде. Сондай іргелі ауылшаруашылық құрылымының бірі – «Миялы» өндірістік кооперативі мал бордақылау бағытында байыпты қадам жасады. Он екі шаруа қожалық пен 63 отбасының мал бордақылау алаңын біріктірген кооперативтің бүгінгі жұмысы нәтижелі. Әсіресе, «Отбасылық мал бордақылау» бизнес-жобасын жасап, жұмысын бастағандардың тірлігі мығым. Жуырда бордақылау алаңын құрып, жұмысын жүйелей бастаған Данияр Тұрсынқожаевтың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.
Кооператив құрамына қосылған кәсіпкер жылқы малын семіртіп, сату ісін қолға алыпты. Бастамасы жаман емес. Уақытпен санаспайтын еңбек адамы біз барғанда қонақжайлық танытып, алдымен тұлпарлар тұрған қораға жол бастады. Ол бүгінде 15 жылқыны бордақылауда.
– Кәсібімді «Нәтижелі жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында «Ауылшаруашылығын қолдау қорынан» 3 млн. теңге алып, 12 жылқы сатып алудан бастадым. Бүгінде төртінші айналымда жылқының қоңдылығын арттырудамын. Жалпы, бұл бағдарламаның тиімділігі өте көп. Әсіресе, шағын қожалықтардың шаруасы ширай түсуде. Ірі қара, асыл тұқымды бұқа мен жылқы өсірудің өрісін кеңейтіп келеміз, – деді Данияр Баткейұлы.
Төрт түліктің ебін білген еңбекқор азамат малды бордақылап, ет бағытында нарыққа шығарады. Әрі тұтынушы клиенттері қалыптасыпты. Ол алдағы уақытта мал басын көбейтіп, асылтұқымды бұқа мен мүйізді ірі қара малын асылдандыру ойда барын да жасырмады.
– Жылқы етіне сұраныс қалай?
– Бұйырғаны, дегенмен сұраныс жылдағыдан артты. Қызылорда мен Түркістан, Алматы қаласынан да сатып алушылар көбейді. Сапалы өнім болған соң, тұтынушылардың да көзқарасы оң. Оның себебі, отбасылық мал бордақылау алаңында екі жасқа дейінгі жылқылар табиғи жем-шөптен жоғары қондылыққа дейін семіреді, – деді кооператив мүшесі.
Оның айтуынша, мал жарақты болу үшін қоражай жылы, азығы құнарлы болуы шарт. Бір сөзбен айтқанда, жылқы малына ерекше күтім керек. Сонда ғана мол өнімге қол жеткізуге болады. Сондықтан, азаннан кешке дейін қора-қопсыны тазалап, уақытылы азықтандырып тұратын кәсіп иесі бала-шағасын бейнет сүйгіштікке баулып келеді. Даладағы егісін, өрістегі малын да баптап отыр. Жемін сатып алып, шөбін өздері дайындайтын қожалық қазір отбасымен бірге күн-түн демей несиеге алған жылқыларын күтіп, бағуда.
– Көп кәсіптің ішінен мал бордақылау жобасын таңдап алғаныма өкінбеймін. Өйткені, бұл істің қыр-сыры бала кезден таныс. Ең бастысы, айналысып жүрген кәсібім өзіме ұнайды. «Мал баққанға ғана бітеді» демекші, берекелі кәсіптің шырайын келтіргеніме шүкір, – деді ол.
Кейіпкерімізден бөлек кооператив мүшесіне енгендер алдағы уақытта мал сою бекеті қызметін бастайды.
– Ауыл азаматтары атакәсіпті қайта жандандыруға ниетті. Себебі, мал шаруашылығын дамытуға мемлекет басымдық беріп отырғаны белгілі. Мұндай мүмкіндікті тиімді пайдаланған тұрғындар төрт түлікті көбейтіп қана қоймай, ет, сүт бағытындағы экологиялық таза өнімді нарыққа шығаруды жоспарлауда. Әсіресе, кооператив жұмысы қазір қарқынды. Жалпы, бұл бағдарламаның тиімділігі ауылдағы жұмыссыз жүрген азаматтардың екі қолға бір күрек ұстап, азаматтық жауапкершілігін арттыруда септігін тигізіп отыр. Отбасылық кәсіпті дамыту жолында жүрген жанның бірі Даниярдың бұл бастамасы берекелі, – деді ауыл әкімі Асылбек Айтжанов.
Қорыта айтқанда, тіректі ауылдағы толымды тірліктер жетерлік. Әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың тетігін тапқан ауылдағы ағайынның еңбекқорлығы мен ізденгіштігі бізге табысты еселейтін жол ретінде үлгі...

Әли ТЕМІРБЕК.
17 наурыз 2018 ж. 1 898 0