№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АУЫЛ КӨРКЕЙСЕ – ЕЛ ӨРКЕНДЕЙДІ

АУЫЛ КӨРКЕЙСЕ – ЕЛ ӨРКЕНДЕЙДІ


Әлемдік тенденцияда халықтар мегаполистерде шоғырлануда. Ал, қазақ ауылдан кіндігін ажыратқысы келмейді. Содан болса керек-ті, Үкімет ауылдағы ағайынды түрлі бағдарламалар арқылы қолдап, әлеуметтік әлеуетін арттыруға жағдай жасауда. Мұндай мүмкіндіктерді жаңақорғандықтар да тиімді пайдалана бастады. Мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысып отырған аудан тұрғындарының іскерлік белсенділігімен танысу үшін Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Нұрлан Тілешев арнайы келді. Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрлігі Ауыл шаруашылығы кооперациясы департаментінің бас сарапшысы Дәулет Ғаниев, Ауыл шаруашылығы министрлігі Егіншілік департаменті өсімдік шаруашылығын дамыту стратегиясы басқармасының сарапшысы Жауһазын Өмірбекова кооперативтік өндірістердің дамуын бағдарлады. Меймандарға облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов пен аудан әкімі Ғалым Әміреев жол бастады.
Алдымен делегация Қожакент ауылдық округіндегі «Миялы» өндірістік кооперативінің мүшесі Данияр Тұрсынқожаевтың отбасылық мал бордақылау алаңына барды.
Өндірістік кооперативтің жұмысымен егжей-тегжей таныстырған Абдулла Абсаттаров:
– Кооператив 2016 жылы 4-сәуірінде 12 шаруа қожалықтың басын біріктірді. 2016 жылы 6-10 желтоқсанында 10 шаңырақ «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында 42 млн. теңге несие алды. Оған 81 бұқашық (екі жасқа дейінгі), 120 жылқы (екі жас дейінгі) алып, отбасылық бордақылау алаңы арқылы жоғары қоңдылыққа дейін семіртіп, кооператив арқылы өңдеп, нарыққа шығарды. 2016 жылы 26-28-желтоқсан аралығында «50 ауыл» бағдарламасымен 31 отбасы 90 млн. теңге несиеленіп, 617 бұқашық бордақыланды. 2017 жылы «Игілік» бағдарламасы бойынша 25 отбасы 52 млн. теңгеге қол жеткізіп, 311 бұқашық алды. Қазір қожакенттіктер қызу тірлікке ұйысқан. Олар нарықтың заңдылықтарын меңгеріп, бәсеке алаңында шыңдалуда, – деді.
Сөзге кооператив мүшесі Данияр Тұрсынқожаев араласып:
– Кооператив жұмысын қолдау – ауылдың әлеуетін арттыратын жоба деп білемін. Осыған дейін жұмыссыз жүрген азаматтар, мал бордақылау алаңдарын құрып, азаматтық жауапкершілікті сезінуде. Қазір олардың бос уақыттары жоқ. Мұндай қарбалас жұмыс біздің отбасы мүшелерінде таңертең ерте оятып, кешке дейін жылқылардың қоңдылығын арттыруға жұмылдыруда, – деп өндірістік кооперативтің перспективасын сөз етті.
– Несие көлемі қандай? – деп сұрады мемлекеттік инспектор.
– «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасымен 3 млн. теңгеге 12 жылқы алдым. Оларды бордақылау алаңында семіртіп, саттық. Осыған дейін үш айналымда жылқылар бордақыланды. Қазір 15 жылқыны күтіп-баптаудамыз, – деп жауап қатты еңбекқор азамат.
Одан кейін қонақтар Ерлан Абсаттаровтың отбасылық бордақылау алаңында болды. «50 ауыл» бағдарламасы бойынша 3 млн. несие алып, оған 20 бас бұқашық алады. Мүйізді ірі қараның қоңдылығын арттырып, нарыққа жөнелтеді. Сосын 15 бұқашық алып, оларға уақытылы жем-шөбін беруді басшылыққа алған.
65 отбасы мен 12 шаруа қожалықты біріктірген «Миялы» кооперативінің басты ерекшелігі ретінде алыс-жақын шет елдерге ет экспорттауға талпынысын айтуға болады. Яғни, модульді мал сою пункті құрылуда.
Астанадан келген меймандар заманау­и мал сою бекетімен де танысты.
– Алматы қаласындағы «КазТехПром-Сервис» ЖШС-мен 22 млн. теңгеге келісім-шарт жасастық. Үкімет қаржының жартысын инвессубсидиялады. Қазір контейнерлерді мердігер компания жеткізіп, орнатты. Бірақ, АҚШ-тан сүйекті кесетін аралары, Қытайдан ішек-қарын, өкпе-бауыр және т.б. реттейтін үстел, Ресейден лабораторияға қажетті құрал-саймандарын әкеледі екен. Соған байланысты іске қоса алмай тұрмыз. Соның салдарынан кооператив мүшелері малды союға берілетін тиісті субсидияны ала алмауда, – деді кооператив төрағасы Абдулла Абсаттаров.
Ауылшаруашылығы министрлігінен келген өкілдер алдағы 10-15 күнде қажетті қосалқы заттар алынып, мал сою бекеті іске қосылатынына сендірді.
Қожакент ауылдық округінде ірі-ірі шаруа қожалықтар көп. Соның бірі – «Нұрбол И» шаруа қожалығы. ХХІ ғасырдың басында нарықтық қатынастарды меңгерген Изатулла Үсенов егістікке егін егеді, өрісте малын көбейтеді. Сонымен қатар, диірменде күріш ақтап, төрт түлігін бордақылау алаңында семіртіп, мал сою пунктінде етке айналдырады. Бір сөзбен айтқанда, ауылшаруашылығын барлық саласынан несібесін теріп жүр.
Шаруақожалықтың жұмысымен аудан басшысы Ғалым Әміреев таныстырып: – Изатулла Үсенов кәсіпкер ретінде ауылдың өркендеуі мен әлеуметтің әлеуметтік жағдайы артуына үлес қосуда. Әсіресе, қайырымдылық акцияларына белсенді қатысып, әлеуметтік жауапкершілігін көрсетіп жүр, – деді.
Расында, маусымдық кезеңде 30 адамды жұмысқа тартса, тұрақты жұмыспен 15 адамды қамтып отыр. Күріш ақтау диірменінде тәулігіне 15 тоннаға дейін өнім шығарады. Ал, мал бордақылау алаңында 200 басқа дейін ұстауға мүмкіндігі бар. Онда мүйізді ірі қара мен жылқының қоңдылығын арттыруда екен. Делегация мүшелері диірмендегі және бордақылау алаңындағы жұмыстарды көріп, оң бағасын беріп, табысты еңбек етуде тілектестік білдірді.
Қожакент ауылдық округінен кейін Қыркеңсені бағытқа алды. Онда «Бекарыс С» шаруа қожалығының жұмысымен танысты.
Мемлекет пен жеке кәсіпкерлік бірлігінің негізінде Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық өркендеуін қолдайтын «Байқоңыр» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компания» АҚ шаруа қожалықтың жұмысын демеп, бәсекеге қабілетті жұмыс жасауына жағдай жасауда. Мұны қожалықтың төрағасы Серік Мырзабев айтты.
– Қандай түлікке басымдық берудесіздер?
– Әрине, мүйізді қараға басымдық берудеміз. Қазір 550 бас сиыр бар. Оның 32 жергілікті ауа-райына төзімді "қалмақ" тұқымдас сиыры. Алдағы уақытта Алматы және Жамбыл облысынан да қалмақ сиырын алып келеміз? Жалпы, шаруашылықта 1200 бас қой, 600 бас жылқы бар.
– Етті өңдеуді қалай шешудесіздер?
– Жылдың аяғына дейін 25 млн. теңгеге модульді мал сою бекеті құрылады. Сол арқылы етті Кедендік Одақ және Еуропа елдеріне экспорттау ойда бар.
– Етті жүйелі өткізудің жолын тапқан жоқсыздар. Солай ма?
– Алдымен малдың басын көбейтіп алып, сосын желілік дүкендер арқылы өткізудің жолын іздестіреміз.
– Малдың жем-шөбін қалай даярлап жатырсыздар?
– Шаруашылыққа тиесілі жерде жоңышқа егеміз. Сондай-ақ, бидай, күріш егіп, оның өнімін малға азық етеміз.
Осылайша пікір алмасты мемлекеттік инспектор мен шаруа қожалық төрағасы.

ТҮЙІН. Аудандағы кооперативтер мен шаруа қожалықтардың тыныс-тіршілігімен танысып, оларға оң бағасын берген қонақтар, алдағы уақытта өнімді өткізуде жүйелілік табуды тапсырды. Әсіресе, электронды сауданың игілігін пайдаланып, шаруашылықтың жұмысын цифрландыруға басымдық беруге кеңес берді. Сонда ғана ауыл өркендеп, ел көркейе түсетінін айтты...

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
20 ақпан 2018 ж. 1 961 0