ҚОЖАКЕНТТІҢ ҚАРҚЫНЫ
Құт дарыған Қожакент ауылындағы тамаша бастаманы өзге ауылға үлгі етсек. Елдімекенді көгалдандыру, абаттандыру мақсатында ауыл тұрғындарында белсенді тартуда екен. Яғни, бас көшенің бойынан Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ұрпақтары шағын саябақтар ашып, ауылдың жасыл желекке айналуына үлес қосуда.
Оған қоса, «Тәуелсіздік», «Бәйтерек», «Рәміздер» алаңы халықтың демалатын сүйікті орнына айналған. Өткен жылы ауылдың 50 жылдық мерейтойына ауыл тұрғыны жеке кәсіпкер Ж.Шыныбеков ауыл орталығына өз қаражатына «Биг-Бен» сағатын орнатып берген. Бұдан бөлек, ауыл әкімі А.Айтжанов есеп беру кездесуінде ағымдағы жылы Париждегі «Эйфель» мұнарасын тұрғызуды жоспарлап жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, ауыл әкімі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің нәтижелі жұмысын тарқа айтты. Үкіметтің «50 ауыл» бағдарламасы аясында өткен жылы «Миялы» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативіне мүше 31 ауыл тұрғыны жалпы көлемі 91 млн. теңгеге 613 бас ірі қараға несие алып, мал бордақылау кәсібімен айналысуда. Осыған орай, биылғы жылғы жоспарымен бөліскен А.Айтжанов азықтық дақылдардың алаңдары ұлғайтылып, құрамажемдерді өндіру және тұтыну басталады, сондай-ақ жайылымдарды пайдаланудың тиімділігін жоғарылату бойынша жұмыс жүргізілетін жеткізді.
Өз кезегінде ауыл тұрғындары тарапынан жаңа мектеп пен спорттық кешен салу және балабақша мәселесін көтерді.