№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Арнайы балабақшада кімдер тәрбиеленуде?

Арнайы балабақшада кімдер тәрбиеленуде?


Аудан бойынша 240 мүмкіндігі шектеулі бала болса, оның 125-і балабақша жасындағы бүлдіршіндер. Оларға тәрбие беру, оқыту, дамуындағы ауытқуды түзету, әлеуметтік бейімдеу, бір сөзбен айтқанда, сауықтыру үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осындай жауапкершілік жүгін арқалаған «Арнайы балабақшасының» бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Ондағы оқу жүйесіндегі артықшылығы неде? Балалар қандай сауықтыру шараларын алады? Осыны саралап алғанды жөн көрдік.


Алдымен мұнда келген балалардың әлеуметтану үрдісінің теоретикалық аспектілері қарастырылып, зерттеу нәтижесінің әсері анықталады. Содан кейін, дамуында тежеуі бар балалармен педагогикалық-психологиялық жұмыс­тар жүргізіледі. Яғни балабақша мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін кешенді көмек көрсету жағдайларын қамтамасыз етуді мақсат етеді. Қазір мекемеде 45 қызметкер, оның ішінде 20 педагог жұмыс жасайды. Мамандардың барлығы тәжірибелі, еңбек өтілі жоғары қызметкерлер. Олар балабақшаға келген балаға сауықтыру шараларын жасауға міндетті. Тәулік бойы қызмет көрсететін балабақшаның қызметкері ұжымның тәртібіне, жұмыстың жауапкершілігіне дағдыланған.
– Аудан орталығынан халық сұра­нысына сай ашылған балабақшаның ерекшелігі – кешенді көмек көрсетуінде. Мұнда келген балалардың көбі тірек қимылының әлсіздігі, тіл дамуының кешеуілдеуі мен есте сақтау қабілетінің төмендігімен келуде. Қызметкерлер жұмысына жауапкершілікпен қарайды, – дейді балабақша меңгерушісінің уақытша міндетін атқарушы Айгүл Ахметова.
Қазір тәрбие ұясында 3-5 жас аралығындағы 34 бала «Мейірім», «Жұлдыз», «Үміт» тобында тәрбиеленуде екен. Мүмкіндіктері мен диагнозына орай әр топқа бөлінген. «Мейірім» тобында тіл дамуының кешеуілдеген балалар бірге тәрбиеленуде. Оларға ортақ сабақ кестесі түзілген. «Үміт» тобында көз көруінің нашарлығымен және түрлі себеппен келген балғындарға сауықтыру шаралары жүруде. Ал, «Жұлдыз» тобында тірек-қимылын қалыптастыруға талпынған балалар бар. Олар тәулік бойы балабақшада болып, күнделікті режиммен сабақтарын оқып, сауықтыру шараларына қатысады. Сондай-ақ, балалардың шығармашылығын арттыру мақсатында сурет, би, ән үйірмелері жұмыс жасайды.
Қай саланың болмасын дамуында тәжірибе алмасу үдерісі белсенді жүруі тиіс. Сонда ғана даму жолына түседі. Педагогикалық қызметкерлер Шиелідегі «Оңалту» орталығымен тығыз қарым қатынас орнатып, мамандармен тәжірибе алмасып отырады. «Арнайы балабақша» жұмысымен танысып, балалардың әлеуметтану жағдайын білмекке Шиелі аудандық психологиялық- медициналық-педагогикалық консультация мекемесінің мамандары келіп, тәжірибе алмасып отырады екен.
ҚР Президентінің аппараты жанынан құрылған балалардың құқығын қорғау жөніндегі жұмыс тобының өкілі, «Нұр Отан» партиясы жанындағы балалардың құқығын қорғау жөніндегі кеңес мүшесі Мансия Аяпбергенқызы арнайы тәрбие ұясының тіршілігімен танысып:
– Қазір қоғамда бала құқығы қатаң қорғалуда. Оларға тәлім-тәрбие беріп, мектепке қанат қақтыру бағытында қызмет атқаратын балабақшалардың рөлі айрықша. Ал «Арнайы» балабақшаның міндеті үлкен. Денсаулығында мүкістігі бар балғындармен жұмыс жасау оңай емес. Бір күндік сапарда мекеме қызметкерлерінің, әсіресе психолог маманның жұмысына қанықтым, – деген еді.
Мемлекет қамқорлығын сезінген бүлдіршіндер уақтылы ем-домын алып, мектепке қанат қағып жатады. Мәселен, былтыр 6 бала мектептерге жіберілсе, 1 бала Тасбөгеттегі арнайы интернатқа орналасқан. Биыл да бірнеше бала мектепке жол тартты.
– Балаларға ем-дом алу үшін барлық жағдай жасалған. Оларды әртүрлі жаттығуға арналған аппараттармен емдейміз. Велосипед тебу, массаж аппараттары бар. Түнгі ауысымда 1 мейірбике, 1 тәрбиеші, 1 бала күтуші жұмыс істейді. Мейрамдарда ата-аналармен, балалармен би кешін өткізіп тұрамыз.
– 2019 жыл біздің ұжым үшін тағы бір қуанышты жағдай. Көптен қол жетпей жүрген арнайы жабдықталған жеңіл көлікке қол жеткізді. Балаларды тасымалдайтын, ішкі жағы арнайы отыруға, мініп-түсуге ыңғайлы жабдықталған, – дейді балабақша басшысы.
– Бұрын Шиелі, Түркістан қаласына барып, жол шығындап, уақыт оздырушы едік. Енді аудан орталығынан ерекше балаларға арналған балабақша ашылып, сонда жүгінетін болдық. Балабақшаға баламды әкеліп, тиісті сауықтыру шараларын алудамыз. Бала мен ата-ананың көңілін тауып, үміт сыйлаған ұжымға алғыс айтамын, – деді ана Жәмила Өтеева.
Біз арнайы балабақшаны аралап көрдік. Тамақтары сапалы. Вело, массаж терапия-тренингтері жұмыс жасайды. Жалпы алғанда балабақша жұмысы жүйелі екеніне көз жеткіздік.

Әли ТЕМІРБЕК
20 желтоқсан 2019 ж. 905 0