№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » "Ақ-Балапан" балабақшасының үздік тәжірибесі

"Ақ-Балапан" балабақшасының үздік тәжірибесі


Бала болашағы балабақшадан басталады. Рас бала алғаш ұстаздың ыстық алақанын осында сезінеді, әріп таниды, тәрбие алады. Сондықтан баланың ертеңі үшін балалар мекенінің алар орны ерекше. Бүгінде Бесарық ауылдық округінде балабақша мәселесі шешімін тапқан. Десе де келер жылы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында 80 орындық балабақша құрылысының салынатынын ауыл әкімі Әлібек Абдуллаев сөз етті. Біз Рысжан Төлепбергенова құрылтайшылық жасайтын «Ақ-Балапан» балабақшасының тыныс-тіршілігімен танысуды жөн көрдік.


«Балапан» бағдарламасы арқылы 2012 жылы іргетасы қаланған балабақшадан осы уақытқа дейін 200-ге жуық балғын мектепке қанат қақты. Ауылдық округтегі №54 Жүсіп Қыдыров және №239 Ә.Төлепбергенов атындағы білім ошағының табалдырығын аттаған жасөспірімдердің сабақ үлгерімі жақсы. Осының өзі балалақшаға берілген шынайы баға.
– Ауылдық жерлерде де балабақша жеткілікті. «Балапан» бағдарламасы аясында балабақша ашу жоспары болды. Іске асырдық. Шүкір, қазір 46 бала тәлім алады. Екі топқа бөлінген – «Күншуақ» және «Балшуақ». 6 жасқа дейінгі балаларды оқытатын бөбекжайда 4 тәрбиеші, 2 көмекші, барлығы 15 қызметкер бар, – деді құрылтайшы.
Балабақша туралы сөз бастамас бұрын Рысжан апай туралы айта кеткеніміз жөн. Еңбекке ерте араласып, Талап совхозындағы жастар бригадасында қызмет жолын бастаған ол Түркістан облысындағы медучилищеде акушер мамандығын 1978 жылы бітіріп шығады. Содан бері ауыл медицина саласының дамуына өзіндік үлес қосты. Қоғамдық жұмысқа араласып, халық қалаулысы да болды. Әлі де ел ісіне белсене араласып тұрады. Әйелдер кеңесінің төрайымы Рысжан апайдың ауылға сіңірген еңбегін тұрғындар жоғары бағалайды. Қажырлы қызметінің арқасында талай рет құрмет биігіне көтерілді. Кеудесіне «Құрмет» төсбелгісін тақты.
Уақыт оздырмай балабақшаның жұмысымен танысу үшін балалар мекеніне бардық. Шағын ғана үйде орналасқан бөбекжайдың әр бөлмесін көрдік. Ұқыптылық пен тиянақтылықты байқадық. Тәрбиешілердің жылылығын, балалардың қуанышын аңғардық.
– «Зерек бала» бағдарламасымен оқытудамыз. Шыны керек қазіргі балалар өте зерек, ақылды. Олар осында қандай тәрбие алады, ертең мектепте де сол жолмен кетеді. Сондықтан балабақшада көбіне тәртібіне қарауға тырысамыз, бұл әр тәрбиешінің бірінші міндеті. Өзім осында жеті жылдай жұмыс жасаймын, орта топтың тәрбиешімін. Қарамағымда 26 бала бар, бір-бір үйдің еркелеріне тәрбие беруге күш-жігерімді жұмсаудамын, – деді Гүлшат Тілеубаева.
Ал кіші топқа Лаура Адырбаева тәлімгерлік етеді. Ол топта да 20-дан аса бала бар. Біз түс кезінде барғандықтан балалар ас ішуге қамданып жатты. Жүздері жарқын жеткіншектер сәлемдесіп, ас ішуге кірісті. Сырттай қарағанда олардың шынайы күлкісінен қуаныштың лебі сезіліп тұрады.
Тәрбиеші-педагогтың тынымсыз еңбегін қандай сөзбен өрнектесек те аздық ететіні анық. Әрбір шаңырақтың шаттыққа кенелткен бүлдіршіндердің еркелігін көтеріп, тәлімді-тәрбие беру төзімділік пен парасат-пайымды қажет ететіні сөзсіз. Осыны ойға алған кемеңгер ақын Абай Құнанбаевтың «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан» дегенін ойға алсақ болады.
– Тәрбиеші – балабақша тірегі. Бала жанының бағбаны қандай болса, өскелең ұрпақ солай өнеге алып өседі. Солай болған соң ең алдымен балабақшаға керегі – озық педагогикалық методиканы меңгерген, сауаты жоғары, тәлімді тәрбие бере алатын тәрбиеші болуы шарт. Мен оған қатты мән беремін, – деді Рысжан апай.
Түйіндей айтқанда, «Ақ-Балапан» білімге зер салған, тәлімді ұрпақ тәрбиелеуде өзіндік орны бар мекен. Ұстаздарының мейірімінен жылылық есіп тұратын балабақшаны өзгеге үлгі ете аламыз.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
26 қазан 2019 ж. 808 0