№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «Арнайы балабақшаның» тыныс-тіршілігі қалай?

«Арнайы балабақшаның» тыныс-тіршілігі қалай?


Ауданда 230 мүмкіндігі шектеулі бала болса, оның 125-і балабақша жасындағы бүлдіршіндер. Кенттегі 82 баланың мектепке дейінгі тәрбие алуға мұқтаждығын ескерген аудан әкімі Ғалым Әміреев аудан орталығынан «Арнайы балабақша» ашып, олардың мектепке дейінгі білім алуын қамтамасыз етті. Осы тұста, «Арнайы балабақшаның» оқу жүйесіндегі артықшылығы қандай? Мұндағы балалар қандай сауықтыру шараларын алады? Осыны саралап алғанды жөн көрдік.
Ең алдымен, мұнда келген балалардың әлеуметтану үрдісінің теоретикалық аспектілері қарастырылып, зерттеу нәтижесінің әсері анықталады. Содан кейін, дамуында тежеуі бар балалармен педагогикалық-психологиялық жұмыстар жүргізіледі. Қысқа қайырсақ, балабақша – мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін кешенді көмек көрсету жағдайларын қамтамасыз етуді мақсат етеді. Бұл жайында балабақша меңгерушісі Жамал Нәлібаева: «Біздің еліміз қарқынды даму жолына жаңа түсіп, қоғамдық құрылымы нығайған сәтте, аудан орталығынан халық сұранысына ие мектепке дейінгі білім беру мекемесі ашылды. Бұл балабақшаның ерекшелігі – кешенді көмек көрсетуінде. Мұнда келген балалардың көбі тірек қимылының әлсіздігі, тіл дамуының кешеуілдеуі мен есте сақтау қабілетінің төмендігімен келуде», – деп балабақша тынысымен таныстырды.
Жаңадан жұмысын бастаған тәрбие ұясында 53 қызметкер, 20-ға жуық педагогикалық қызметкер жұмыс атқарады. Олардың қатарында логопед Ақжібек Жүсіпбекова, дефектолог Назерке Есімхан, дәрігер-невропатолог Айнұр Кетешова, медбике Жансая Әбдімәуленова еңбек етуде. Мамандардың барлығы тәжірибелі, еңбек өтілі жоғары қызметкерлер. Олар балабақшаға келген балаға сауықтыру шараларын жасауға міндетті. Тәулік бойы қызмет көрсететін балабақшаның қызметкері ұжымның тәртібіне, жұмыстың жауапкершілігіне үйрене бастаған.
Мұнда 3-5 жас аралығындағы 47 бала «Мейірім», «Жұлдыз», «Үміт» тобында тәрбиеленуде екен. Мүмкіндіктері мен диагнозына орай әр топқа бөлінген. «Мейірім» тобында тіл дамуының кешеуілдеген балалар бірге тәрбиеленуде. Оларға ортақ сабақ кестесі түзілген. «Үміт» тобында көз көруінің нашарлығымен және түрлі себеппен келген балғындар сауықтыру шаралары алып жатыр. Ал, «Жұлдыз» тобында тірек-қимылын қалыптастыруға талпынған балалар бар. Олар тәулік бойы балабақшада болып, күнделікті режиммен сабақтарын оқып, сауықтыру шараларына қатысады. Сондай-ақ, балалардың шығармашылығын арттыру мақсатында сурет, би, ән үйірмелері құрылуда.
Баласын балабақшаға әкелген Жәмила Өтеева: «Балабақшаға баламды әкеліп, тиісті сауықтыру шараларын алудамыз. Бұрын Шиелі, Түркістан қаласына барып, жол шығындасақ, енді өзімізде мүмкіндік бар. Бала мен ата-ана көңілін тауып, үміт сыйлаған ұжымға, аудан басшысы Ғалым Әміреевтің ерекше қамқорлығына алғыс айтамын», – деп ішкі толқынысын жасырмады.
Мемлекет қамқорлығын сезінген бүлдіршіндер, екі айдың өзінде ептеп ортасына үйреніпті. Алғаш келген күндегі жағдайына қарағанда біршама өзгерістер байқалған. Бұл жайында дефектолог Назерке Есімхан: «Балаларға жан-жақты көмек көрсету нәтижесінде бала үш айдың жүзінде кішкене болса да, нәтижелер бере бастайды. Біздің ашылғанымызға 2 айдың жүзі болса да, кейбір балалардың қысқа сөздерді айтуға, өзінің нені қалайтынын түсіндіруге дағдыланды. Бұл да болса эфект. Бұл негізі ұжымның бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі», – деді.
Педагогикалық қызметкерлер Шиелідегі «Оңалту» орталығымен тығыз қарым қатынас орнатып, мамандармен тәжірибе алмасып отырады. «Арнайы балабақша» жұмысымен танысып, балалардың әлеуметтану жағдайын білмекке Шиелі аудандық психологиялық- медициналық-педагогикалық концультация мекемесінің мамандары келіпті. Олардың ішінде мекеме меңгерушісі Гүлнара Тымбаулиева, неврапотолог Дина Смайлова, логопед Айзат Пазылова, дефектолог Камал Қарлығаш, психолог Лаура Мәдиева, сурдо-педогог Ұлман Оразханова арнайы ат басын бұрып, әр баланы жеке қабылдап, әлеуметтануын зерделеді.
Мекеме меңгерушісі Гүлнара Тымбаулиева балалардың жағдайына назар аударып, балабақшаның жұмысына баға берді. Ол: «Мұндай бағыттағы балабақша облыста алғаш ашылып отыр. Қызметкерлер өте ізденімпаз. Бізбен тығыз байланыс жасап, күнделікті кезіккен мәселелерінің шешу жолын сұрап, кеңес алып тұрады. Аз ғана уақытта балаларға дұрыс бағытта жұмыстар жасалыпты. Әлі де балабақшаның жұмысының жанданатынына сенім білдіремін», – деді. Мұндай маманның бағасынан кейін, «Арнайы балабақшаның» адымын аңғаруға болатындай.

Мақпал МАРҚАБАЙ.
13 ақпан 2018 ж. 2 254 0