МЖӘ: Жаңақорғанда 10 жоба жүзеге асырылуда
Қаржысын қайтарымды бағытқа бағыттауға ниетті іскер азаматтар аз емес. Бірақ нарықтық және әлеуметтік қарым-қатынастарды жан-жақты меңгерген HR-менеджерлер тапшы. Содан болар қайта өңдеу, өңдеу өндірісінің дамымай жатқаны. Үкімет осыны ескеріп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасын іске қосты. Енді кәсіпкерлер кепілдік істі жүргізуге ынталы. Мұны ауданда бағдарлама аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардан байқауға болады.
Биыл бағдарлама аясында есігін ашқан екі спорттық кешен жұмысын бастады. Бүгінде Сүттіқұдық ауылы мен Жаңақорған кентінде жасөсіпірімдер мен жастар спортпен шұғылдануда.
2019 жылға 10 жоба облыстық МЖӘ тізіміне енгізіліп, құрылысы жүргізілуде. Оның екеуі Тәуелсіздік күні қарсаңында, екеуі жаңа жылға дейін беріледі.
– Сунақата мен Қожакент ауылдық округіндегі спорт кешені Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында, Ақүйік ауылы мен Жаңақорған кентіндегі спорт кешені жылдың аяғына дейін пайдалануға беріледі. Сондай-ақ келер жылы Жаңарық, Қандөз, Төменарық, Қожамберді, Қыркеңсе ауылдық округінде МЖӘ аясында спорттық нысандар беріледі, – деді аудан әкімі журналистермен болған брифингте.
Бағдарлама аясында Өзгент, Жайылма, Қосүйеңкі, Кеңес, Екпінді, Қыраш ауылында 150 орындық клуб құрылысын жүргізу жоспарда бар. Ақүйік пен Өзгентте дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілсе, Жаңарық ауылында дәрігерлік амбулатория құрылысын салу бойынша келісім шартқа қол қойылды.
– Жалпы Жаңақорғандық кәсіпкерлер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында әлеуметтік салаға инвестиция құю арқылы табыс табуға болатынын түсінді. Бұл өз кезегінде, кәсіпкерлердің белсенділігі артуына септігін тигізді, – деді аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің сектор меңгерушісі Рүстем Ибрагимов.
Бюджеттің қарымы жете бермейтін, әсіресе, маңызы зор әлеуметтік жобаларға жеке бизнесті тарту қажеттігін Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көтерді.
ХХ ғасырдың 80-жылдарында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік идеясының заманауи түсінігі Ұлыбританияда қалыптасты. Британиялық ғалым Стивен Хокинг Линдер «ХХ ғасырдың 80 жылдардың соңындағы серпін мен қажетті реформалық дәреже алғанына қарамастан, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік билік үшін жаңашылдық емес. Он жылдан астам уақыт бұрын Америка Құрама Штаттарында федералдық үкіметте мұндай әріптестік ешқандай салтанатсыз, реформалық мөрсіз-ақ, қала инфрақұрылымын дамытуда жеке инвестицияны ынталандыру құралы ретінде қолданылды» деп пікір білдірді.
Расында АҚШ-та мемлекетпен жеке тұлғалардың іскерлік байланысы ХVІІ ғасырда қалыптаса бастады. Яғни тас жолдар мен магистральдарды салуға және т.б маңызды бағыттарға жекеменшік серторды тартады. ХХ ғасырдың 50 жылдары әлеуметтік нысандарды қаржыландыру қолға алынса, 60 жылдары қаланы модернизациялау мен қайта құруда жекеменшік кәсіпорындар қатысып, байланыс нығая түсті. Осылайша мемлекеттің экономикалық жекеменшік секторлар негізгі рөл атқара бастады. Мұндай үрдісті Қазақстан Үкіметі енгізіп, оның кәсіпкерлер белсенді қолдай бастады.
Бүгінде Бразилия, Испания, Италия, Мексика, Англия, Жапония және Францияда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бизнесті қолдап, мемлекеттік қазынаны үнемдеудің жолын тапқан. Қазақстанда да ұтымды әрі тиімді тәсілдерді игеру қолға алына бастады.
Сүттіқұдық ауылдық округінде ашылған спорт кешенінің құрылтайшысы Гүлжайна Рысбаева:
– МЖӘ кәсіпкерлердің ісіне дем беріп, батыл қаракет жасауына мүмкіндік туғызды. Сүттіқұдықта біраз жылдан бері спорттық нысан сұранып тұрған-ды. Ауыл жастарының мұратын шыңдыққа айналдыруды қолға алып, заманауи спорт кешенің тұрғыздық. Қазір ауылдан бөлек көрші елді мекеннің жастары келіп футбол ойнайды. Еркін күрес, бокспен айналысуда. Қазір ауыл мен қала өмірі теңесіп келеді. Әлем чемпиондары шығатынына сенемін, – деді.
Тоқырау жылдары ауыл-ауылдағы спорт мектептері мен филиалдары жабылып, жастардың спортпен шұғылдануы қиындады. Қазір МЖӘ аясында спорт кешендері, медициналық нысандар, мәдениет үйлері көптеп ашылып, жастардың денсаулығына, уақытты тиімді жұмсауына жағдай жасалуда.
Аудандық спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Махмұт Рақымжанов:
– Жаңақорған кенті мен Аққорған ауылдық округінде спорт мектебі бар. Басқа елді мекендегілер осы спорт мектебінің филиалы ретінде жұмыс жасайды. Алдағы уақытта Төменарық аймағы мен тау беткейге бір-бір спорт мектебі сұранып тұр, – деді.
ТҮЙІН. МЖӘ бизнесті дамытудың ұтымты тәсілі ғана емес, ауыл өміріне шырай кіргізіп, дамуына дем берген бағдарлама...
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ