Изатулла Үсенов Тәуелсіздікке тамаша тарту жасады
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Қожакент ауылдық округінде жаңа спорт ғимараты бой көтерді. 300 орындық заманауи үлгіде салынған спорт кешені Тәуелсіздік күні қарсаңында ауыл жастарына берілді. Көпшілік асыға күткен жаңа нысанды облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов ашып, айшықты іске ықыластық танытты.
Бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, дені сау ұрпақ тәрбиелеу бұл бүгінгі күннің басты межесі. Озық отыз елдің көшіне ілесу жолында бәсекеге қабілетті ұрпақ өсіру үлкен міндет. Сондықтан қазір елдің барлық өңірінде спорт кешендері көптеп бой көтеруде. Әсіресе Сыр өңірі, оның ішінде Жаңақорған ауданы көш басында келеді.
– Қазақ елінің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Сан ғасыр мұрат еткен азаттық таңының атқанына 28 жыл толды. Осы жылдар ішінде ел экономикасы даму жолына түсті. Енді елдің әлеуметтік деңгейін көтеру межесі орындалып келеді. Оның айқын көрінісі бүгінде әлеуметтік нысандар, аурухана, тұрғын үйлер мен спорттық нысандар ел игілігіне берілуде. Әсіресе Сыр өңірі осы салаға аса мән беруде. Бүгін Жаңақорған ауданы, Қожакент ауылында ашылғалы тұрған кешен осының жемісі. Сондықтан ел үшін еңбек етіп жүрген азаматтарға алғыс білдіреміз.Тәуелсіздігіміз тұғырлы, болашағымыз баянды, жастарымыз жігерлі болсын! – деді аймақ басшысы.
Одан кейін ауыл ақсақалы Сағындық Мамытов ақ батасын беріп, ауылға тарту жасап жатқан азаматқа ауыл тұрғындары атынан алғыс білдірді. Сонымен көптен күткен спорт кешені де ашылды. Өңір басшысы бастаған делегат ғимарат ішін аралап, құрылыс сапасына оң бағасын берді. Енді қожакенттік жастар спорттың 5 түрімен айналыса алады. Самбо, бокс, ауыр атлетика, қазақ күресі және волейболдан болашақта чемпиондар тәрбиеленетін болады.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында құны 275 млн теңге болатын спорттық ғимаратты ауылдың кәсіпкері, меценат Изатулла Үсенов салды. Қашанда жаны жомарттыққа жақын жанның ауыл жастарының болашағы үшін жасап жатқан игі ісіне жерлестері дән разы. Сондықтан кешеннің ашылуы қарсаңында ауылдағы ағайын Изатулла Ергешұлының иығына шапан, астына ат мінгізді.
– Біздің болашақ бүгінгі жастардың қолында. Сондықтан олардың спортпен шұғылдануы үшін қолдан келген мүмкіндікті жасау біздің міндет. Мамыр айында басталған құрылысты жыл соңында береміз деп ауылдастарға уәде берген едім. Уақыты келіп, ғимарат лентасы қиылды, әлі де ел игілігі жолында еңбек ете беретін боламыз, – деді кәсіпкер.
Қожакентте бүгінде 3500-ге жуық тұрғын болса, соның 1000-ға жуығы жастар. Мектеп жасындағы балаларға бұл ғимарат үлкен спортқа деген алғашқы қадамы болары анық. Бұл ауылдан биыл жыл қорытындысы бойынша үздік спортшы атанған талантты жас спортшы Диана Ғайбулла шыққан. Сондықтан, келешекте бокстан олимп шыңын бағындыратын жастар шығатынына сенімдіміз.
– Жалпы облыста спорттың материалдық-техникалық базасын нығайту, бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соңғы екі жылда 16 спорт ғимараты пайдалануға берілсе, оның 9-ы мемлекеттік-жекешелік əріптестік аясында атқарылған, ал, 7-уі облыстық бюджет есебінен салынған. Биыл да бұл жұмыс өз жалғасын тауып, Қызылорда қаласы мен аудан орталықтарында 18 жоба жүзеге асырылады, – деді облыстық спорт басқармасының басшысы Олжас Акимов.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ