Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ауыл таксилеріне автотұрақ бұйыра ма?

Ауыл таксилеріне автотұрақ бұйыра ма?


Жаңақорғанда не көп, такси көп. Көшеде жүйткіген кез-келген көлікке қол көтерсеңіз такси қызметін көрсетуге дайын. Әрине ағайындық ізетпен тоқтайтын кең жүректі жүргізушілерге айтарымыз жоқ. Бірақ сансыз таксидің санаулысында ғана патент бар. Яғни, мемлекетке салық төлеп, заң аясында жұмыс жасайды. Айтайын дегеніміз бұл емес, қазір орталық базар, аудандық емхана, пошта маңында кептелген көлікті көресіз. Бірі кент ішінде тасымалға жауапты, енді бірі Қызылорда, Түркістан қаласына қатынайды. Оған ауыл-ауылдан келетін көліктерді қосыңыз. Отбасының несібесі үшін көлікті тізгіндейтін азаматтарды түсінеміз, алайда тәртіп керек. Осыған байланысты аудан әкімдігі жанынан құрылған топ түсіндірме жұмыстарын жүргізді.


Бүгінде ресми орынға тіркеліп, кәсі­біңді дөңгелет десең көпшілік жанар-жағар майдың қымбаттығын алға тар­тады. Мәселе бензиннің қымбаттығы емес, мәдениеттілікттің төмендігінде-ау осы. Осы тұста, Байкенже ауылын алып қарайық. Аудандағы санаулы қоғам­дық көлік сол ауылға қатынайды. Ал таксистер сол қоғамдық көлік жолау­шыға толмайынша бағыт алмайды. Міне, мәдениеттіліктің ахуалын осыдан бағамдай беріңіз. Біз такси қызметін даттауға емес, жақтауға тырысамыз. Дегенмен, барлығы заң жүзінде болса игі.
– Такси қызметінде бетбұрыс бар. Күн сайын келіп тіркеліп, лицензия алуда. Бұл өте дұрыс қадам. Кентте жүргізілген рейд барысында бір жылда екі рет ұсталған жүргізушінің көлігі тәркіленеді. Бірінші рет ұсталған таксиске 15 АЕК, екінші рет ұсталса 30 айлық есепте айыппұл салынады. Осыны түсінген таксистер заңдастыруға ерте қамданғаны жөн. Бұрын тіркеу ақылы болса, қазір тегін жүргізіледі. Кәсіпкер ай сайын зейнетақы және медициналық сақтандыру жарнасын аударғаны абзал. Бұл қаржы өзінің келешегі үшін құйылған инвестиция екенін түсінуі қажет, – дейді аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Ерғали Абдрахманов.
Шетелдік тәжірибеге сүйенсек, такси мемлекеттің ажырамас атрибуты іспеттес. Мәселен, АҚШ-тың бір штатына бара қалсаңыз, сары түсті таксиден аттап баса алмайсыз. Сондай-ақ әйгілі Лондонда жүрсеңіз қара түсті такси, Берлинде «mercedes» маркалы такси қызмет көрсетуге дайын.
Алысқа бармай-ақ Қызылорда қаласының өзінде тәртіп күшті, көрші Шиеліде такси қызметін іздесеңіз автовокзалдың ішінен табасыз. Қазалы ауданы да ретке келуде. Ал бізде Қызылордаға, Түркістанға қатынайтын жеңіл автокөліктер мен «Хюндайлар», одан қала, кентішілік таксилері, арғысы Қожакент, бергісі М.Нәлібаев ауылдық округіне қатынайтын таксилердің барлығы аядай жерде тығылысып тұрғаны. Дүкендерге тауар алып келетін көліктер былай тұрсын, поштаның қызметтік көлігі мекемеге кіре алмай тұратынын жиі көресіз.
Такси қызметінің дамуына тағы бір кедергі, көлік тұрағының жоқтығы. Аялдама автобусқа, яғни, қоғамдық көлікке арналған. Сондықтан такси қызметін жолға қойып, кіріс көзін арттырамыз десек, такси қызметіне арнайы ережені қалыптастыру қажет-ақ. Әрине бұған біз біржақты қарамаймыз. Такси қызметкерлерінің орынды уәжі де бар. Алдымен солардың ұсыныстарынан бастайық.
Таксистер біріншіден ауылдық жерлерден келетін көліктерге арнайы автотұрақ ашып берсе дейді. Таксилер тұратын белгі қою, қоқыс жәшіктерін көбейту және барлық елді мекендерден келетін такси көліктері автовокзал ауласына кіруі талқыға түсті. Екіншіден, араларында заңмен жұмыс істейтіндер патенті жоқ жүргізушілерге айыппұл салынса деген талабы бар. Өйткені олар мемлекетке салық төлемейді. Ж бар көліктер жоқтың қасы. Сонда олар кімге ренжиді, мәселе сонда. Маңдайшасын қойсын, салығын төлесін де, кент әкімдігі мен полиция бөліміне талабын айтсын.
Енді құзырлы орындар не дейді? Біз бірінші кент әкімдігіне құлақ түрдік. Олар арнайы такси көліктері тұратын тұрақ салып беруге бекініп отыр. Бірақ қашан және қай маңнан? Оны алдағы уақытта көреміз. Аудан әкімдігінің жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөнінде ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысында аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлы шұғыл түрде тапсырма берген-ді. Ол жөнінде газеттің №90 (8303) нөмірінде Жаңақорған кентіндегі орталық базар мен автовокзал, пошта маңындағы елді мекендерден келіп тұратын такси тұрағының орнын кент әкімінің шешімімен тиімді жерді белгілеп, оның өзгергені жөнінде аудан тұрғындарына және такси жүргізушілеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажет екені тапсырылғаны жазылды. Осыған орай, Жаңақорған кент әкімінің міндетін атқарушы Жарас Мырзалиев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов, аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Есдәулет Сейловтің қатысуымен такси жүргізушілерімен түсіндірме жұмысы жүргізілді.
Түсіндірме жұмысы барысында қос тараптың да пікірін тыңдап, автовокзал иесі Әбдіхан Шайыховқа жолықтық. Белгілі кәсіпкер былай дейді: «Қалаларға қатынайтын көліктер күніне 200 теңгеден төлеп тұруларына рұқсат. Ішке кірсін, кентішілік таксилер 100 теңгеден төлеп, халыққа қызмет көрсете берсін. Тек Түркістанға қатынайтын «Хюндай» иелеріне ғана ішке кіруіне рұқсат бермеймін. Оның өзіндік себебі бар. Қалған көліктерге мархабат».
Айта кету керек, патент рәсімдеген жүргізушілер жеке кәсіпкер санатына қосылып, мемлекетке салық төлейді. Салықтың көлемі бір айдағы жалпы табыстың екі пайызын құрайды. Сонда, бір айда 100 000 теңге тапса, бар-жоғы 2 мың теңге салық төлейді. Ендігі уақытта тәртіп сақшыларының патенті жоқтардың маңдайынан сипай қоймасы анық. Өйткені аудан әкімі такси қызметін шешуді қатаң тапсырды. Салық міндеттемесін орындамаған тұлғаларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 463-бабының бірінші және екінші бөліктерімен «әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау мәндері және құралын тәркілеу» санкциясын қолдану арқылы сотқа материалдарды жолдау көзделгенін ескерген жөн.
Қорыта айтқанда, такси тәртібін жөнге келтіретін уақыт келген тәрізді. Тек атқарушы билік тарапынан тиісті жұмыстар уақыт оздырмай атқарылса игі. Біз бүгін көлік жүргізушілерге заң жүзінде әрекет етуін түсіндірсек, екінші жағынан олардың уәжін бүкпесіз жеткіздік. Қалғаны уақыт еншісінде.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ


23 қараша 2019 ж. 939 0