№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қоғамдық көлік қатынасы көңілден шыға ма?

Қоғамдық көлік қатынасы көңілден шыға ма?


Соңғы жылдары Жаңақорған кентінің территориясы ұлғайып, жаңа шағын аудандар бой көтеруде. Бұл – өз кезегінде, қоғамдық көлікке деген сұранысты арттыра түсті. Алайда, кент тұрғындарының қатынас көлігін шешуге осыған дейінгі аудан басшылары тәуекел ете алмады. Оның себебі де түсінікті. Нарықтық бәсекеде таксистердің асығы алшысынан түсіп тұр. Сондықтан, маршруттар шығынды ақтамайды. Аудан әкімі Ғалым Әміреевтің табандылығы мен талапшылдығының, кәсіпкер Әбдіхан Шайыховтың азаматтығының арқасында қоғамдық көліктер қайта қатынай бастады. Бүгінде тұрғындар маршрут қатынасына бой үйретіп, игілігін сезіне бастады. Алайда, елдің ішінде қоғамдық көлік қатынасы байланысты әр түрлі пікірлер бар...
Иә, 2017 жылдың қараша айынан бастап Қорғантоғай-Саяжай және Жаңаауыл-МАИ бекеті бағытында қоғамдық көлік жүре бастады. Өйткені, орталықтан МАИ бекетіне немесе Саяжайға дейін такси жалдайтын болсаңыз, кемінде 300-400 теңгеңізді шығындайсыз. Бұл – тұрғындардың қалтасына салмақ салатыны анық. Алғашында халық қоғамдық көліктен көп уақыт қол үзіп «таксиге» иек артып кеткен еді. Дегенмен, тұрғындар қоғамдық көліктің жеңілдігін түсініп, пайдалана бастады. Қазір аялдамада маршрут күтетін халықтың қарасы көбейген.
– Бүгінде ауданның тыныс-тіршілігін көлік қатынасынсыз елестету мүмкін емес. Қоғамдық көліктің жұмысы қайта жанданып, іске қосылғаны көңіл қуантады. Өйткені, аудан халқының саны жылдан жылға артуда. Ал, тұрғындардың басым бөлігі қоғамдық көлікті пайдаланады. Мен Саяжай ықшам ауданының тұрғыны ретінде бұл бастамаға қуаныштымын. Арнайы қоғамдық көлікпен қатынауға дағдыландым. Қазір көліктің қатынау жиілігі 15-20 минут. «Қорғантоғайдан» – «Саяжайға» дейін жүретін көліктің игілігін халық көруде. Әсіресе, күнделікті жұмысқа баратын тұрғындар мен мектепке қатынайтын оқушыларға өте қолайлы болды. Дегенмен, алдағы уақытта көліктердің санын көбейтіп, жиелігін арттырса дұрыс болар еді, – дейді «Саяжай» шағын ауданының тұрғыны Серік Мұсабаев.
Қоғам белсендісі, ардагер ұстаздың сөзінің жаны бар. Өйткені, қоғамдық көліктің жүруі орталықтан шалғайда тұратындар үшін қолжетімді, әрі қаржы үнемдеуіне мүмкіндік беруде.
– Қоғамдық маршруттар жүре бастағанда халық қатты қуанды. Әсіресе, мектепке қатынайтын оқушыларға тиімді болды. Бірақ, бастапқыда оқушылар үшін билет құны 20 теңге болатын. Қазір 50 теңгеге көтеріліп кетті. Қазір тұрғындар жаппай маршрутпен қатынауға дайын. Тек қатынау жиілігін реттесе ғой. Жаңаауылға газель 40 минутта бір келеді. Оны күткен адамның жолынан қалатыны анық. Содан тұрғындардың таксиге жүгінуіне тура келеді. Кешегі қатты суықта оқушыларға мектепке бару қиын болды. Сондай кездерде жиірек жүргізілсе, – дейді Жаңаауылдың тұрғыны Оразбек Оспанов.
– Қоғамдық көлік қатынасы халық үшін өте қажет дүние. Бұл бастама балалар үшін өте қолайлы болды. Тағы бір тиімділігі – жол ақысының арзандығы. МАИ бекетінен орталыққа жету үшін таксиге кемінде 200 теңге жолақы төлейсің. Бір күнде төрт рет көлік қатынасын пайдаланатын тұрғындарға бұл сома ауырға соғатыны айтпаса да түсінікті. Ал, маршруттардың арзандығы көп тұрғынның қолжетімділігін арттырды. Қоғамдық көлік әр 20-25 минут аралығында қатынайды. Алдағы уақытта осы көліктердің саны көбейіп, қатынау жиілігі артатынына сенемін. Жалпы, аудан әкімі Ғалым Әміреевке, кәсіпкер Әбдіхан Шайыховқа алғысым зор, – дейді МАИ бекетінің тұрғыны Жұлдыз Есенбаева.
Айта кететіні, наурыз айынан бастап тағы да үш бағыттағы қоғамдық көлік қатынамақ. Яғни, БиБек-Алтынсарин, Жеңіс және Құлан Алдабергенұлы көшесі, Сұлтан Қожанов пен №110 мектеп-лицей аралығында жүретін болады.
Жақында «Сенбілік сұхбатқа» шыққан кәсіпкер Әбдіхан Шайыхов: «Қоғамдық көліктердің жаққан жанар-жағармайы, бұзылған бөлшектері таң атқаннан күн батқанға дейін жүрген 50 теңгелік жолақымен ақтай алмайды. Сондықтанда кент тұрғындары таксиден гөрі, қоғамдық маршруттарға мінуді әдетке айналдыруы керек. Сонда ғана маршруттардың қатынауы баянды болады», – деген еді.
Біз де сол көліктермен қатынауды жөн санап, редакция тұсынан ондаған минут күтіп, МАИ бекетін бағытқа алдық. Су жаңа көліктің ыңғайлылығында сөз жоқ. 12-13 минутта «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолына жақындадық. Жол ақысын төлеп, кері шықтық. Расында, қоғамдық көліктерге халық үйрене бастапты. Әр аялдамадан екі-үш, төрт-бес адамнан мініп, лезде көлікті толтырды. Маршрут ішінде қызу әңгіме. Бәрі қолжетімді әрі ыңғайлы қатынас құралының қайта шыққанына дән риза. Олай болмағанда ше, МАИ бекетінен орталыққа шықса үлкен жолдың бойында сырттан келе жатқан көліктерді тоқтатуға тура келеді. Аудан орталығына арнайы жұмыспен келе жатқан көліктер тоқтай қоя ма? Сосын жол бойында жаурап-жасынап тұрғаны. Орталықтан таксисттерді телефон арқылы шақыртса, «әкесінің құнын» айтаныны жасырын емес. Ал, маршруттар жүргелі уақытында аялдамаға шығып орталыққа қиналмай жетеді. Мұны Айгерім есімді жолаушының әңгімесінен түйдік.
Жазира есімді келіншек кезінде базарға екі-үш аптада бір-ақ рет келгенін, қоғамдық көліктер қатынағалы күніне бір рет орталыққа келуге мүмкіндік туғанын айтып отыр.

ТҮЙІН. Халық арасында бастамалардың игілігін түсініп, қолдайтындар да болады және бардан сын іздеп, көңілі толмайтындар да аз емес. Қалай болғанда да, халық тұтына бастаған қоғамдық көліктердің ғұмыры ұзақ болғаны дұрыс. Ол үшін Жаңақорған кентінің әкімдігі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, Жаңақорған ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы, жергілікті полиция қызметі бірлесе заңсыз такси қызметін шектеп, такси қатынасының ережесін бекітіп, қоғамдық көліктердің қатынауына ыңғайлы жағдай жасағандары абзал. Халық та жергілікті биліктен осыны күтеді. Себебі, бұл күндері аялдамада қоғамдық көлікті күтіп тұрған тұрғындарды такси жүргізушілері 50 теңгеден алып кетіп жатқанын талай мәрте көз көрді. Бәсекеге шыдамаған таксистердің жолақысын тең жартысына төмендетуі, қоғамдық маршрутқа өзіндік әсерін тигізбей қоймайды. Бұл бағытта байкенжелік ағайынның берекелі ісін үлгі етуге тұрарлық. Ол ауылда ең бірінші кезекте аудан орталығына қатынайтын қоғамдық маршрутты кісіге толтырады. Соңынан барып, такси қызметі жұмысына кіріседі. Яғни, мәдениеті артқан елдімекеннің ел қызығарлық ісі кент орталығында да қолдау тапса игі.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
10 ақпан 2018 ж. 1 948 0