№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жол апаты неге жиіледі?

Жол апаты неге жиіледі?


Кейінгі кездері Жаңақорғанда жол-көлік оқиғасы жиілеп кетті. Осыны ескерген аудан әкімі Сұлтан Мақашов құқық бұзушылық профилактикасы жөнінде ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысын өткізді. Оған аудан прокуроры, полиция бөлімінің бастығы, сала басшылары, денсаулық сақтау саласының жауапты мамандары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Күн тәртібінде құқық бұзушылық, оның ішінде жол көлік оқиғасын алдын алу жөнінде талқылады.


Мінбеге аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Ғани Тұрсекеев көтеріліп, жағдайды егжей-тегжей баяндады.
Жыл басынан 35 жол көлік оқиғасы орын алып, одан 17 адам қаза тапқан. Оның екеуі жасөсіпірім. Өткен жылмен салыстырғанда адам өлімі екі есеге өскен. Атап айтқанда, жол көлік оқиғасының жетеуі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жолының бойында орын алып, төрт адам бақилық болды. Жаңақорған кентінде 18 оқиға тіркеліп, төрт жолаушы қайтыс болды. Ал Байкенже-Көктебе жолында 11 жол көлік оқиғасы болып, тоғыз адам өлді. Жол көлік оқиғасының 9 жағдайы жылдамдықты шамадан тыс арттырып, жолдан шығып, аударылды, 11 жағдайда автокөлік бір-бірімен соғысса, 6 дерек мас күйінде көлік басқарғаны жөнінде анықталды. Жаяу жүргіншіні қағып кетуден 8 адам, мал қағудың нәтижесінен бір адам бақилық болды.
Соңғы жылдары ауданда көлік саны артты. Қазір 12314 көлік болса, оның 9113 жеңіл авто көлігі. Оған Ресей, Армения және Қырғызстаннан келген 500-ден аса көлікті қосыңыз. Аудан орта­лығындағы көшелердегі жол белгілері мен бағдаршамдар талапқа сай емесі бар. Көлікті сауатсыз тізгіндейтін жүргі­зушілерде аз емес. Осының бәрі жол апатының жиілеуіне себеп.
Аудан басшысы жол көлік оқиғасының алдын алу жолдарын сұрады.
– Жыл басынан бері жол қозғалысы бойынша 5772 әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы хаттама рәсімделді. Оның 98-і мас күйінде автокөлік бас­қарған. Жол ережесін бұзушыларға қатаң шара көрілуде. Бірақ жол көлік оқиғасы азаймай отыр. Көлік басқаратын адамның мәдениетін көтерген абзал. Екінішіден, кенттегі ірі-ірі көшелерде жылдамдықты тежейтін жасанды кедер­гіні көбейту керек. Үшіншіден, кентте кәсіпкерлердің көмегімен «Сергек» бейне бақылай құрылғысын орнату және Көктөбе, Бесарық ауылы тұсында бейне камераларын қою қажет, – деді Ғани Асанұлы.
Сұлтан Ысқақұлы кент әкімінің мін­детін атқарушы Жарас Мырзалиев пен полиция бөлімінің бастығы Ғани Тұрсекеевке орталық көшелерде орна­ласқан 360 градустағы бейнені бақы­лайтын 28 камералар неліктен нәтиже бермейтінін сұрады.
Қос басшының сөзінен белгілі болғаны, полиция бөліміне бейне камералардың мониторы (экран) берілгенімен процес­соры кент әкімдігінде. Арнайы кабинетте полиция қызметкерлері жолда жүру ережесін бұзған жүргізушілерді бақылап отыр, бірақ нақты шара көре алмайды екен.
– Бірнеше күнде акт арқылы бейне камераға қатысты барлық механизмді полиция бөліміне аласыз. Сол арқылы жолда жүру ережесін бұзғандарға қатаң шара көріп, құқық бұзушылықты анықтайтын боламыз. Көшеге мусор тастағандарды да бақылауға мүмкіндік туады, – деді полиция бастығы.
Аудан басшысы кент көшелердегі жол белгілері мен бағдаршамдарды қажеттілігіне қарай зерттеу жүргізуге, жүк көліктерді кент сыртындағы айналмалы көшелер арқылы жүргізуді, көшедегі бейнекамералар арқылы бақылауды, жол ережесін бұзғандарға қатаң шара көруді тапсырды.
– Рейдтік шараларды күшейтіп, айып­пұл салынуда. Бірақ, аға-көкесін араға салып, мәселені шешкісі келетіндер көп. Көп жағдайда мемлекеттік қызметкерлер жолда жүру ережесін сақтай бермейді. Кейбір басшылардың өзі тәртіпке бағынғысы келмейді. Заң ортақ. Осыны ескеру керек, – деді полиция полковнигі.
Жыл басынан бері жол ережесін бұзған 181 факті анықталып, 26-на айыппұл салынса, 111-ы көлік басқару құқығынанан айырылды, 24-і қамауға алынды. Өкініштісі ереже бұзатындардың көбі көлік басқару құқынан айырылған жүргізушілер. 12 қарашада №51 мек­тептің мұғалімі мас күйінде ұсталды. Ол бұған дейін ішімдік ішіп басқарып, 3 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған еді. Осы мәселеге байланысты аудан әкімі білім бөліміне шара көруді тапсырды.
– Қазір жаяу жүргіншілер жолымен жүру қорқынышты. Көліктер ережені сақтай бермейді. Тіпті бағдаршамның қызыл түсіне қарамайтындар бар. Орта­лық базар, аудандық емхана, пошта маңында такси қызметі ретсіз, жүйесіз қызмет жасайды. Елді мекендерден келетін таксилерге арнайы автотұрақ жасап, сонда шығару керек. Полиция тәртіпті күшейту керек. Басқа жол жоқ. Егер мемлекеттік қызметші ереже бұзса шара көріңіздер, – деп тапсырды аудан әкімі.
Аудан прокуроры Дарын Әбіш жол көлік оқиғасының артында адам тағдыры тұрғанын айтып, тәртіпсіздіктің негізгі себептерін атады.
Біріншісі, жол белгілері талапқа сай емес.
Екіншісі, полиция қызметінің дәрмен­сіздігі.
Үшіншіден, орын алған жағдайларды терең талдап, нақты шаралар бел­гілен­бейді.
Прокурор Дарын Елтайұлы:
– Қызылорда қаласынан полиция қыз­мет­керлері Жаңақорғанға арнайы келгенінде тәртіп орнайды. Неге? Себебі ұстайды, қамайды. Сіздер де талапты күшейтіп, қатал болыңыздар, – деді.
Айта кететіні, қыс мезгілі есіктен сығалап тұр. Қарлы, мұзды уақытта жол көлік оқиғасы артатыны белгілі. Сондықтан 1-желтоқсаннан бастап Әкім­шілік кодексінің 590 бабының 5 бөлігіне сәйкес көліктің дөңгелегі талапқа сай жабдықталмаса бес айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынады.
Қысқасы, енді жолда жүру ере­желерін сақтамаған жүргізушіге қатаң шара көретін болды. Қадірлі ағайын, көлікті дұрыс тізгіндейік!

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
19 қараша 2019 ж. 734 0