№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Елтаңба авторы Екпіндіден шыққанын білесіз бе?

Елтаңба авторы Екпіндіден шыққанын білесіз бе?


Ғасырға жуық тарихы бар Екпінді ауылы несімен мақтана алады десеңіз, ең алдымен елге еңбегі сіңген ұлы тұлғалар, дарынды азаматтар шыққан киелі мекен бұл. Соцалистік Еңбек ері Әлі Исаев, Халипа Түлкібаева, Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков және өзге де қазақ қоғамында ұлттық мүдде жолында қызмет еткендер туылған шаңырақ. Бүгінде 170-ке жуық түтіні бар ауылдың тыныс-тіршілігі тұрақты, экономикасы өркендеу жолында. Сондықтан Сырды бойлай қоныстанған ауылдың дамуы мен күрмеуі көп мәселесін назарға алып көрмекке ауылға жол тарттық.


Алдымен ауыл тарихын қазбалап көрейік. 1926 жылы Кеңес Үкіметінің ұжымдастыру кезеңінде «Байзақкөл» кооперативтік бірлестігі болып, одан кейін 1930 жылы Төменарық ауылдық кеңесіне қарасты «Екпінді» ұжымшары болып құрылады. 1962 жылы ірілендіру саясатымен «Красная звезда» ауылдық кеңесінің құрамына енді. 1963 жылы қайта Төменарық ауылдық кеңесінің құрамына енгізілді. 1965 жылдан 2005 жылға дейін Сунақата ауылдық округінің бөлімшесі болып келді. 2005 жылы еншісін алып, өз алдына ауылдық округ болып құрылады. Осындай кезеңдерден өткен елді мекеннің бүгінгі бейнесі көркемделген. Қысқаша ауыл тарихы осындай.
Жалпы тұрғындардың негізгі еңбек көзі ауыл шаруашылық саласы. Егін мен мал шаруашылығын ата кәсіпке айналдырған екпінділік ағайын биыл қамбаға астықты төкпей-шашпай жинады. Күріштің әр гектарынан 60 центнерден жоғары өнім алды. Ауылда аяқ су мәселесі күрделілеу болғанымен, ауыз су шешілген.
– Ауыл тұрғындарының еңбек көзі шаруа қожалықтардан нәпақа табу. Негізгі кәсіп көзі шаруашылық иелігінде. Бізде ауыз су мәселесі оңтайлы шешілген. Елді мекен тұрғындарын «Жиделі» топтық су құбырынан келетін ауыз су қамтамасыз етуде, – деп әңгіме бастады ауыл әкімі Қайрат Қожамжаров.
Өзге ауылдар секілді 2 мыңнан астам халқы болмаса да ауылда кәсіпкерлікке бет бұрғандар бар. Әсіресе жастар белсенді. Ауылда 90-ға жуық кәсіпкерлік субъекті болса, биылғы 9 айдың ішінде 12 кәсіпкер тіркелген. Жыл сайын егіс көлемі ұлғайып келеді. Мәселен 2018 жылы 877 гектарға дән тасталса, биыл 900 гектардан асырыпты.
– Егін бағытында күріш пен жоңышқаға басымдық береміз. Ал техника жеткілікті деуге келмейді. Тракторлар мен бір соқа және бір дән сепкіш техника бар. Күзде егін жинау науқанында комбайндар жетіспей жатады. Дегенмен, дала диқандарының жерге еткен еңбектері жерде қалып жатқан жоқ. Жыл сайын егіс көлемін ұлғайтып, жастарды жұмысқа тартып, осы салаға бейімдеу керекпіз. Себебі, аграрлы сала ауыл тұрмысының түзелуінің бірден-бір кепілі екенін білеміз, – деді ауыл әкімі.
Енді әлеуметтік саланың серпінін бағамдасақ. Елді мекендегі аз қамтылған отбасыларға демеушілер арқылы қолдау көрсету жолға қойылыпты. Бұл бағытта қоғамдық ақылы негізде көктем-күз айында онға жуық тұрғынды жұмыспен қамтитыны белгілі болды. Оған қоса, ауылда 52 отбасы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алады екен. Оның ішінде, 12 отбасы қолдау қаржыны игілігіне икемдеп, сауын сиыр сатып алып, айран-сүті мен құртын пұлдап отыр екен.
– Жалпы ауыл әлеуеті жақсарып, экономикасы жылдан жылға дамып келеді. Жұмыссыздық мәселесі де оңынан шешімін тауып, тұрғындардың тірлік етуге деген ықыласын кәсіпкерлік саласы ынталандыруда. Бүгінде ауылда 87 ардагер бар. Аядай ғана ауыл болсақ та өрлеудің жолында келеміз. Мүмкіндігінше жастарға қолдау көрсетіп, кәсібіне жол сілтейміз. Ауылда спорт, мәдениет саласы бой түзеп келеді. Тындырымды тірліктер аз емес. Әр нәрсе кезең-кезеңімен, уақыт өткен сайын бұрынғы тоқыраудың іздері өшіп, жаңарудың, алға жылжудың жолындамыз. Соған шүкір деп отырамыз. Ең бастысы ағайыннан ауызбіршілік, жастардан жігер кетпесе болды, қалғаны уақыт еншісінде, – деді ауыл ақсақалы Нағышбек Боранбаев.
Қысқаша түйіндегенде, ауылдың бүгінгі келбеті осындай. Ауыл тұрғындарын толғандыратын мәселелердің қатарында көпір, көше жарығы және аяқ су екен.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
05 қараша 2019 ж. 845 0