» » » Бейсенбек Ақылбекұлы елге қандай еңбек сіңірді?

Бейсенбек Ақылбекұлы елге қандай еңбек сіңірді?

Байкенже ауылдық округінде өткен «Алтын күзім, армысың!» атты мерекелік шара еңбек ардагері Бейсенбек Ақылбекұлының 90 жылдығымен орайластырып өткізілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен шараға Алматы, Шымкент, Қызылорда қаласынан және Жаңақорған ауданынан құрметті қонақтар келді.

Алдымен Бейсенбек Ақылбекұлының атынан өткен шағын футболдың ашылу салтанаты болды. Оған Өзгент, Ақсуат, Машбек, Қожамберді, Қыркеңсе, Төменарық, Билібай, Байкенже ауылынан құрылған командалар қатысты.
Шараны ашқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов салауатты өмір салтын ұстанудың маңызына тоқталды. Мерейтойлық шараны ұйымдастырушының бірі – Бекахмет Ақылбеков әке тәлімі жайында сөз өрбітіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Одан кейін ауылдың орталық алаңына Бейсенбек Ақылбекұлының есімін беру рәсімі өтіп, лентасы қиылды. Салтанатты шараны ашқан аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Ілиясов:
– Күз – адам баласына молшылық, береке әкелетін мезгіл. Сондықтан да адамдар күзге берекелі күз, алтын күз деп баға берген. Байкенже – мал шаруашылығын дамытқан бірден-бір ауыл. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары уран өндірісіне атсалысып жүр, – деді.
Мәслихат хатшысы шаруашылық жұмыстарда белсенді еңбек ететін шаруа қожалықтарды марапаттауды ұмыт қалдырмады. Атап айтқанда, «Байкенже» шаруа қожалығының төрағасы Кәнетбек Кенбаев, «Билібай» шаруа қожалығының төрағасы Байтемір Ордабек, «Балапан» шаруа қожалығының төрағасы Ғабит Мелденов, дара кәсіпкер Әбдібіләл Жүсіпов марапат биігінен көрінді. Сондай-ақ №193 мектептің педагог-психологы Ізәтіллә Бекмырза, №255 негізгі мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айнұр Елшімановаға «Алғыс хат» табысталды. Ал «Күміс алқа» белгісі Айнұр Аязбаеваға берілді.
Ауыл әкімі Нұрғали Оспанов берекелі күзде ауылдың қалыптасуына еңбек сіңірген Бейсенбек Ақылбековтың ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетіне тоқталды.
1962 жылы «Красная звезда» совхозы құрылады. Бейсекең мүйізді ірі қара фермасына зоотехник болады. 1970 жылы Төменарық совхозының №3 фермасында меңгеруші ретінде қызметін жалғастырады. 1972 жылы №2 ферманың меңгерушілігіне ауысады. Осы жылдары №2 ферманың көрсеткіші көтеріліп, шаруашылықтың жұмысы өрге жүреді. 1975 жылы төл алудан, ет пен жүн өндіруден бесжылдықтың жоспарын артығымен орындап, облыста чемпион атанып, ауыспалы Қызыл туды алады. Осылайша Байкенже ауылының қалыптасуына еңбек сіңіреді. 1986 жылы Алмалық бау-бақша совхозына ауысып, сонда зейнеткерлікке шықты.
Ауданға танымал ел ағалары Мұзараф Махмұд, Серік Мұсабай, Балтабай Серкінбайұлы және Бейсекеңнің ұлы Бақытжан Ақылбеков пен туысы Сайлау Асқарбаев сахна төріне шығып, естеліктерімен бөлісті.
Ардақтысын іздеген елдің ықыласты тірлігіне сүйсініп қайттық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі мәні – елдің дамуына үлес қосқан тұлғаларды дәріптеу емес пе?! Байкенжеде тұлғатануға бағытталған шынайы шараға куә болдық.

Нұрлат АЙТЖАН
09 қазан 2019 ж. 820 0