№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЕЛТАҢБА АВТОРЫ ЕКПІНДІДЕ

ЕЛТАҢБА АВТОРЫ ЕКПІНДІДЕ


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі деген болатын. Иә, әрбір адамның туған жері, оның тауы мен тасы, шөбі мен суы өзіне ыстық, бәрінен де қастерлі. Оған тағзым ету әр пенденің перзенттік парызы. Жыл да перзенттік парызын сағынышына сыйдырып, ағайын-туыс, дос-жаранына сәлем беретін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков жуырда туған ауылы Екпіндіге келді.


Ауылдағы ағайынға сәлем беріп, немерелерін ауылдың шаңына аунатып, ат шаптырты. Келесі күні ас беріп, Құран бағыштады. Жерлестерімен пікір алмасып, ой бөлісті, олардың ыстық ықыласын қабыл алды.
– Жандарбек ініміз бір рудың, бір ел­дің ұлы емес, ол дүние жүзіндегі қаны қазақ қандас бауырларға ортақ тұлға. Міне, қазақтың әрбір перзенті осындай болуы тиіс. Өйткені қазақ елі кешегі небір алмағайып кезеңдерді бастан өткізіп, енді еңсе көтеріп келеді. Осы егемендігімізді қадір тұтып, елге адал қызмет ету парыз, міндет. Сондықтан жастарға өнеге көрсетіп, ісімен ғана емес, адами болмыс-бітім, азаматтығымен ортамызда жүрген Жандарбекке рахмет айтқымыз келеді, – деді ауылдың үлкені Қали қария.
Қали қария бастап, Жандарбек Мәлібекұлының дос-жаран, ағайын-туыстары ізгі тілегін білдірді. Қуат, Айгүл есімді сыныптастары балалық шақтағы естен кетпес естеліктермен бөлісті. Ал ауданнан арнайы келген Әбутәліп Сүйіндіков, аудан әкімінің әйелдер ісі және отбасы демографиясы жөніндегі кеңесшісі Әзия Қыстаубаева мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аягөз Айдосова да жылы лебізін білдірді.
– Жандарбек ағамыздың тек Елтаңбада ғана қолтаңбасы қалған жоқ, ауылдың әлеуметтік дамуына үлес қосты. Бір ғана мысал, мешіттің салуына ықпал еткен Жақаң болатын. Пойызбен ары-бері ауылдың тұсынан өтіп тұрғанда Алла үйін, ауылдағы ағайынның амандығын көріп тұрайын деген болатын. Міне туған жерге деген шынайы махаббат осы, осындай қасиет жастарға үлгі болары сөзсіз. Сондықтан дарын иесі ғана емес, азаматтықтың асыл бейнесін көрсеткен тұлға ретінде бізге бағдар бердіңіз, – деді ауылшаруашылық саласының ардагері Әбутәліп Шәймерденұлы.
Ас соңында кездесу иесі жаңа үлгіде жасалған Елтаңбаны ауыл әкіміне табыстады. Сондай-ақ, кітаптарды ауылдағы мешіт, мектеп, кітапхана және көрші ауылдардан келген ұстаздарға үлестірді.
– Әркімге туған жері ыстық. Адамзат баласы дүниеге шыр етіп келген жеріне кіндігімен байланады. «Туған жер» деген қасиетті ұғымды төбемізге қойып, қастерлейтініміз де сондықтан. Қаз басқан қадамымызға, жетістіктерімізге, ат жалын тартып азамат болғанымызға куә болған сол аяулы мекен туралы естеліктер әрбіріміздің жүрек түпкірімізде сақтаулы. Күнделікті күйбең тірліктен қол босамай, туған жерге ат ізін салмай кетсек те оған деген ықыласымыз әрбіріміздің көңіл төрімізде тұр., – деген Жандарбек Мәлібеков келер жылы қайта қауышатынын жеткізді.

Әли ТЕМІРБЕК
03 тамыз 2019 ж. 1 148 0