Жаңақорғанның шығармайтыны жоқ
Жаңқорған кентінде Сыр өңірінде баламасы жоқ керамзит кірпіш өндіріледі. Белгілі кәсіпкер Нарзулла Искаков аймақта алғаш болып бентонитті балшықтан кірпіш өндіретін кәсіп түрін қолға алды. Зауыттың іргетасы бой көтеріп, келер жылдан бастап кірпішті өндірмек. Мән-жайды кәсіпкердің өзінен сұрадық.
– Зауыт құрылысы жыл соңында бітсе, бұйыртса ерте көктемде іске қосамыз. Жеріміз табиғат байлығының түр-түрінен кенде емес. Керамзит кірпішін өндіру туралы идея Өзбекстанға сапарлатып барғанда туды. Көшедегі кірпіш жарнамасын көзім шалып, құрамына қызықтым. Бентонитті балшықтан кәдімгі кірпіш жасап шығарыпты. Қатты қызыққаным соншалық қыр-сырын іздей бастадым. Ең бірінші мені бентонитті балшықты қайдан аламын деген сауал қызықтырды, – деп әңгіме өрбітті ол.
Кәсіпкер сұрастыра келе, мұндай саз балшық Кеңес үкіметі кезінде Жаңақорған ауданындағы Аққұм деген ауыл маңайында қазылып, Ресейге жөнелтілгенін анықтайды. 1971 жылы Жаңақорғанның сазынан көрші мемлекет өнім шығарған екен. Кәсіпкер осыдан кейін-ақ әлгі аумақтың топырағын сараптамаға жіберіп, өзі кірпіш өндірудің тех-никасын меңгеруге кіріседі. Осы жаңалықты естіген соң Аққұмға жол тарттық. Ел тарихына көңілі жетік, әрбір істің басы-қасында жүретін Тілеухан ақсақалға жолығып, құпиялы саздың кереметіне қанықтық.
– Ауылдан керамиканың шыққанына жарты ғасырдан асты. Бастапқыда Кеңес үкіметі сараптамадан өткіземіз деп тереңдігі 3 метр, ені 40, ұзындығы 60 метр болатын шұңқырдан керамиканы қазып алды. Бұл жағдай 1995-96 жылы да қайталанды. Сыр өңірінде жүзеге асырылмайды деп Алматыда өндіру көзделген. Бірақ бәрі аяқсыз қалды. Қазір сол балшық толы шұңқыр әлі бар, жаңбыр жауса іші суға толады. Өйткені, керамика суды жерге сіңдірмейді. Қаншама жыл қараусыз жатқан балшықтан кірпіш өндіреміз дегенді естіп қуанып қалдым. Табиғат байлығының осылай қараусыз қалуынан гөрі кәдеге асқаны жақсы ғой, – деді ауыл ардагері.
Керамзит кірпіш өндіретін бірден-бір зауыт Талдықорғанда ғана бар екен. Себебі, бентонитті саз балшық тек сол қала аумағынан табылады дейді мамандар. Егер жол түсіп Талдықорғанға барсаңыз міндетті түрде керамзит кірпіштен қаланған тұрғын үйлерді көресіз. Енді керамзит кірпіш Қызылорда нарығына да шығатын болады.
– Аға, бұл кірпіштің басқа кірпіштерден айырмашылығы қандай?
– Оның басқа кірпіштерден айырмашылығы көп. Ең бастысы бұл таза табиғи өнім. Құрамында ешқандай химиялық қоспасы жоқ. Үйдің іші қыста жылы, жазда салқын болады. Бағасы да қолжетімді, – деді кәсіп иесі.
Кірпіш зауыт ашылса арнайы мамандар да дайын екенін білдік. Кірпіш құрамына қосылатын бентонит туралы ақпарат көздерінен мәлімет іздеп көрген едік. Ол – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте кеңінен қолданылатын ұнтақ екен. Оның құрамында темір, магний, марганец, калий, натрий, кремний, фосфор, мырыш сынды қоспалар бар. Бентонитті саздан алдымен керамзит алынады, ал керамзитті ұнтақтан кірпіш жасалады. Кәсіпкердің айтуынша, қоңыр түсті кірпіштің салмағы жеңіл болғанымен, сапасы мықты.
Айта кетейік, кәсіпкер жылдық қуаттылығы 7-8 мың тоннадан асатын «Қуат-әк» ЖШС-ның иесі. Бүгінде олардың извест өнімі Алматы, Түркістан облыстарынан Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне де экспортталуда.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ