№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ОТАНДЫҚ ӨНІМ: ЗАМАНАУИ КІРПІШ ЖАҢАҚОРҒАНДА ӨНДІРІЛЕДІ

ОТАНДЫҚ ӨНІМ: ЗАМАНАУИ КІРПІШ ЖАҢАҚОРҒАНДА ӨНДІРІЛЕДІ


Тақырыптан белгілі болғандай, еуропалық стандартқа сай лего-кірпіш ендігі кезекте Жаңақорғанда жасалады. Заманауи кірпіштің өзге құрылыс материалынан қандай өзгешелігі бар екенін білмек мақсатта жаңақорғандық Жомарт Шәуеновтың шағын зауытына бардық. Атшаптырым ауласы болмаса да, алақандай ғана аула да ауыз толтырып айтарлық қарекет жасауда. Бұған дейін тас төсеніштерін шығаруды жолға қойған кәсіпкер кәсібін кеңейтіп, құрылыс өнімін шығаруды өрге домалатуда. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары ауданда тұрғын үй соғу, баспананы жаңғырту, жаңа құрылыс салу қарқын алды. Міне, осы тұста, сұранысқа сай өнім өндіруді өзіне кәсіп еткен Жомарт Шәуенов есімі ерек лего-кірпіштің жасалу технологиясымен таныстырды.
– Мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысамын деген ынталы азаматтарға көптеген қолдау көрсетілуде. Негізі бұл бизнес-жобаны аудандық кәсіпкерлер палатасына ұсынғанымда қуана құптады. Шынында, әзірге Қызылорда облысы мен Түркістан аймағында жоқ жоба. Сондықтанда болар, қаржыландыру тетігі де табыла кетті. Яғни, кәсіпкерлер палатасының үйлестіруімен Өңірлік инвестициялық орталығынан 2 млн теңге демеу қаржыға ие болдық. Жеңілдетілген қаржыға Ресейден лего-кірпіш пен шлакоблок құятын аппарат, еуроқұрылғы, миксер секілді заманауи жабдықтарды сатып алдық. Шүкір, бүгінде кірпіш құю технологиясын игеріп алдық.
Жақында ғана, аудан әкімі Ғалым Әміреевтің өзі келіп, шағын зауыттың жұмысымен танысты. Шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетуге даяр екенін жеткізді. Әрі заманауи кірпіштің жасалу технологиясына оң бағасын берді, – дейді кент тұрғыны Ж.Шәуенов.
Сондай-ақ ол лего-кірпіштің артықшылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл кірпіштің басты ерекшелігі – құрастырмалы әрі төзімді. Оған қоса, баспананың қабырғасын өруге кететін уақыт қысқарады. Өйткені, кірпіш екі үлгіде шығарылады. Біріншісі – ойық, екіншісі дөңбек болады. Осылай ұяшықтары арқылы бір-біріне киіледі. Отандық өнімнің шикізаты да өзіміздің өңірден.
– Лего-кірпіш Еуропада жиі қолданылатын құрылыс материалы ретінде танымал. Өте берік және тығыз болады. Он бес тонналық гидравликалық қысыммен нығыздаудан өтеді. Құрамына келсек; Ақүйік тауының ірі құмы, Шалқияның жуылған майда қиыршағы, және цемент пен арнайы қоспа қосылады. Гипер престеуден өткен лего-кірпіш беріктігі жоғары және тұзданбайды. Сәулетті келбетімен де ерекше. Тапсырыс берушінің талғамына сай кез келген түсте шығарамыз – деген кәсіпкер қазіргі таңда Түркістан қаласынан түскен 30 мың дана тапсырысты орындау үстінде екен.
Иә, бұрындары тұрғын үй құрылысын бастаған қауым қит етсе, Түркістан қаласына жол тартатын еді. Өйткені, көрші шаһарда таңдау мен талғам бар. Бәсеке мен қолжетімді тауар бар. Міне, енді түркістандықтар Жаңақорған нарқына жүгінуде. Бұлда болса, «қимылдағанның қыр асатынын» көрсетсе керек. Ертелі-кеш еңбек пен инновациялық ізденімпаздық бәсекеге қабілетті өнім шығаруға жол бастады. Ендігі тек отандық өнімге қолдау көрсету ғана қалды. Түйін орнына, тұздық болсын. «Біз өз кәсіпкерлерімізді қолдауда, әрқайсымыз отандық өнімнің тұрақты әрі белсенді тұтынушысы болуымыз керек. Бұл біздің бойымызда патриоттық рухты қалыптастырып, жани түседі. «Қазақстанда жасалған» әрбір бұйымда төрт қасиеттің болуын айрықша атады. Олар: сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан. Бұл Елбасы Жолдауында айтылған. Сондықтанда Сыр еліндегі «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» аясында жергілікті жерде өндірілген отандық өнімдерге дұрыс көзқарас қалыптасса игі.

Әбдісамат ӘБДІШ.
15 мамыр 2018 ж. 1 305 0