№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Танымал тұлғалар шыққан мектеп 50 жылдығын атап өтті

Танымал тұлғалар шыққан мектеп 50 жылдығын атап өтті


Жаңарық ауылдық округіндегі №167 мектеп өз түлектерімен мақтанады. Олардың ішінде Сейілбек Шаухаманов, Сайфулла Абдраимов және Құдайберген Жұмаділлаев сынды тұлғаларды ерекше атауға болады. Елдің дамуында өзіндік ізі бар Бердібек Сапарбаев та осы мектептің мақтанышы. Дана халқымызда «Ұстазға құрмет көрсету көрегендіктен» деген тамаша сөз бар. Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың басы қосылса төр – ұстаздыкі» дейтіні содан болса керек-ті. Жарты ғасыр бұрын ұшқан білім ордасына шәкірттік ілтипатын білдіріп, ұстаздарға құрмет көрсете келген ел ағаларының азаматтық ісінен елшілдікті танып, марқайдық, масаттандық.


ХХІ ғасыр – интеллектуалды ой-өрісі кең, бәсекеге қабілетті адамдардың уақыты. Сондықтан әлем елдері адами капиталды дамытуға күш салуда. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың адами капиталға басымдық беруі де содан. Ал, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаз мәртебесін арттыру арқылы сапалы адами капиталды қалыптастыру жолын саралады.
ХХ ғасырдың 30 жылдары білім беруде өзіндік жолы, дәстүрі қалыптасқан №167 мектептің негізі қаланды. 1959 жылы сегіз жылдыққа көшсе, 1967 жылы орта білім беретін мектепке айналды. Сол кездегі мектептің алғашқы қарлығаштарының қанат қаққанына 50 жыл өтіпті. Араға жарты ғасыр салып қауышқан рухтас, сыйлас достардың емен-жарқын кездесуі ерекше өрбіді.
Мектеп ұжымын мерекемен құттықтай келген облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов:
– Ел ағаларының жарты ғасырдан кейін мектеп қабырғасына келіп, ұстаздарға құрмет көрсетуі жастарға үлгі-өнеге. Тәлімі теңіз, рухы асқақ ұстаздардың алдын көріп, білім нәрімен сусындаған кешегі шәкірттер бүгінгі күні ұлтқа қызмет етудің туын шықпай келеді. Сондықтан, еңбектеріңіз еленіп, әлі де ел үшін қызмет жасай беріңіздер, – деді.
Бүгінде заманауи білім дағдыларын меңгерген, әлем тілдерін еркін меңгерген, бәсекеге қабілетті жастарға жан-жақты білім беру басты міндет. Осы бағытта мектептерді материалдық тұрғыда жан-жақты қолдаудың тетіктері қалыптасты. Мәселен, облыста апатты және үш ауысымдық мектептер жойылды. Алдағы уақытта да жоспарға сәйкес заманауи талаптарға сай жасақталған мектептер бой көтеретін болады. Білім беру саласының материалдық базасын нығайтумен қатар ұстаздардың біліктілігін арттыруға және жастардың Ресейдің үздік жоғары мектептерінде білім алуына жағдай жасалды. Мәселен, Мәскеу мен Санкт-Петербургтің озық оқу орындарында білім алған түлектер бітіріп келіп, аймақтың дамуына үлес қосатын болады.
Жаңақорған топырағынан түлеген тұлғалар елге шынайы қызмет етіп келеді. Бірнеше өңірдің тізгінін ұстап, елдің дамуына үлес қосқан Бердібек Машбекұлы мазмұнды кеште естелігімен бөлісті.
– Арманшыл ауыл жастарының өмірден кетігін тауып, кірпіш боп қалануына баспалдақ болған қасиетті орданы әркім ерекше ілтипатпен еске алады. Елу жыл деген – бір адамның өмірі. Осы жылдар ішінде қаншама нәрсе өзгерді. Ұстаздардың біразы өмірден озды. Олар арамызда болмаса да санамызда сақтаулы. Біз оларды мақтан тұтамыз. Білім нәрімен сусындатқан мұғалімдердің өнегелі жолы бізге жарық сәуле болды, – деді мемлекет және қоғам қайраткері.
Мерекеде Бақыт Нұртазаевтың «Жарты ғасырға жалғасқан жол» атты кітабының тұсауы кесілді.
Шәкірттерімен кездесу кешіне ұстаздары да арнайы келді. Оқушылардың француз тілін меңгеруге жауапты болған ұстаз Айнаш Сәденова және салауатты өмір салтын ұстануда бағыт-бағдар көрсеткен Ибадулла Оразалиев, Гүлбазар Айдауылова төбе көрсетті.
– Қайран, уақыт-ай! Оқушылардың барлығы білімді, тәртіпті болды. Кеше ғана тай құлындай тебісіп жүрген балалар бүгін алпыстан асып, ел ағасы болды. Бәрі бір-бір әулеттің тұтқасы. Шәкірттерімнің жетістіктеріне қуанып отырамын, – деді Гүлбазар апай.
Ғасырға жуық тарихы бар киелі шаңырақты бүгінде Күлжан Айменова басқарады. Білім ордасының жеткен жетістіктері бір төбе. Мектептің педагогикалық əлеуеті жоғары, заман талабына сай материалдық-техникалық базасы жасақталған.
– Көзді ашып-жұмғанша 50 жыл да өте шығыпты. 60-жылдары қазіргідей мектеп болмады. Біз киіз үйде отырып оқыдық, оқулық та аз болды. Қиын уақытта да білімге құштар болған азаматтар, міне бүгінде елдің қалаулысына айналды. Халыққа қызмет етіп келеді, өмір осылай өте береді екен ғой. Ата-анадан кейін қадыр тұтатын жан болса, ол – ұстаз, – деді мектеп түлегі Машар Шайықов.
Жылы жүздесудің аяғы естелік суреттерге түсумен жалғасып, ғибратты әңгімелер айтылды.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
30 қазан 2019 ж. 967 0