№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЗАМАНАУИ БІЛІМ ОРДАСЫ – БӘСЕКЕГЕ БАСТАЙДЫ

ЗАМАНАУИ БІЛІМ ОРДАСЫ – БӘСЕКЕГЕ БАСТАЙДЫ


Мектеп – адами капиталды дамытудың негізі. Білім ордасы мен ұстаздар қауымы мықты болса – мемлекет қуатты болады. Ал, мектептегі қызметті нәтижелі ұйымдастыру директордың құзыретінде. Яғни, ол білім саласындағы реформалардың сапалы жүзеге асуына жауапты. Негізі «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, жас ғалым Нұрғали Ақылбековке қанат қақтырған №162 мектептің өзіндік сара жолы бар. Оның үстіне, Қожамберді ауылдық округінде заманауи типтік жобадағы мектеп салынуда. Осы ретте, мектеп директоры Серік Дүйсебаевты әңгімеге тартып, білім саласындағы жаңғырту жұмыстары жөнінде сұрадық. Әрі жаңа мектептің оқушылардың білім потенциялын арттырудағы рөлін білдік.
– Заманауи типтік жобадағы жаңа мектептің бой көтеріп жатқаны белгілі. Жаңа білім ұясының артықшылығы неде?
– Мектептің басты артықшылығы – заманауи стандарттарға сай болуында. Бүгінде 200 орындық заманауи типтік жобадағы жаңа білім ордасының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл – Елбасы тапсырмасының орындалып жатқанының бір көрінісі. Сондай-ақ, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың іскерлігі мен аудан әкімі Ғалым Әміреевтің ұйымдастыру қабілетінің жоғары екенінің дәлелі. Заманауи білім ошағының іргетасы қаланған күннен бастап тұтастай ауыл тұрғындары қуанды. Қазір ұстаздар мен оқушылар келесі оқу жылын жаңа ғимаратта бастаймыз деген қуанышпен жұмыс жасап жатыр.
– Жаңа білім ордасы оқушыларға қандай мүмкіндіктер береді?
– Жалпы, жаңа мектеп пен ескі мектепті салыстыруға келмейді. Өйткені, жаңа мектеп аты айтып тұрғандай жаңалығын ала келмек. Яғни, мектепте АКТ және спорт зал, асхана, заманауи құрылғылармен жабдықталған сыныптар, арнайы физика, химия сыныбы мен компьютерленген сыныптар болады. Соның арқасында шәкірттердің сапалы білім алуға мүмкіндігі артып, білімі шыңдала түседі. Оқушылар теориямен қатар практикада жұмыс жасап, біліктілігін арттырады. Арнайы шеберлік сыныбында сабақ алып, әр оқушы өзі бейім қосымша үйірмелерге баратын болады. Бұл – жаңа мектептің берер мүмкіндіктері.
– Қазіргі жаһандану үдерісі отандық білім беру жүйесінің әлемдік білім стандартына интеграциялануын талап етуде. Бұл бағыттағы ұстаз қандай болғаны дұрыс?
– Бүгінде мемлекет бүкіл әлемдік білім кеңістігіне ену кезеңінде. Сондықтан, әр мұғалім үнемі ізденісін тоқтатпағаны дұрыс. Өз ісіне адал, жаңалықты жатсынбайтын, ұлттық қасиетіміздің асылын асқақтата отырып, шәкірт бойына құятын ұстаз бүгінгі күннің лайықты тұлғасы болуға әбден лайық. Баланың білімді де білікті, парасат пайымы мол, саналы азамат болып қалыптасуы тікелей ұстазға байланысты. Сол себептен, әр ұстаз өзіне артылған сенім жүгінің жауапкершілігі молдығын естен шығармағаны абзал.
– Сіздіңше оқушыға заман талабына сай білім беру үшін мектеп қандай болуы керек?
– Әл-Фарабиден «Тәрбиесіз қолға білім салма» деген даналық қалған. Меніңше, бірінші кезекте тәртіп болуы шарт. Тәртіпсіз берілген білім кейін өзімізге зиянын тигізуі мүмкін. Бүгіннің жалпы орта білім беретін мектебі – жаңа қоғам мектебі. Ол – халықтық мәдениетке интеграцияланған, баланың жеке басының дамуына педагогикалық жағдай жасайтын, рухани жағынан таза, дүниеге тік қарайтын, білімнің жаңа мазмұнымен байланысқан, бәсекеге қабілетті жаңа ұрпақ өсіріп, дамытып жетілдіретін мектеп болуға тиіс.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
10 ақпан 2018 ж. 2 146 0