№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ІРГЕЛІ БІЛІМ ОРДАСЫНА –50 ЖЫЛ

ІРГЕЛІ БІЛІМ ОРДАСЫНА –50 ЖЫЛ

    Әуелі әлқиссаны әріден бастасақ. 1968 жылы Түгіскен тыңының игерілуімен №209 мектептің іргетасы қаланады. Сегіз жылдық білім беретін мектептің ашылуы – аққорғандық тұрғындар үшін тарихи күн болып саналады. Ең алғаш мектеп тізгінін қолға алған Ташмұхаммед Айтжанов басқарған жылы 277 оқушы білім ордасының табалдырығын аттап, 12 мұғалім дәріс беруге кіріседі. Араға 2 жыл салып, он жылдық білім беретін мектепке айналды. 1985 жылы типтік үлгідегі мектеп үйіне қоныс аударып, түгіскендік шәкірттердің мерейі үстем болады. Осылайша, алғашқы директор Кеңестік кезеңнен Тәуелсіздікке дейінгі аралықта оқу процесін жолға қойып, қалыптасқан ілім ордасына айналдырады. Одан әрі, Исахан Әбутәліпов, Ермағанбет Құлымбетов директорлық қызметті абы­ройлы атқарып, білім көрсеткіші мен ұстаз әлеуетінің кәсіби біліктілігін арт­тыруға барын салады. 2014 жылы Мемлекет басшысының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 600 орындық заманауи үлгідегі жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Бұлда болса, мемлекет қамқорылығының ай­қын көрінісі. Адами капиталдың сапасын арттыру бағытындағы жасалған ілкімді инвестиция.
2015 жылдан бастап, мектеп бас­шылығын өзіме сеніп тапсырғаннан кейін, жауапкершілілік жүгін сезіне оты­рып, жаңартылған білім жүйесіне жастық жігермен қадам бастық. Бүгінде Кеңес Одағының батыры Әнуар Әбутә­ліповтың есімін иемденген білім ордасында 727 оқушыға 90 педагог дәріс беруде. Айта кететіні, Елбасы жыл сайынғы Жолдауында мұғалімдердің әлеуметтік әлеуетін арттыруға нақты тапсырмалар жүктейді. Ал, ағымдағы жылдың қазан айында жариялаған дәс­түрлі Жолдауында келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажеттігін айрықша атады. Бұл ұстаздар қауымы үшін үлкен қуанышты жаңалық. Міне, мұндай ұлағатты ұстаздар №209 орта мектепте де абыройлы қызмет етуде. Біздің ұжым Елбасының стратегиялық бағдарламасын толығын құптап, қуаттайды. Осы бағытта кәсіби біліктілігін арттырып, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде барын салуда. Нақтырақ айтсақ, Кембридж университетінің бағдарламасы бойынша 13 педагог сындарлы оқыту әдістемесінен курсты тәмамдады. Ал тәлім алушылар – 15. Яғни, мектеп мұғалімдерінің 32 пайызы жаңа әдіс-тәсілдерді мең­геріп, шәкірттерге сапалы білім, са­налы тәрбие беруде деген сөз. Білім ошағындағы «Ұлағат» шығармашылық тобы мен «Ұшқын» қауымдастығының және ғылыми әдістемелік кабинеттің қолдауымен ұстаздарға таптырмас әдіс­темелік нұсқаулық іс-тәжірибе мақсатында аудан көлемінде таратылды.
«Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, мұғалім абыройын асқақтатып, түр­лі халықаралық, республикалық, облыс­тық, аудандық білім бәйгелерінде оза шауып, жүлдеге ілінген жеңімпаздар же­терлік. Әрине, бәрін тізбектеп отырсақ, басылым бетіне толық қамтылмайтыны түсінікті. Сондықтанда мектептен түлеп ұшқан тау тұлғалы азаматтар мен өнер, спорт жұлдыздарын атап өтсек. Оның қатарында; академик А.Саданов, ғалымдар Е.Ибрагимов, Ш.Абуталипова, Ә.Мұхамеджанова, Г.Мұхамеджанова бар. Ал, мәдениет майтал­манда­рынан Қ.Нәлтаев, Б,Тасқожаева, Б.Мұхамед­жанов, Ә.Өміров және Қазақстанға танымал эстрада жұлдызы Серік Ибра­гимов осы №209 орта мектеп түлегі. Оған қоса, әлем, халықаралық, респу­бликалық спорт түрлерінен жеңімпаздар Қазақстанның көк туын биікте жел­біретіп, аудан намысын асқақтатып жүр. Сондай-ақ ауданның әлеуметтік-эко­номикалық дамуына өзіндік сүбелі үлесін қосып жүрген С.Ыдырысов, С.Садықов, М.Ахметов, Н.Рүстемов, Б.Абдуллаев және Н.Қалжанов сынды халық қалау­лылары осы мектептен тәлім алып, үлкен өмірге қадам басқан.
Жалпы бүгінгі таңға дейін 2-«Алтын белгі», 14-«Үздік аттестат» пен жүз­деген мемлекеттік грант иегерлерін шығарған білім пен парасат ордасы ал­дағы уақытта да бәсекеге қабілетті шәкірт тәрбиелеуде талмай қызмет ететін болады. Оған мүмкіндік те мол. Мектепте жаңартылған бағдарлама кезең-кезеңімен мектептерге енгізіліп, заманауи талаптарға сай жауап бере­тін мультимедиялық кабинеттер жасақталуда. Соның бірі – «Н1 – ТД75» маркалы интерактивті панелі. Заманауи интерактивті тақтаның артықшылығы көп. Оған қоса, робототехникаға бағытталған кабинет жасақталып, өскелең жас буынды жаңа технологияға бейімдеуде үздік тәжірибе қалыптастыруда. Оның қатарында, көптеген үйірмелер жұмыс жасап, оқушылардың бос уақытын тиімді пайдаланудың ұтымды жолын қарастыруда.
Қорыта айтқанда, Президент Жол­дауында 2019 жылдан бастап Мұғалімдердің мәртебесін айқындайтын Заң қабылдау керектігін атап өтті. Ра­сында алты алаштың баласы бас қосса – төр мұғалімдікі. Бұл Мағжан Жұмабаевтың айтқаны. №209 орта мектептің негізі қаланғаннан бастап, ұлағатты ұстаздар мен бүгінгі кәсіби білікті педагогтар – ел келешегінің кемел болуына яғни, адами капиталдың сапасын арттыруда қомақты қолтаңбасын қалдыруда. Елу жылдық кезеңде қаншама мұғалімдер осы мектепте оқушыларды білім нәрімен сусындатып, білімді ұрпақ тәрбиеледі. Педагогтардың елге еткен еңбегі қашанда зор. Ең бастысы – бағыт-бағдар айқын, жолымыз жарқын. Осы бағыттан айнымасақ отыз озық елдің қатарына енуіне біздің мектептің түлектері де сүбелі үлесін қосары сөзсіз.

Қасымхан АБУТАЛИПОВ,
№209 Ә.Әбутәліпов атындағы орта мектеп директоры.
30 қазан 2018 ж. 1 867 0