№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БІЛІМ ОРДАСЫНЫҢ БАҒЫНДЫРҒАН БЕЛЕСІ

БІЛІМ ОРДАСЫНЫҢ БАҒЫНДЫРҒАН БЕЛЕСІ

   Аудандағы іргелі білім ордасының бірі – №209 Ә.Әбутәліпов атындағы орта мектеп ұжымы жарты ғасырлық мерейтойын атап өтті. «Білім мен парасат ордасына 50 жыл» атты мерекелік шараға мектеп түлектері мен ұстаздары, арнайы шақырылған қонақтар келді. Бірінші кезекте, мектеп фоесінде оқушылардың қолөнер бұйымдары мен жас техниктердің робототехникасынан көрме жасақталып, келушілер назарына ұсынылды.
    Елу жылдық мерейтойдың шымылдығын түр­ген аудан әкімі Ғалым Әміреев жиылғандарға құттықтау сөзін арнады.
– Мемлекет дамуында ғылым мен білімнің орны айрықша. Тәуелсіз елді озық өркениетке жетелейтін білімнің бастар бұлағында мектеп, ал сол білім ордасында жас буын бойына білім нәрін беретін мұғалім тұрады. Бұл дегеніміз бүгінгі таңда ұстаз беделін арттыру, оның мәртебесін көтеру өзекті мәселе екендігі айқын. Президент Жолдауында «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау керектігін айрықша атап өтті. Сондықтанда Мұғалім мәртебесін арттыру – адам капиталын құрметтеуге бағытталған ұтымды шешім, – деді әкім.
Білім ордасының тарихын зерделесек, 1968 жылы Түгіскен тыңының игерілуімен №209 мектептің іргетасы қаланды. Сегіз жылдық білім беретін мектептің ашылуы – аққорғандық тұрғындар үшін тарихи күн болып саналады. Ең алғаш мектеп тізгінін қолға алған Ташмұхаммед Айтжанов басқарған жылы 277 оқушы білім ордасының табалдырығын аттап, 12 мұғалім дәріс беруге кіріседі. Араға 2 жыл салып, он жылдық білім беретін мектепке айналды. 1985 жылы типтік үлгідегі мектеп үйіне қоныс аударып, түгіскендік шәкірттердің мерейі үстем болады. Осылайша, алғашқы директор Кеңестік кезеңнен Тәуелсіздікке дейінгі аралықта оқу процесін жолға қойып, қалыптасқан ілім ордасына айналдырады. Одан әрі, Исахан Әбутәліпов, Ермағанбет Құлымбетов директорлық қызметті абыройлы атқарып, білім көрсеткіші мен ұстаз әлеуетінің кәсіби біліктілігін арттыруға барын салады. 2014 жылы Мемлекет басшысының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 600 орындық заманауи үлгідегі жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Бұлда болса, мемлекет қамқорылығының айқын көрініс.
Мұнан кейін сөз алған ел ағалары Ержан Уайс, Зинабдин Шермағамбетов пен Аманкелді Абдуллаев өз сөздерінде мектептің өткені мен қазіргі жағдайы туралы әңгіме айтып, барша қатысушыларды, аудан тұрғындарын мектептің жарты ғасырлық мерейтойымен құттықтады. Олар өз сөздерінде мектептің іргетасы қаланғаннан оның қалыптасуына аянбай үлес қосқан Т.Айтжанов, Б.Атабаев, ,М.Мыржабаев. Б.Садықова, З.Үсенов, Б.Мұхаметжанов, И.Әбуталіпов пен Е.Құлымбетовтың өлшеусіз еңбектері туралы толғана сыр шертті.
– «Алты алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімідікі» деген бар. Бұл Мағжан Жұмабаевтың айтқаны. Ұстаз болу үлкен мәртебе. Бұл қызмет қарапайым көрінгенімен адам өміріндегі жалпы тарихтағы ең ұлы істің бірі болып қала береді. Өзім аудан көлемінде ұстаздық және басшылық қызметте жүргенде мектептің тұңғыш директоры Т.Айтжанов пен кейінгі директор И.Әбутәліповпен көп араластым. Сонда бұл азаматтардың мектеп ұжымын жұдырықтай жұмылдырып қызмет етуге тәрбиелегендерін, соның арқасында мектепте оқушылардың үлгерімі жақсы болуына лайықты үлесін қосты, – деді З.Шермағанбетов.
Құттықтау лебіздерден кейін ел ағасы Ержан Уайс ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, мектеп түлегі Б.Кесебаеваның, сенатор М.Бақтиярұлы, облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемовтің, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары И.Құттықожаевтың құттықтау хатын мектеп директоры Қ.Әбутәліповке табыстады.
Келесі кезекте аудандық ардагерлер кеңесінің хатшысы П.Айнақожаев пен аудандық қазақ тілі қоғамының төрағасы И.Нәрзілдаев мерейтойлық арнауын оқып, мұнан соң еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз, ҚР білім беру ісінің үздігі Е.Құлымбетовке «Ел ардақтысы» төс белгісін табыстады. Шара барысында мектептің жарты ғасырлық тарихын баян ететін «Білім мен парасат ордасына 50 жыл» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Салтанатты шара барысында талантты сазгер Қ.Нәлтаев басқаратын Түгіскен өнер мектебінің халық аспаптар оркестрімен оның оқушыларының ән-жыры мен биі мен күмбірлеген күйі көрермендерді риза етті.
Түйіндей айтқанда, Аққорғандағы №209 орта мектептің негізі қаланғаннан бастап, ұлағатты ұстаздар мен бүгінгі кәсіби білікті педагогтер – ел келешегінің кемел болуына яғни, адами капиталдың сапасын арттыруда қомақты қолтаңбасын қалдыруда. Елу жылдық кезеңде қаншама мұғалімдер осы мектепте оқушыларды білім нәрімен сусындатып, білімді ұрпақ тәрбиеледі. Елге еткен елу жылдық еңбектің еш кетпегенін «Білім мен парасат ордасына 50 жыл» атты мерейтойлық шарада куәсі болдық.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК
03 қараша 2018 ж. 1 460 0