№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бір суреттің сыры

Бір суреттің сыры

Кенттегі Аманкелді көшесінен темір жолдан өтетін «тесік көпірге» жетпей екі бильборд көзге түседі. Бірінде – ақын Адырбек Сопыбеков, екіншісінде – жазушы Айдархан Бибасаров бедерленген. Қос тұлғаның ауданның рухани-мәдени өміріндегі орны биік. Ал, екі суреттің де түсірілу тарихы бар. Біріншісін Нұрлат Байгенже түсірсе, екіншісін мен объективтің нысанасына алған едім. Осы жөнінде баян етуді жөн көрдім.

2017 жыл. Мезгіл – көктем. Наурыз айының аяғы. Ол кезде қаламгер Ерубай Қалдыбек ағаммен бір кабинетте отырамын. Редакцияға байырғы редактор, жазушы Айдархан Бибасаров кіріп келді. Қызу әңгіме-дүкен басталып кетті. Ақсақалдың білімі ұшан-теңіз, өмірден көрген-білгені мол, көңілге тоқығаны көп құймақұлақ еді. Әрбір айтқан сөзін қызыға тыңдап, санаға сіңіруге тырысатынмын.
Бұл жолы мүлдем басқа кейіпте келді. Ашыла сөйледі. Ағалық ақыл-кеңесін айтып, жазған мақалама өз пікірін білдіретін.
– Мен суретке түсуге келдім, балам, мені мына фотоаппаратыңа бір түсіріп ал, естелік болып қалсын. Ертең керек болар, маған да шығарып берерсің, – деді.
Ойымда ештеңе жоқ, әп-сәтте фотоаппаратқа түсіріп алдым. Көбіне кейіпкерлерге суретке түсуді түсіндіріп жататын едім. Бірақ Айдекең өзі ыңғайланып отырды да: «Сен кәсіби мамансың ғой, мені қалай түсіресің өзің біл!» деді. Түсіріп болған соң, орнынан тұрды да «шығарып берерсің!» деді. Бірақ тездетуімді өтінді. Күнде көз алдымызда жүріп, ақыл-кеңесін айтып, үйіне барғанымда басымыздан сипап жүретін қаламгердің сол кадры «тарихи суретке» айналарын білмеппін. Білгенде көбірек түсіріп алар ма едім, деп іштей күрсініп қоямын.
Не керек, сурет түсірілді, оған дейін де атамыздың бір суретін шығарып беремін деген уәдем бар-тұғын. Енді тағы бір сурет қосылды, бірақ жастық жалын ғой, желпініп жүріп, ұмытып кетіппін. Екі рет кездескенімде суретін сұрады. Үшінші кездесуімде қолына сурет ұстаттым. Суретіне тамсана қарап, басымнан сипап, қолымнан қысты да «жарадың, сені дос дей беруге болады» деді де күлімсіреп кете барды. «Дос!» дегені қалай дедім іштей түсінбей.
Қазір қарап тұрсам, сол «досымсың» деген сөздің астарында қаншама мағына жатыр, бұл сөздің салмағы мен сенімі, үлкендік ізеті, әрептестік өнегесін сол кезде дұрыс салмақтай алмаппын ғой! Ол кісінің көңілінің тазалығы, жүрегінің кеңділігіне тәнті болдым, екі аптаға жуық уақыт суретті шығарып беруді ұмытып кетіп жүргенде «сен уәде берген едің» деп ренжіген кейіп танытатын. Бірақ, сол қос сурет қолына тигенде «сен енді менің досымсың» деген сөзін кейін түсіндім. Әттең-ай, қазір мұндай асыл сөзді айтып, жастардың жігерін жанып, көңіліне демеу, шабытына шабыт қосатын тұлғалар азайып кетті.
Айдархан Бибасаров алпыс жылдан аса уақыт қаламын тастамай қоғамның рухани-мәдени өсіп-өркендеуіне үн қосты, жас буынның қалыптасуына мән беріп, ұрпақтар сабақтастығын жаңғыртты.
Жалпы Айдархан Бибасарұлы біздің буынмен тікелей жұмыс істеп, ұстаздық етпесе де, оның шәкірттерінен тәлім алып, жазушының мақалаларынан жазу өнерінің негізін үйрендік.
Қысқаша өмір тарихына тоқталсақ, 1937 жылы Қожамберді ауылында дүниеге келді. Еңбек жолын «Қандыарал» колхозында бастады. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, газет өндірсіне араласты. «Екпінді», «Өскен өңір», «Жаңақорған тынысы» газетінде корректор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактор қызметтерін атқарды.
Аудан әкімі Руслан Рүстемов жазушы туралы: – Ел арасында Айдархан Бибасаровтың құймақұлақ, зерек, сергек қасиетімен ерекшеленгені жиі айтылады. Ол Алтайдан Жайыққа дейін жайлаған қазақ руларының шежіре-тарихын тарқатып, тарихты терең білді. Мұндай қасиет екінің біріне қона бермейтіні анық...
1997 жылы зейнеттік демалысқа шыққаннан кейін шығармашылық жұмыстан қол үзбей, өндіре кітап жазды. Ол кісінің кітап жазбастан басқа амалы жоқ еді. Себебі бойындағы шежірелі білімін хаттап, келешек ұрпаққа аманаттау міндеті тұрды», деп жазба қалдырған еді.
Осындай арман-мұраттың жолында қазыналы қариялардан естіген әңгімелерін тарихи оқиғалармен салыстыра, сараптай отырып «Қожамберді батыр және оның ұрпақтары» кітабын жазды. Хақназар ханның тұсында қол бастаған батырды ғылыми айналымға енгізіп, тұлғаландыруда қажырлы еңбек сіңірді. Одан кейінгі жылдары «Дала перзенттері», «Бәйтеректің қос бұтағы», «Әке аманаты», «Шәймен ақын», «Бес ана – бес тағдыр», «Өмір шіркін жалғасып жатыр», «Құт қонған Қожакент» және тағы басқа кітаптары кітапхана қорын толықтыра түсті. 2016 жылы ақын Адырбек Сопыбеков, арада екі жыл өткенде жазушы Айдархан Бибасаров өмірден озып, Жаңақорғанның қос алыбы бірінен кейін бірі мәңгілік мекеніне кете барды.
Міне, бір суреттің сыры осындай.

Әли ТЕМІРБЕК
26 маусым 2021 ж. 509 0