№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Айдархан Бибасаров шежірелі қаламгер еді

Айдархан Бибасаров шежірелі қаламгер еді


Кәсіби журналист ойын оқырманға қызықты әрі оқылымды етіп жеткізудің тәсілдерін іздейді. Тақырыпты қысқа-нұсқа беріп, мақаланың мазмұнын ашуда аз сөзге көп мағына сыйдырады. Бұл – сөздің құндылығын терең түсінетін, көп оқып, ізденетін қаламгерлердің дара жолы. Осындай дағдыны «Жаңақорған тынысы» газетінің шығармашылық шеберханасынан шыққан журналистердің қалам қуатынан байқауға болады.

Мұны неге сүйеніп айтып отырмын? Жақында аудандық архивтен 90 жылдары шыққан ауданның төл басылымын алдырып, сарғайған газетті парақтадым. 1994 жылғы басылым тігіндісінен өткен ғасырдың тағылымды оқиғалары мен тың бастамаларына куә болдым.
А4 форматта шыққан басылымның тізгінін Айдархан Бибасарұлы ұстапты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары атқарылған бастамалар жайлы ойы сергек, қаламы жүйрік қаламгерлердің жазған тұшымды да тартымды мақалаларын қызыға оқыдым. Осы қатарда Адырбек Сопыбеков, Әкім Мейірбекұлы, Файзулла Сахиев, Құдайберген Ертасов, Оразалы Мұсабеков және тағы басқаларының қаламын тануға болады. Әр жылдары журналистік жүкті көтерген Қалжан Исмайлов, Үмітай Өміртаева, Жақсылық Рахматуллаев, Төлеуғали Отарбаев, Бақтыбай Айнабеков, Үсен Әбшенов, Ыдырыс Дәрібаев, Қуат Оразбаев, Жұмабай Әбілов, Оңалбек Садықов, Мінер Арысбаев, Құдіреттіла Рахматуллаевтың ерен еңбегін жоғары бағалауға болады...
Авторлар атқарушы билікпен етене жақын жұмыс істеудің жолын тапқан әрі оқырмандарының көңіліндегі ойларды ұтымды жеткізе білген. 1994 жылдың 5 тамызындағы №30 нөмірінде Н.Ахметовтың «Айтпасқа амал қалмады» және Қ.Қалмырзаевтың «Шеткі ауылдың мұқтаждары» мақаласынан сол кездегі ащы шындықты біліп, зердеге тоқисыз. Нарықтық қатынасқа көшкен тұста қоғамды белсенділікке шақырған мақалалар оқырманның жігерін жанып, өз-өзін шыңдай түсуге үндейді. 1994 жылдың 1 шілдесіндегі №25 нөмірде «Міндет айқын, белсенді іс керек. Бүгінгі күннің талабы осыны қажет етеді» деген мақаладан сондай тағылымды тануға болады. Очерк, эссе, сұхбат жанрында жазылған мақалалар кейіпкерін тұлғаландырып, оқиғаларды жан-жақты саралап, зерттеуге ұластырады.
Сол кездегі жүкті көтерген журналистер мәдениетімен, парасатымен, ой-өрісімен халыққа рухани сүйеу бола білді, әрі билікке, халыққа ақыл айтуға моральдық тұрғыда қақысы бар дара тұлғалар еді. Сондықтан болар аудан жаршысы – «Жаңақорған тынысы» өзіндік биігін бағындырып, қалың оқырманын қалыптастырды.
Мұндай дәстүр газеттің алғашқы қалыптасқан кезінде-ақ айқындалғаны анық. 1933 жылдың 1 қыркүйегінде аудандық газет «Екпінді» деген атаумен жарық көргені белгілі. Арада бір жыл өткенде «Қызылмақташы» атанды. Сол кездегі талап бойынша газет жылда ауданда озат атанған колхоздың атымен аталатын. Екпінді ұжымшары кезекті рет озып, басылым қайтадан «Екпінді» атанды. 1935 жылы газет атын жылда өзгертпеу жөнінде шешім шығып, 1962 жылға дейін осы атау сақталды. Жаңақорған мен Шиелі ауданы бірігіп, «Өскен өңір» аталған жылдары болды. 1966 жылы Жаңақорған еншісін алып, газет «Коммунизм жолы» деп оқырманға жол тартты. 1991 жылдан бастап «Жаңақорған тынысы» ретінде тарауда.
Аудандық газеттің алғашқы қалыптасқан кезінен бүгінге дейін қарайтын болсақ, Әбдірейім Рыскелдиев, Махамбет Әбдрайымов, Әшім Отарбаев, Ілияс Мырзахметов, Нүрділла Жәкеев, Сейткамал Үсебаев, Көпбай Ержанов, Баймахан Уызбаев, Сыдық Алдабергенов, Смайыл Ақжігітов, Әзілхан Аманов, Мырқы Исаев, Адырбек Сопыбеков, Құдабай Ертаев, Айдархан Бибасаров, Өлмесхан Болатбеков, Алмас Бекжігітов, Қаныбек Әбдуов, Нұрлат Байгенже сынды қаламгерлер өтпелі кезеңдерде газеттің тынысын кеңейтіп, дара жолын саралады.
1994 жылы шыққан газет тігіндісін парақтау арқылы жоғарыдағы редакторлардың ішінде Айдархан Бибасарұлының шығармармашылық ұжымға қойған ерекше талабын зерделедім. Ол – билік пен бұқараға дәнекер болып, мақалаларды елдік мұрат, мемлекеттік мүдде тұрғысында оқырманға жеткізудің ұтымды тәсілдерін меңгерген.
Бәрінен бұрын, Тәуелсіздікті тұғырлы етуде еңбек сіңірген басылым зиялы қауымның пікірін шыңдады. Буын алмасуға мән беріп, жастардың жаза білу шеберлігін қалыптастырды. Осылайша халық алдында үлкен бедел жинап, газетті қайраткерлік дәрежеге көтерді.
Жаңақорғанда алғашқы қызмет жасаған кезеңде ол кісімен кездесіп, көзін көргенімді де бір бақытқа теңеймін. Жазушыны терең тағылым иесі ретінде құрмет тұттым. Аудан тарихы және тұлғалары жайында жиі ақылдасып, оның шежірелі біліміне талай рет куә болдым.
Онымен бір сұхбаттасқанымда:
– Әкем әңгімешіл, қисса-дастандарды жатқа білетін. Бір күні Қандарал колхозының кітапханашысы нағашы әпкем Айнагүл үйге келді. Әкем оған:
– Кітап – қазына. Соның бел ортасында жүрсің. Адамның зейінін ашып, өрісін арттыратын тәуір кітап болса, ала кел... – деп сөйледі бұйыра.
– Сіз кириллица қарпімен жазылған кітапты оқи алмайсыз ғой! – деді нағашым.
– Мына бала оқиды, – деп мені көрсетті.
Нағашы әпшем келесі келгенінде «Мың бір түн» кітабын алып келді. Бұл – 1948 жыл болатын. Мектепте 3-сынапта оқитын кезім. Кітап оқуға құштарлығым осы кезден басталды-ау деймін...
Одан кейін, Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі», Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» және басқа да кітаптар қолыма тиді. Одан кейінгі кездері тарихи кітаптарға басымдық беріп, елдің шежірелі жолына зер салдым, – дегені жадыма жатталып қалыпты.
Ел арасында Айдархан Бибасаровтың құймақұлақ, зерек, сергек қасиетімен ерекшеленгені жиі айтылады. Ол Алтайдан Жайыққа дейін жайлаған қазақ руларының шежіре-тарихын тарқатып, тарихты терең білді. Мұндай қасиет екінің біріне қона бермейтіні анық...
Журналист-жазушының еңбек жолына қарасаңыз, корректор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактор қызметтерін абыроймен атқарып, газеттің барлық жолынан өткен.
1997 жылы зейнеттік демалысқа шыққаннан кейін шығармашылық жұмыстан қол үзбей, өндіре кітап жазды. Ол кісінің кітап жазбастан басқа амалы жоқ еді. Себебі бойындағы шежірелі білімін хаттап, келешек ұрпаққа аманаттау міндеті тұрды. Осындай арман-мұраттың жолында қазыналы қариялардан естіген әңгімелерін тарихи оқиғалармен салыстыра, сараптай отырып «Қожамберді батыр және оның ұрпақтары» кітабын жазды.
Хақназар ханның тұсында қол бастаған батырды ғылыми айналымға енгізіп, тұлғаландыруда қажырлы еңбек сіңірді. Одан кейінгі жылдары «Дала перзенттері», «Бәйтеректің қос бұтағы», «Әке аманаты», «Шәймен ақын», «Бес ана – бес тағдыр», «Өмір шіркін жалғасып жатыр», «Құт қонған Қожакент» және тағы басқа кітаптары кітапхана қорын толықтыра түсті.
2016 жылы ақын Адырбек Сопыбеков ағамыз, арада екі жыл өткенде жазушы Айдархан Бибасаров ағамыз өмірден озып, Жаңақорғанның қос алыбы бірінен кейін бірі кете барды.
Енді олардың рухани өмірі басталып, кітаптарымен ақыл-кеңесін беретін болады.

Руслан РҮСТЕМОВ,
Жаңақорған ауданының әкімі.
08 желтоқсан 2020 ж. 639 0