№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

АҚЫН-ҒҰМЫР

  Әттең, Адекең тірі болғанында 82 жасқа толғанын тойлар ма едік? Иә, ақыл-кеңесін айтып, түйдек-түйдек туындыларын жазған қаламгердің мәңгілік мекенін тапқанына да үш жыл өтіпті ғой! Шіркін, уақыт-ай! Зымырап қайда барасың?!

   Ақын облыс орталығын бағытқа алады. Әшейінде үйіне қайырылып қарамайтын ақын сол күні үш рет тоқтап, шаңырағына көз тігеді. Осы күні үш тоқтап, қарашаңырағына бұрылғаны отауымен бақұлдасып кеткені ме деген ой келеді. Кім білсін?! Бәлкім, бәрін сезген де болар. Расында, сол кеткеннен қайта оралған жоқ. Ақын-жүрек өлең оқып тұрып демі үзілді. Ақын-ғұмыр дегеніміз осы болар, сірә!
Аудан өнері мен әдебиеті туралы сөз қозғағанда Манап Көкенов, Адырбек Сопыбеков, Айдархан Бибасаров, Бексұлтан Байкенжеев, Есіркеп Қоңқабаев, Мариям Раишовасыз елестету мүмкін емес. Сол себепті олардың аудан тарихында алар орны ерекше. Олардың ешқайсысы көзі тірісінде «маған атақ-даңқ керек еді!» деп есігін қақпады. Сондай қасиет-қадірімен көпке сыйлы болды.
Адырбек Сопыбековтың қаламынан аудан өмірінің кешегісі мен бүгіні қатар ұштасып өрілді. Балалар әдебиетіне қалам сермеп, өлкетану, тұлғатану іліміне молынан үлес қосты.
  Адекеңмен алғаш рет «Жас тілшілер – баспасөз тірегі» атты конференцияда кездестім. ХХ ғасырдың 70 жылдардың екінші жартысынан бастап қызмет барысында жиі ұшырастық. Кейде әнші-сазгер Бексұлтан Байкенжеевтің шаңырағында дәмдес, пікірлес болатынбыз. Адекең сөзшең емес. Көбіне серіктерінің сөзіне құлақ салып, сұраққа да бірер сөзбен нақты жауабын беретін.
Ағамыз Шарипа жеңгемізбен шаңы­рақ көтереді. Бесарықта бірнеше жыл қызмет етіп, орталыққа қоныс аударады. Мұнда «Екпінді» аудандық газетіне әдеби қызметкер болып жұмысқа тұрады. Дарынды қаламгер бөлім меңгерушісі қызметіне ауысады. Басылымда ақындық қыры ашыла түсіп, балаларға арналған өлеңдері жарық көре бастайды. Тіпті, өлеңдері «Қазақстан пионері» («Ұлан»), «Ленин­шіл жас» («Жас Алаш») газеті мен «Балдырған» журналына бірінен соң бірі шыға бастайды.
Ақынның алғашқы өлеңдер жинағы 1966 жылы «Жазушы» баспасынан «Көзілдірік» деген атумен жарық көрді. Содан кейінгі уақытта оның өлеңдері мен поэмалары, жұмбақтары мен жаңылтпаштары отыздан аса кітапқа жүк болды. Бірнеше кітабы 5-6 шетел тіліне аударылды. Бұл ақын өлеңдерінің өміршеңдігін білдірсе керек-ті.
Адекеңнің балалар әдебиетінен бөлек өлкетану, тарихи туындылары жарық көрді. Олардың ішінде, «Жаң­ғырған Жаңақорған», «Хорасан Ата», «Академик Сартаев», «Желкілдек ба­тыр» және т.б. кітабының шоқтығы биік. Сондай-ақ тұлғатану іліміне үлес қосып, «Манаптың бір өзі – бір театр», «Сағынтып кеткен Бексұлтан» кітабын шығарды.
Әбділда Тәжібаев, Мұзафар Әлім­баев, Асқар Тоқмағанбетов, Қуандық Шаңғытбаев Адекеңнің баланың таби­ғатына, мінез-құлқына, ойлау қабі­летіне сай келетін өлеңдері туралы оң пікірлерін беріп, ақынның шығармашылығын жоғары бағалайды. Оның өлеңдерінің балалардың ойында тез жатталып қалатын жеңіл, әрі тартымды болуына тәнті болады.
1961 жылдың көктемі. Мемлекеттік емтиханға дайындалып жүргенде уни­верситеттің акт залында Қазақстан жазушылар одағының балалар әдебие­тіне арналған бір жиыны өтіп жатыр екен. Ақын Адырбек аға да кіріп отырады. Мінбеде сол кездегі Қазақ ССР оқу министрі, белгілі ғалым, жазушы Әди Шәріпов» «Балаларға жазылған танымдық өлеңдердің бірі – Адырбек Сопыбековтың «Қоразға» деген өлеңі. Онда:
Оятпа, қораз, сен бізді,
Өзім де сездім, таң атты.
Сенсіз-ақ білем мезгілді,
  Үйреніп алдым сағатты – деп әдемі келтірген. Балаларға арналған өлең осындай болуы керек», – деген. Жанында отырған белгілі ақын Сағи Жиенбаев пен балалар жазушысы Машқар Гумеров ақынның қолын алып құттықтайды. Сол жылы «Қоразға» деген жалғыз шумақ өлеңі 1 сыныпқа арналған «Әліппе» оқулығына шығып, ондаған жыл балғындарға сағаттың тілін ұғындырады.
Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев жазушылардың кезекті бір пленумында «Абайдан бастап Адырбекке дейінгі балалар ақындарының антологиясын жасау керек» деп ақынның шығарма­шылы­ғына жоғары бағасын береді.
Ақынның 70 жасқа толу мерейтойында белгілі ақын Бақтыбай Айнабеков:
– Ақындар көп, періште ақын аз бірақ,
Періште ақын – жанға жақын жазғы бақ.
Жазғы бақта жан сүйсінер жарасым,
Жалған тірлік енші болар аз күн – ақ...

Мен іздеген сол періште Адырбек,
Күн кешпеген жер қуырып жанын жеп.
Бала мінез балалардың ақыны,
Біздер үшін келе жатыр тәңір боп, – деген еді.
  «Ақын болу оңай деймісің қарағым», – деп басталатын Адекеңнің өлең жолдары еске түскенде, ақынның өз жанын жеп, қалай сөз маржанын тергенін сезінесің.
  Тегінде туған жерін ақын-жазу­шылардан артық білетін, туған анасындай сүйетін жан бар ма, екен? Әй, қайдам! Ал, Адекең күндізгі қарбаластардан соң жұрттың алды ұйқыға кете бастағанда жазу үстеліне отырып, туған өлке туралы дайындаған 41 баспа табақтық «Жаңақорған» тарихнамасының өзі не тұрады. Кітапты оқып отырып автор зерттеген Қаратаудың құпияға толы қатпарлары мен бір жағын Қызылқұм алып жатқан Сейхундария бойындағы қала, қамал, қорғандар туралы зерттеулері бір ғылыми институттың зерттейтін ғылы­ми объектісі дер едім. Жаңақорған ауданының энциклопедияға бергісіз дүниесін жалғыз өзі-ақ жазып кетті. Не деген күш, қайрат, жігер десеңші?!
   Адекеңнің теңдессіз еңбегін шама-шарқымыз келгенінше бағалаған да шығармыз. Оның еншісіне тиген «Қызыл­орда облысының құрметті қайраткері», «Қазақстанның құрметті журналисі», «Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы» атақтарына қарап айтқаным. Бірақ, енді ақынды дәріптеу арқылы, жастардың рухын асқақтатып, рухани жаңғыруға дем қосуға болады. Біз осыны сезіне алмай жүрміз-ау, осы...
Тіршілігінде пенденің алдын кесіп, біреудің ала жібін аттамаған бекзат жан есімін қалай ұлықтаса да жарасады. Мектептер мен кітапханаларда Адыр­бектану ілімі жолға қойылса, аудан орталығындағы аудандық кітапханаға оның есімі берілсе артықтық етпейді. Олай дейтініміз, Қызылорда облыстық кітапханасына Әбділда Тәжібаевтың есімі берілген ғой. Мұны біздің бас­шылар таразылап, оң шешімін шығарар. Себебі, Жаңақорғанның тұтас тарихын хаттап кеткен қаламгерді ұлықтау мемлекеттік мүддемізге сай келетіні ақиқат...

Ерубай ҚАЛДЫБЕК.
03 мамыр 2019 ж. 1 713 0