№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «Қалам сәулесі» жарық көрді

«Қалам сәулесі» жарық көрді

Ерекең – Ерубай Қалдыбекұлы редакцияға сүйіншісін сұрай келіпті. Қолында ұзақ уақыт күткен «Қалам сәулесі» бар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шыққан туындыны Жаңақорған ауданының шежіресі деуге болады. Жаңақорғанда әр жылдары табысты қызмет еткен адамдардың болмыс-бітімін, қабілет-қасиетін оқып, тануға болады.
– О-о, Ереке, құтты болсын!
– Рақмет!
– Ұзақ күттік ғой!
– Иә!
– Жазарыңыз таусылмасын!
– Құдай бойға қуат, ойға шабыт берсе жазу-сызу біздің өмірлік дағдымыз ғой! – деген Ерекеңнің жүзінде қуаныш белгісі білінеді.
Ерубай Қалдыбекұлының ұзақ жылғы журналистік жолындағы мазмұны терең, тағлымы биік таңдаулы мақалаларын топтастырған «Қалам сәулесі» оқырмандар үшін үлкен рухани олжа.

Автор «Тағдыр және қалам» бөлімінде: «Біле білген адамға сөз өнері – үлкен бақ. Оны ұштай білсе сәулесі көпке түсіп, адамзатпен бірге өмір кеше береді, кеше береді. Оған әр оқыған сайын ынтықтыратын, тылсым сырларын ашатын Абай әлемі дәлел.
Осы ретте, қаламмен қашан тағдырлас болдым? Осы сұрақ ойымда тұмшалайды. Қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, дарынды ақын Қасым Аманжолов айтқандай, «Күніне мың ойланып, жүз толғанам, Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп» дегендей жазған-сызғандарымды хаттауды ұйғардым.
Алдымен сөз өнеріне деген ықылас-ниетім қалай артты, қайдан туындады? Соған тоқталсам», деп түсіндіреді мән-жайды.

– Жаңақорған ауданының төл басылымы – «Жаңақорған тынысы» газетіне келуім кездейсоқтықтан болмағаны анық. Жастайымнан кітапты көп оқып, азды-көпті хабарлама жазып, сөз өнеріне ынтамды білдіріп жүретінмін. Әсіресе газетте жарық көрген мақалалар мен очерктерді талдап, өзімше бағамды беріп жүретінмін. Жаңақорғанның рухани тынысы болған газетті Мырқы Исаев жаңа биікке көтерді. Жазушы-журналистін ойлау қабілеті бөлек, мақаланы беру тәсілі қызықтыратын. Одан бөлек Үсен Әпшенов, Адырбек Сопыбеков, Айдархан Бибасаров сынды сақа қаламгерлердің мақалаларын үзбей оқитынмын. Яғни басылымның ішкі тыныс-тіршілігінен хабарым бар-тын, оның үстіне, ондағы тілшілер Үсен Әбшенов, Файзулла Сахиев, Жұмабай Әбілов, Төлеуғали Отарбаев рухани достарым-тұғын..
1999 жылы 17 тамызында «Жаңа­қорған тынысы» газетінің редак­торы Алмас Бекжігітов шақырт­ты. Редакцияға келдім. Редак­тор өз орнында екен. ХХ ғасырдың 70 жылдарынан танитынмын. Мен аудандық Кеңес атқару комитетінде қызмет істеп жүргенде кенттік кеңес атқару комитетінде хатшы, Қаратөбе ауылдық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметінде, Ақүйік ауыл­дық округі әкімі болды. Редактор болғанына бір жыл өткен-ді.
Аман-саулық сұрасқаннан кейін ауданның рухани қарашаңырағының тыныс-тіршілігі жайында әңгіме өрбіттік. «Ерубай, жағдайды көріп отырсың, газет жабылу алдында тұр. Газет таралымы тым төмендеп кетті. Оны ең болмағанда 1500 дана жеткізу керек. Осыған дем бер. Менеджер ретінде қабылдаймын», деді.
Содан газет өндірісіне кірістім. Алдымен ауылдарды аралап газетке жазылуды үгіттедім. Баспасөздің қоғамдағы рөлі мен оның қазіргі ахуалы туралы ашық айттым. Сосын фотоаппарат алып, объективті нысанаға алдым. Көп ұзамай қалам алып, іс-шараларды ақпараттандыра бастадым. Осылайша сөз өнеріне қосылып, еңбек ету бақыты бұйырды... – дейді автор.
Кітап Жаңақорған ауданының тарихын, тұлғаларын білгісі келетін адамдар үшін құнды кітап болып табылады. «Дарабоз Дүкенбай», «Періште мінезді Адекең», «Бақтыбайдың биігі», «Жолтай құрмет биігінде», «Атабаевтың дара жолы», «Әлшекейдің тәбәрік тоны», «Сыршыл сазгер Сауранның саз әлемі» және т.б адамтануда тағлымдамасы терең мақалаларынан кейіпкерлерін жан-жақты ашып, болмыс-бітімін аша білгенін оқуға болады.
Ал «Ауданның спорт саңлақтары», «Жаңақорғандық сазгерлер сап түзейді», «Мәдениет мәйегі», «Театр – ұлт рухының тірегі» сынды деректемелік мақалалары ұрпақтар сабақтастығы жайлы сөз етіп, сала мамандарының еңбегі дәріптеледі. Мұндай құнды мақала сала-саланың шежіресі ретінде қабылдауға болады. Автор ұмытыла бастаған есімдерді қайта жаңғыртып, ұлықтайды.
Одан бөлек, өлкетануға арналған зерттеу мақалалары оқырман тарапынан жоғары бағаланғанын айту керек. Бұл қатарда «Сырын терең Сауран», «40 трактор қайдан келді?», «Көне қорымдар қорқауға зәру», «Көкбөрінің тажалы» т.б мақаласын жатқызуға болады.
«Қалам сәулесінде» автордың достары мен әріптестерінің ыстық ықылас-ниетін де оқуға болады.
Қысқасы, қазақ руханиятына қосылған құнды кітап ретінде деп бағалауға болады. Әсіресе, жаңақорғандық оқырмандар үшін рухани олжа, өткенді біліп-тануда бағдаршам екенін айтқан ләзім.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
27 маусым 2020 ж. 815 0