№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Алғашқы мақалам мен үшін құнды

Алғашқы мақалам мен үшін құнды

Оқушы кезімнен шығармашылық, мәдени байқауларға қатысып, ауданның атын қорғаған кездерім әлі есімде. Өнерімді қолдап, жақсы журналист болуыма тілектестік білдіргенде де аз болмады. Көптің тілеуінің әсерінен бе, әлде сөз өнеріне деген ынта-ықыласымнан ба – журналист болу айқын мақсатым болды. Бірақ бұл жолға келуім оңай болмады.
Төл газет – «Жаңақорған тынысы» газетіне жолым Қаныбек Әбдуов басшылық еткен кезде түсті.
Редакцияға келіп, жылы жүзді редак­торға жолықтым. Жазған мақаларымды ұсынып, журналист болу – басты мақсатым екенін түсіндірдім.
– Жарайды. Сынап көрейік. Шығар­машылық ортаға сіңісіп, ойлы мақа­лаларыңмен көзге түссең, жұмысқа аламын, – деді бас редактор Қаныбек Шәрібекұлы.
Үмітім ақталғандай болды. Тынбай еңбектенуге ниет білдіріп, алғашқы мақалаларым жарыққа шыға бастады.
Әлібек Жарықбаев екеуміз бір айдың ішінде шығармашылық әлеуетімізді көрсетуге тырыстық. Сынақ мерзімінің алғашқы аптасында жарияланған «Жаяу жүргінші жолы қайда?» деген шағын сын мақалам шықты. Сол мақаладан кейін редакцияға қоңырау шалып, пікір айтушылар қарасы көбейді. Үлкендер жағы да разы болып, кенттің жол белгілерінің сын көтермейтінін айтып, арқамнан қағып, алғыс айтып жатты. Осы мақала кенттің жол белгілері мен жаяу жүргіншілер жолын айқындап, жаңаруына сеп болғандай көрінді. Бүгінде жол белгілерін көрген сайын алғашқы мақалам есіме түседі де тұрады. Осы сәттен бастап, өз саламның жауапкершілігін, мүмкіндігін түсіне бастадым.
«Шын таланттар сынға түскенде шындалады» дегендей шығармашылық өсу жолында аға буынның тәлім-тәрбиесін алдым. Балалар ақыны Адырбек Сопыбеков, Жақсылық Рахматулла, Жұмабай Әбілов, Махмұдбай Әміреұлы, Нұрхан Мұхаммеджан, Дүйсенбек Аяшұлы, Қаныбек Әбдуов, Баян Үсейінова, Нұрлат Байгенже секілді қаламгерлердің мектебін көрдім. Сынын тыңдап, шеберлігім артып, шыңдалдым. Оқырман талғамына сай қалам тартуды үйрендім.
Журналистік жолға түскеніме 5 жылдан асты. Әлі күнге дейін алғашқы жариялаған мақалам мен үшін құнды. Жұмыс тәжірибемнен түйгенім, мамандыққа деген адалдық шыңға жетелейді екен...

Мақпал МАРҚАБАЙ

27 маусым 2020 ж. 683 0