№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жайылымның жайы қалай?

Жайылымның жайы қалай?


Ауыл тұрғындарының мал жаюға арналған жайылымдардың қол жетімділігін арттыру мәселесін шешу өте өзекті проблемаға айналды. Аудандық мәслихатта өткен дөңгелек үстелде осы мәселені шешу жолдары жан-жақты талқыланды. Мәслихат хатшысы Ғалымжан Сопбеков жүргізген ой-пікір алаңына халық қалаулылары Нұрлат Байгенже, Мәжит Балқожаев, Сермұхаммед Оразгелдиев, Бақытжан Төлегенов, Серік Мырзахметов және жер қатынастары бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов, ауылдық округ әкімдері Нұркен Қошқарбаев, Ербол Тақырбасов, Елеусіз Жиенхожаев, Ақжан Тұрғанбаев, Әбдімәулен Сабырханов қатысты.
Дөңгелек үстелдің маңызын мәслихат хатшысы Ғалымжан Жарқынбекұлы:
– Сыр өңіріндегі төрт түліктің негізгі бөлігі біздің ауданда. Жасыратыны жоқ, жыл өткен сайын мал басы артып, жайылымдық жер мәселесі өзектене бастады. Бұл – басқа өңірлерге де ортақ мәселе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыны ескеріп, «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында «жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр» деп ашық айтты. Осыдан кейін Бас прокуратура мен Ауылшарашылығы министрлігі хаттамалық қаулы шығарып, жайылымдық жерді басқару және тиімді пайдалануда нақты шешуді талап етті. Яғни, елді мекеннің шеткі үйінен 5 шақырым радиусындағы жайылымдық жер босатуы керек. Арнайы делегация құрылып, ауылдық округтерді аралап, түсіндірме жұмысын жүргізді. Аудандық мәслихаттан 2020-2021 жылға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспар ұсынылды. Бұл жұмыстар қай жерге келді? Соны пысықтап алу үшін бас қосып отырмыз, – деп түсіндірді.
Президент Жолдауында шаруа­лар­дың құқықтық мәртебесі және көрсе­тілетін қолдау тәсілдері «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» бөлек заңда көрініс тауып және Үкімет бұл заң жобасын қысқа мерзімде әзірлеуді тапсырды.
Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде 9 орында, жайылым жердің көлемі бойынша 5 орында. Алайда ауылда мал жаятын жер тапшы. Тұрғындар төрт түлігін қайда жаярын білмей жүр. Жекешелендіру кезінде ұстағанның қолында, тістегеннің ау­зында кеткен жайылымдық жерлерге қол жеткізе алмаған шаруалардың шы­дамының да шегі бар. Ашығында, бұл күні кеше туындаған проблема емес. Тек соңғы 2-3 жылда өзектілігі арта түсті. Жақын арада шешілмесе, жайылымдық жер мәселесі әлеуметтік шиелініс ошағына айналуы әбден мүмкін. Аудандық мәслихат депутаттары осы тұрғыдағы ойларын ортаға салып, сала басшысы мен ауыл әкімдерінен жұмыс қай деңгейге келгенін сұрады.
– Президенттің талап-міндетін орын­дау мақсатында Қожакент және Қос­үйеңкі ауылдық округін пилоттық жоба ретінде енгізіп, бірқатар жұмыс жүргізілді. Қазір елді мекендердің әкімшілік-аумақтық территориясы сы­зылды. 5 шақырым радиусына кіріп тұрған шаруа қожалықтар нақтыланды және оларға түсіндірме жұмысы жүргізіліп, ауыл тұрғындарының түлігін жаюға қарсы еместігі жөнінде келісім алынуда, – деді Әбілғазы Төлегенов.
Жер мамандарының сөзінше, аудан көлемінде 1 млн. 543 мың гектар жер болса, оның 686 мыңға жуығы шаруа қожалықтардың иелігінде (жайылымдық жері). Егіндіктің көлемі – 44 мың гектарға жуық. Оған аудан әкімі резервіндегі 90 мыңға жуық гектар жерді қосыңыз. Бірақ, ауданда тіркелген төрт түлік бойынша аналық мал басын шаққанда әлі 1 млн 200 мың гектарға жуық жайылымдық жер керек. Бұл – күрделі мәселе.
Жер қатынастары бөлімінің бас маманы Серік Төлендиев жүргізілген жұмыс жөнінде тоқталып:
– Қазір мал басын заңдастыру, жеке адамның атында тұрған мал басы санын шаруа қожалыққа өткізу жұмысы аяқталды. Бұл не үшін қажет десеңіздер, игерілмей тұрған жер учаскелерін заң­дылыққа сәйкес игеру үшін, – деді ол.
Елді мекендердегі аналық мал басы нақтыланып, оларға қанша жайылым­дық жер қажет екені белгілі болды. Жаңа­рық, Талап, Манап, Қосүйеңкі ауылында жайылымдық жерге байланысты мәселе бар. Мұны Ербол Тақырбасов пен Ақжан Тұрғанбаев та растап отыр.
– Өздеріңіз білетіндей, Талап ауыл­дық округі тұрғындарының негізгі табыс көзі – мал шаруашылығы саласында. Біз­дің ауылдық округтің 5 шақырым радиусына енетін жерде бір шаруа қожалықтың 200 гектар жері бар. Бір отар қойымен сол жерде қысы-жазы жайлайды. Қой деген шөпті қоя ма? Өзінің аумағындағы шөп қоры таусылғаннан кейін елді мекенге қарай қойын өрістетеді. Ауыл тұрғындары осыған наразы. Кәсіпкер болса өзінің жайылымдық жеріне мал бағатынын алға тартады, – деді Ербол Өмірбекұлы.
Жайылымдық жер мәселесі күн тәр­тібінен түспей, талай рет талқыланып, шаруаларға да, шарауашылық иелері де тиімді шешім шығарудың тиімді тетігін ізделетіні белгілі.
Бір анығы, 5 шақырым радиусындағы жайылымдық жер елді мекен тұр­ғындарына қайтарылады.

Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ
26 желтоқсан 2021 ж. 1 469 0