№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тарихтың ақтаңдақ беттері

Тарихтың ақтаңдақ беттері


1937-38 жылдың ақтаңдақтарына 80 жылдан асты. Оған дейін де халқымыз қаншама тар жол, тайғақ кешулі нәубеттерінен өтті. Ұлттың зиялы қауымын, көш бастаған ауқаттыларын қуғын-сүргінге түсірген зұлмат жылдардың біз біле бермейтін тұстары көп. Тарихи деректерге көз жүгіртсек, 1927 жылдан 1953 жылға дейін Кеңес Одағында 40 миллион адам репресияға ұшыраған. Революцияға қарсы қызмет дегенді білдіретін Қылмыстық Істер Кодексінің 58-бабы бойынша Кеңес Одағында 3 миллион 770 мыңнан аса адам сотталған, 642980 адам атылған, 2 миллион 369 мың адам 25 жыл бас бостандығынан айырылған. Ал, Қазақстанда 103 мың адам қуғынға ұшырап, 25 адам атылған. Қызылорда облысы бойынша 4 мың адам «халық жауының» қамытын кисе, Жаңақорған ауданы бойынша 1 мыңнан аса адам қамауға алынып, бұлардың көбісі жазықсыз атылып кетті.
Иә, Кеңес Одағын тұтастай қамтыған 1937-1938 жылғы саяси қуғын-сүргін Жаңақорған ауданын да айналып өтпеді. Сұрқия саясаттың қармағына ілініп, қапыда жазықсыз жазаланғандар қатары жетерлік. Елдік мүдде жолында қызмет еткен ерлердің ерен еңбегі мен ұлт үшін жасаған ұлы істерін ұлықтап өтсек.
Нәзір Төреқұлов. Ол – Сауд Арабиясына консул болған қазақтан шыққан тұңғыш дипломат. Мемлекет мүддесі жолында қызмет еткен Нәзір Төреқұловтың Қандөз ауылында туылғанын бірі білсе, бірі біле бермейді. Ол өз қызметін жоғары дәрежеде атқару үшін жеті тілді жетік меңгерген. Н.Төреқұловтың қазақ үшін атқарған елеулі жұмысының бірі – елшілік қызметте болуы. 1932 жылы КСРО-ның Сауд Арабиясындағы өкілетті елшісі болып тағайындалады. Бұл елге елші тағайындау кезінде діні, қабілеті, терең білімі мен қазақ халқының өкілі керектігі қатаң қадағаланды. Осы талаптардан сүрінбей өткен Нәзір 1932 жылы Сауд Арабиясы королінің мұрагері Фейсал әл-Саудтың КСРО-ға 10 күндік сапарын ұйымдастыруы елшілік қызметіндегі үлкен табысы, айрықша қайраткерлігі. Алайда көрнекті қоғам қайраткері 1937 жылы «алашордашыларды» қамқорлығына алып, қолдау көрсеткені үшін «ұлтшыл» деген айыппен тұтқындалып, ату жазасына кесілді. 1958 жылы 28 қаңтарда Н.Төреқұлов толықтай ақталды. Бүгінде барша қазақ жұрты оның есімін қадір тұтып, мақтан етеді. Ел үшін жанын садаға еткен боздақтың есімі ұлт жадында мәңгілікке сақталмақ.
Сұлтанбек Қожанов. Ол – 1917 жылғы революцияларда жарқырай көрінген Орта Азия мен Қазақстан тарихындағы көрнекті тұлғаның бірі. Түркістан Республикасы мен Қазақ Республикасының жоғары басшылығында ұлт мүддесі үшін аянбай қызмет еткен. Партия-кеңес жұмыстарында жауапты қызмет атқарып, Қазақ өлкелік Комитетінің хатшысы болған. С.Қожанов саяси қызметін Ташкент қаласында семинария оқушыларынан құралған «Кеңес» атты астыртын жастар ұйымын құрудан бастаған. 1917 жылы Такшентте М.Шоқай, Қ.Қожықов, Қ.Болғанбаев, С.Ақаевпен бірге «Бірлік туы» газетін шығарды. Аштықпен күресетін орталық комиссияның мүшесі ретінде 1918 жылы Түркістан, Созақ, Жаңақорған, Шиелі өңірлерінде ашыққан адамдарды тамақтандыратын арнайы орындар ашуды ұйымдастырды. 1937 жылы 16 шілдеде Ташкентте тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. 1957 жылы ақталды.
Садықбек Сапарбеков. Жаңақорған ауданында туған қоғам және мемлекет қайраткері. 1919 жылдан Компартия мүшесі, Жетісу облыстық комсомол комитетінің секретары, Ташкентте Сырдария облыстық қабылдау комиссиясы коллегиясының мүшесі, «Қосшы» одағы облыстық комитетінің төрағасы болған. 1925-1927 жылы Сырдария, Петропавл губерниялық партия комитеттерінде бөлім меңгеруші, 1928-29 жылы БК (б)П Қазақ өлкелік партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, 1930-1932 жж. Ақмола округтік және Қарсақбай аудандық, 1932-1933 жж. Шығыс Қазақстан облыстық, 1933-39 жж. Қызылорда облыстық, 1936-37 жж. Қарағанды облыстық, Гурьев округтік, Батыс Қазақстан облыстық және Орал қалалық партия комитеттерінің хатшысы, бірінші хатшысы болды. Садықбек Сапарбеков 1937 жылы қараша айында Орал қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тұрған кезінде тұтқындалып, «халық жауы» деген жалған айыппен қамалған. 1938 жылы Алматы облысының Іле ауданына қарасты «Қарасу» маңындағы «Қандысай» деген жерде атылған.
Бүгінде аудан орталығында Садықбек Сапарбеков атындағы көше мен мектеп бар. Ол оқыған мектепке ескерткіш тақта орнатылып, құрмет көрсетілген.
Сондай-ақ Сыр бойындағы елге тұтқа ықпалды арда азаматтың бірі һәм бірегейі болған – Серіқұл Алдабергенов. Ол – Алаш партиясының мүшесі, Жаңақорғандағы белсенді өкілі болған. Алаш қозғалысының қайраткері Серіқұл Алдабергенов 1883 жылы Жаңақорған ауданының Төменарық ауылдық округінде дүниеге келген. 1893 жылы Ташкенттегі ер балаларға арналған сегіз жылдық гимназияға түседі. Сабақ үлгерімі жөнінен үздік танылған бозбала Серіқұл «Суды пайдалану және жерді игеру» мамандығын тәмамдап шыққан. Соңыра, туған жері Төменарыққа келіп, ел ісіне араласып, арық қаздырып, халыққа егін ектіреді. Ал, 1904-1912 жылы Перовскіде уезд бастығының орынбасары қызметін атқарып, Сыр бойындағы тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосады. Жауапкершілік пен тиянақтылыққа негізделген нәтижелі жұмысына тәнті болған басшылық Серіқұлды 1912 жылы Төменарық болысының басқарушысы етіп сайлайды. Оған қоса, Ташкентте Мұстафа Шоқай арқылы «Кеңес» үйірмесінің жұмысына қатысып, саяси жұмыстарға белсенді араласады.
Ол Алаш қайраткерлері С.Өтегенов, Қ.Қожыков, С.Ақаев, А.Оразаев, С.Қожанов және т.б. ұлт зиялыларымен тығыз қарым-қатынаста болған. 1930 жылдың басында ұлт зиялыларын террорлық жолмен қуғын-сүргінге ұшыратқан кезде Ташкент ерлер гимназиясында бірге оқыған Перовск уездік милиция бастығы Ж.Есеновтың көмегімен атылудан аман қалып, ағайын-туыстарымен Қызылқұмға, одан әрі Өзбекстанға көшіп кеткен. С.Алдабергенов 1935 жылы 25 наурызда ЧЧХК-нің айрықша кеңесінің шешімімен Красноярск өлкесіне 5 жылға жер аударылған. Одан кейінгі тағдыры белгісіз. Десе де, кейіннен С.Алдабергеновке жабылған «халық жауы» деген негізсіз айыптарды жала деп тауып, Оңтүстік Қазақстан облысының соты 1988 жылы ақтап шықты.
Бегайдар Аралбаев – Түркістан ұлттық әкімшілік элитасының көрнекті өкілі. 1896 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының қазіргі Сүттіқұдық ауылдық округіне қарасты жерде туған. 1917 жылға дейін болыстық, уездік мекемелерде түрлі қызметтер істеген. Уақытша Үкіметтің Шиелі болысында милиция комиссары болып істеген. 1920 жылы Перовск уездік атқару комитеті саяси бюросы меңгерушісінің орынбасары, Сырдария облаткомының бөлім меңгерушісі, хатшысы болып қызмет істеген. 1922-1924 жылдары ТАКСР Ішкі істер халкомы, Түркіатком Төралқасының мүшесі, 1923 жылы Түркіатком төрағасының міндетін атқарған. 1924 жылы ТАКСР Жоғарғы Сотының төрағасы. 1924-1925 жылдары Сырдария губерниялық атқару комитетінің төрағасы, Қызылорда қаласында өткен республика кеңестерінің V съезінде Қазақ Орталық Атқару Комитетінің хатшысы болып сайланған.
1946 жылдың наурызында босатылып, Самарқанд қаласында Жібек маталар фабрикасының директоры, кейін Ташкент облысының Шыназ ауданында ферма басқарушысы, мұрап болып қызмет істеген. 1948 жылы қайтадан қамауға алынып, жер аударылған. 1949 жылы Красноярск өлкесі, Енисей ауданы, Хохлово лагерінде қайтыс болған.
Сонымен қатар, сұрқия саясаттың құрығына ілініп, қудаланған және қуын-сүргіннің құрбаны болғандардың қатарында: И.Палманов, Ү.Тұрапов, Қ.Қоңыратбаев, К.Жүнісов, Б.Асанбаев, Н.Сералиев, А.Сатыбалдиева, Т.Мылтықбаева, Ә.Кенжебаев, О.Әлжанов, Ж.Шанин, С.Қошқарұлы және тағы да біз білмейтін жандар бар. Ақын Адырбек Сопыбековтың «Жаңақорған» атты тарихнамасында «халық жауы» деп жала жабылған жазықсыз жандардың 161-і ақталыпты.
Бір сөзбен айтқанда, Кеңестік қызыл империя қазақтың мәйегін орып, жантағын қалдырды. Атылғандардың дені иісі қазақтың бетке ұстар, көш бастаушы ағартушы, ұлт көсемі болуға лайықты Алаштың арда ұлдары еді. Қаншама зобалаң жылдарды бастан кешірген арда азаматтардың айтқан зары, кешкен мұңы, жүріп өткен тар жолдары – бүгінгі ұрпақтың мәңгі есінде. Президент пәрменімен 1997 жылы 31-мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандары күні болып жарияланғаны соның айғағы.

Дайындаған Әбдісамат ӘБДІШ.
29 мамыр 2018 ж. 5 020 0