ҚАЗАҚСТАНҒА ТУРИСТЕР КӨБІНЕ ӨЗБЕКСТАННАН КЕЛЕДІ ЕКЕН
Қазақстанға келетін туристердің басым бөлігі Өзбекстан азаматы, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі ҚР ҰЭМ Статитика комитетіне сілтеме жасап.
2017 жылы Қазақстанға 7 701 200 турист келді. Көш басында Өзбекстан тұр - 3 344 600 турист келді, Ресейден 1 708 900 адам, Қырғызстаннан 1 273 400 турист келді.
Сонымен қатар, Қазақстанға Тәжікстаннан 383 400 турист, Әзербайжаннан 111 мың және Германиядан 99 400 адам, Түркиядан 98 800 адам, Қытайдан 94 800 турист, Белорусиядан 70 800 адам, Украинадан 66 мың адам, Түрікменстаннан 63 300 адам, Оңтүстік Кореядан 30 600 адам және АҚШ-тан 29 600 турист келіп саяхаттап қайтты.
Ал, қазақстандықтар 2017 жылы көбіне Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан елдеріне барған.
Статистика комитетінен атап өткендей, еліміздің көлік компаниялары жедел мәліметтер бойынша 2017 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 22 720,1 миллион жолаушы тасымалдады. Бұл көрсеткіш 2016 жылдың көрсеткішінен 1,7 пайызға жоғары. Оның ішінде теміржол көлігі арқылы тасымалданған жолаушылардың үлесі 0,5 пайызға, автомобиль көлігімен 1,7 пайызға, әуе көлігімен 22,4 пайызға артқан.
«ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ мәліметі бойынша, Астанадағы халықаралық мамандандырылған көрмеге 3,9 миллионнан астам адам келді. Оның ішінде «Нұр Әлем» павильонына 1,3 миллион адам барды. Жалпы, көрмені әлемнің 187 елінен келген 576 мың шетелдік азамат тамашалады. Ал, 2017 жылдың маусымынан қыркүйегіне дейін Қазақстан Республикасына 4,6 миллион шетелдік азамат келді», - деп толықтырды Статистика комитетінен.
Пікір 1