№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Көршісінің алтын бұйымдары мен ақшасын қолды қылды

Көршісінің алтын бұйымдары мен ақшасын қолды қылды


Жан қинап, маңдай терлетіп, бейнет етпей-ақ, оңай олжаға кенеліп, қолға түсіргеннің қызығын көріп, кісі еңбегінің үстінен күнелтуді әдет қылғандар осы әрекетін қоя алмай ақырында қор болып жататынына өмірден көптеген дәлелдер келтіруге болады. Мұның астарында жат әдетке бала кезінен ұрынып, ар-ұжданнан аулақтап, ақырында ұрлық істемей тұра алмайтын дертке ұшырайтын талай тағдыр иелерінің өз өмірлерін өзі қор етіп жүрген астамшыл пыйғылы жатыр.


2019 жылдың 12 маусымында аудандық сот төрағасы Әлия Түбекбаеваның төрағалығымен өткен сот отырысы осындай қылмыстық істі қарады.
Сотталушы А.П-нің жасы 29-да, 2019 жылдың 13 сәуірінен бастап күдікті ретінде қамауға алынған болатын.
Күдікті 2019 жылдың 10 сәуірі күні түнгі сағат 2-де Жаңақорған кенті, Қорған көшесі №6 үйдің ауласына қоршауынан өтіп, арнайы құралды қолданып, үйдің артқы терезесін бұзып ашып, үйге кірген. Бөлмедегі үстел үстінде тұрған құны 40 000 теңге тұратын алтын алқаны, құны 80 000 теңге тұратын құндыз бас киімді жасырып жымқырған. Содан соң жиһаз ішіне темір қорапқа салынған жәбірленушіге тиесілі 29 000 АҚШ доллары және 5 500 000 теңгесін көріп, оның ішінен 9800 АҚШ долларын, 1110000 теңге ақшасын алып, оқиға орнынан ізін суытқан.
Басты сот талқылауында сотталушы А.П өзінің кінәсін мойындап, төмендегіше түсінік берді: Д.Файзуллиннің үйіне ұрлыққа түскені рас. Алдымен көзге түскен алқаны қолға түсірген, содан соң жиһаз ішінде тұрған темір қораптан 100 долларлық және 20 000 теңге, 100000 теңге купюроларындағы ақшаны алған. Ал бас киімді ұрламаған. Ол кезде қанша ақша алғанын санамаған. Кейіннен санағанда 20 000 теңгеліктен 40 дана – 800 000 теңге, 10 000 теңгеліктен 15 дана шамасында болған. Қазір нақты есінде жоқ, жалпы 1000 000 теңгенің үстінде ақша болған. Ал 100 долларлықтан шамамен 76-77 дана, 3 800 000 теңге болған. Ұрлық жасаған күні ақша мен алқаны алып, Қызылорда қаласына таксимен кетіп қалған. Қалаға барған соң алқаны ломбардқа өткізіп, 50 000 теңге алған. Сондай-ақ Жаңақорғаннан танысын шақырып жәбірленушіге ақшасын қайтарып бергісі келген. Танысы қасына ертіп келген дос жігіті екеуімен кафеде отырып, олармен сөзге келіп қалған. Одан кейін не болғанын білмейді. Қасындағы жігіттер ақшасын тартып алған. Бұл туралы тергеу барысында мәлімдеген. Алайда ақшаны кім алғаны тергеу барысында да анықталмаған.
Басты сот талқылауында жәбірле­нуші Д.Файзуллин төмендегідей түсінік­теме берді: Сотталушы А.П көрші тұрады. 10 сәуір күні Шымкент қаласына кетіп бара жатқан анасы үй-жайын А.П-тың азаматтық некеде тұратын жұбайы М.Қ-ға тапсырып кеткен. Шымкенттен келген соң үйіне келсе үйінің терезесінің әйнегі ашық болған. Үйге кіріп заттарын түгендегенде бір дана құны 40000 теңге тұратын алтын алқа кулонымен, бір дана құны 80000 теңге құндыз бас киімі, қонақ бөлмедегі жиһаз ішінде тұрған ақшаларынан 29000 АҚШ долларының ішінен 9800 доллар және 5500000 теңге ақшасынан 1110000 теңге ақшасы ұрланғанын анықтаған. Тергеу барысында сотталушы А.П ломбардқа өткізген алтын алқа алынған. Басқа заттары мен ақшасы табылмаған және өзіне келтірілген залал өтелмеген. Сондықтан сотталушы қылмыстық әрекетімен келтірілген мүліктік залалды алтын алқаның құнын шегергенде 4822240 теңгеге бағалайды. Азаматтық талапкер ретінде азаматтық талап қоюын қуаттайды. Сотталушыдан өзінің пайдасына 4822240 теңге мүліктік залалды өндіруді және оған заң жүзінде қатаң жаза қолдануды сұрайды.
Басты сот талқылауында жәбір­ленуші өкілдері М.Исабаев пен Қ.Жолдасов жәбірленуші Д.Файзул­линнің азаматтық талап арызын қуаттады. Сонымен қатар оның қылмыспен келтірілген залалды өте­мегенін, осыған дейін сот үкімімен тағайындалған жазаны өтеп жүріп, қайта қылмыс жасағанын ескеріп, қатаң жаза тағайындауды сұрады.
Басты сот талқылауында азаматтық талапкер өкілі Н.Белсенбаева төмен­дегідей көрсетті. Сотталушы А.П өзінің қылмыс жасап, ұрлаған алтын алқаны «М-Ломбард» ЖШС-нің Қызылорда қаласындағы филиалына тапсырған. Ол үшін ломбардтан оған 55000 теңге ақша беріліп, есептелген сыйақы сомасы 7260 теңге, барлығы 62260 теңгені құраған. Тергеу барысында аталған бұйым тергеушінің қаулысымен ломбардтан алынған. Сондықтан аза­маттық жауапкер А.П азаматтық талапкер «М-Ломбард» ЖШС-нің пайдасына оның қылмыстық әрекетімен келтірілген мүліктік залал 62260 теңгені өндіруді сұрайды.
Қазақстан Республикасының Консти­­туциясының 25, 26-баптарының талап­тарына сай тұрғын үйге қол сұғылмайды, меншік құқығына заңмен кепілдік беріледі, соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды.
Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 қарашадағы №91 Заңымен ратификацияланған Нью-Йорктегі 1966 жылы 16 желтоқсанда жасалған «Азамат­тық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакті бойынша әрбір адам баспанасына қол сұғылуынан қорғалуы тиіс. Әрбір адамның осындай озбырлық пен қол сұғушылықтан заңмен қорғалуына құқығы бар.
Сотталушы А.П жәбір­ленушінің мүл­кін тұрғын үйге заңсыз кіру арқылы ірі мөлшерде жасырын жымқырып, ұрлық жасаған қылмыс оқиғасының орын алғандығы және сотталушының пиғылы мен іс-әрекетінде оған тағылған айыптағы қылмыстың құрамының нақты болғаны сотталушының өзінің айыбын ішінара мойындауымен қатар, оқиға болған жер Жаңақорған кенті Қорған көшесі №6 үйді қарап тексеру жайлы хаттамасымен, нәрселерді алу және қарау жүргізу туралы хаттамаларымен, маман анықтамасы, маман қорытындысымен, айғақтарды сол жерде тексеру және нақтылау туралы хаттамамен, одрологиялық зерттеу жүргізу хаттамасен, трасологиялық зерттеудің маман қорытындысымен, іс бойынша жәбірленушінің жауаптарымен және іс бойынша зерттелген құжаттармен өз дәлелін табады деген қорытынды жасалды.
Сот дәлелдеуге жататын мән-жайлардың барлығы және әрқайсысы туралы ақиқатты даусыз белгілейтін, іске қатысты жол берілетін және анық дәлелдемелер жиналғандықтан, дәлелдемелердің жиынтығы қылмыстық істі шешу үшін жеткілікті деп таныды.
Сотталушы А.П іс-әрекеті Қазақстан Республикасының ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігінің 1-тармағымен, яғни бөтеннің мүлкін тұрғын жайға заңсыз кіріп, ірі мөлшерде жасырын жымқырып, ұрлаған деген негізде дұрыс сараланған.
Қазақстан Республикасының ҚК-нің 11-бабының 4-бөлігінің талабына сәйкес сотталушының жасаған іс-әреекті ауыр қылмыс деп танылды.
Қазақстан Республикасының ҚК-нің 53-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайына кінәлінің жасаған қылмысын ішінара мойындап, шын ниетпен өкінуі танылады, ҚК-нің 54-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік пен жазаны ауырлататын мән-жай анықталған жоқ деп сот табады.
Сотталушы Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық сотының 09.08.2018 жылғы үкімімен ҚР ҚК-нің 300-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайын­далған, ҚК-нің 191-бабының 2-бөлігінің 1)-тармағы кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігінің негі­зінде түпкілікті 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленген тұлға бола тұра, бас бостандығын шектеу түріндегі жазасын өтеу барысында түзелу жолына түспей, ауыр қылмыс жасаған.
Сондықтан сот оған қоғамнан оқшауламайтындай жаза тағайындауға негіз жоқ деп санайды.
ҚК-нің 60-бабының 1-бөлігінің талабына сәйкес егер сотталған адам үкім шығарылғаннан кейін, бірақ жазаны толық өтегенге дейін жаңадан қылмыстық құқық бұзушылық жасаса, сот соттың соңғы үкімі бойынша тағайындалған жазаға соттың алдыңғы үкімі бойынша жазаның өтелмеген бөлігін толық немесе ішінара қосады.
Сондықтан сот Қ.К-нің 60-бабының 1-бөлігінің негізінде үкімдердің жиын­тығы бойынша осы үкіммен тағайын­далған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға Жаңақорған аудандық сотының 09.08.2018 жылғы үкімі бойынша бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген бөлігі – 2 жыл 1 ай 3 күн мерзімін ішінара қосып, түпкілікті өтеуге 4 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қолдануға жатады деген қорытындыға келеді.
Сот тараптардың пікірлерін және іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді зерттеп, азаматтық талапкерлердің азаматтық талап қоюлары қанағат­тандырылып, азаматтық жауапкер А.П азаматтық талапкерлер Д.Файзуллиннің пайдасына 4822240 теңге, «М-Ломбард» ЖШС-нің пайдасына 62260 теңге өндірілуге жатады деп санайды.
Осы негізде сот азаматтық талап­керлердің талап қоюы жалпы сомасы 4884500 теңге көлемінде қанағаттандырылғандықтан, мемлекет кірісіне сот шығыстарын төлеуден босатылмаған азаматтық жауапкер А.П 48845 теңге көлеміндегі мемлекеттік баж өндірілуге жатады.
Сонымен ҚПК-нің 387-390, 392-393, 395-398, 401-402-баптарын басшылыққа алып, сот ҮКІМ ЕТТІ:
Сотталушы А.П Қазақстан Респу­бликасының ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігінің 1-тармағымен кінәлі деп танылып, 3 (үш) жыл 6 (алты) ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.
Қазақстан Республикасы ҚК-нің 60-бабының 1-бөлігінің негізінде үкім­дердің жиынтығы бойынша осы үкім бойынша тағайындалған жазаға Жаңақорған аудандық сотының 09.08.2018 жылғы үкімі бойынша бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген 2 жыл 1 ай 3 күн ішінара қосып, түпкілікті өтеуге 4 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру түріндегі жазасы тағайындалсын.
Азаматтық жауапкер азаматтық талапкерлер Д.Файзуллиннің пайда­сына 4822240 (төрт миллион сегіз жүз жиырма екі мың екі жүз) теңге, «М.Ломбард» ЖШС-нің пайдасына 62260 (алпыс екі мың екі жүз алпыс) теңге мүліктік шығын өндірілсін.
Азаматтық жауапкер А.П мемлекетке 48845 (қырық сегіз мың сегіз жүз қырық бес) теңге мемлекеттік баж өндірілсін.
Азаматтық жауапкер азаматтық талап бойынша өндірілуге жататын мүліктік шығынды өз еркімен төлеу үшін үкім заңды күшіне енген соң екі ай мерзім берілсін, көрсетілген мерзімде өз еркімен төлемеген жағдайда мәжбүрлеп орындату үшін жіберілсін.
Сотталушыдан мемлекет пайдасына сот сараптамаларының сарапшылық зерттеудің шығыны 70515 (жетпіс мың бес жүз он бес) теңге процестік шығын өндірілсін.
Міне, ойсыз жасалған қадамның ақыры осындай айыпты арқалатып, бас бостандығынан айырды. Осындайда «шығасыға иесі басшы» деген нақыл еске түседі. Бірін дүние-мүліктерін сақтандырмаған, егесіз тастап кеткен қаперсіздіктің салдары сан соқтырса, тегін олжаға көзін тіккен екінші біреуді нысапсыз құлқы ардан аттатып, ауыр қылмысты арқалатты. Екі жағында да адам тағдырын әлекке түсірген қу дүниенің әуресі. Әуелі өз-өзімізге де сақ болуды ұмытпасақ игі.

Баян ҮСЕЙІНОВА
09 қараша 2019 ж. 686 0