ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН ҰЖЫМ
Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тату-тәтті жарасымды тіршілік етуде. 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні аясында елдің түкпір-түкпірінде бірлік пен берекенің мерекесін атап өтеді. Жаңақорған агро-техникалық колледжінде өткен «Ынтымағы жарасқан туған өлкем – Қазақстан» атты мерекелік шара соның айғағы.
Жүзі басқа болғанымен жүрегі бір, тілі басқа болғанымен тілегі бір, мақсат-мүддесі ортақ, бірлігі мықты, достығы берік ұлттар мен ұлыстар қазақ елінің салт-дәстүріне қонақжайлық пен мейірбандығына, ұлттық құндылықтарына аса құрметпен қарайды. Сондай-ақ, қазақ халқының қарапайымдылығы, бауырмалдығы үшін ерекше бағалайды. Бастысы өздері қоныс тепкен Қазақстан жерінің барлық ұланымен ауызбірлікте, туыс болуды көздейді.
Жаңақорған топырағындағы бірден бір аграрлық сала мамандарын даярлайтын оқу ордасын құттықтауға келгендердің алдында ұжым басшысы Жомарт Шауенов сөз алып, білім ордасының қазіргі табыстары мен алдағы жоспарларымен бөлісті.
Мерекелік шараны ашқан аудан әкімі Ғалым Әміреев пен Жаңақорған кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұзарап Махмұтұлы адами капиталға сұраныс артқан заманда білім беруді ұтымды ұйымдастырып, үйлестіруде ұжымға сәттілік тіледі.
– Білім саласы Тұңғыш Президенттің Жолдауларында тұрақты көрініс тауып келеді. Қазіргі кезде үш тілді еркін меңгеру уақыт талабы. Мемлекеттік міндеттемелердің 60-70 пайызы білімге арналады. Білім саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізі жасалды. Қазіргі таңда дуальдық оқу жүйесі енгізілді. Ол арқылы жастар теориялық білімдерін оқу орнынан шықпай-ақ өндірістік тәжірибеде қолданады. Колледждің дамуы алдымызға үлкен мақсаттар қояды. Ауданымызға ауыл шаруашылығы мамандары көптеп керек, – деді аудан басшысы.
Салтанатты шараға қатысқан білім саласының ардагерлері Зинабдин Шермағамбетов, Сейілхан Іскендіров, Мадияр Ахметов және аудандық мешіттің бас имамы Сайдулла Омаров өз тәжірибелерімен бөлісті.
Қазіргі таңда тоғызыншы сыныпты бітірген оқушылар колледжде жеті түрлі мамандық бойынша білімдерін жалғастыруда. Оның ішінде, жеке кәсібін ашуға бірден-бір қолайлы мамандықтар қарастырылған. Тігінші, аспазшы, электрик, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру, дәнекерлеуші, автошебері, мал дәрігері секілді мамандықтарға сұраныс жоғары. Оқушылардың бірқатары шаруа қожалықтарда, кәсіпорындарда, қызмет көрсету саласында өндірістік тәжірибе алмасуда.
Аудан әкімі оқуда үздіктер мен қоғамдық жұмыс белсенділеріне «Алғыс хаттарды» табыс етті. Олардың қатарында Ерден Келдібеков, Светлана Сергеева, Сағат Сағадинова бар. Марапатталған ұстаздардың ішінде электротехник Әлихан Ахмедовтың орны бөлек.
– Менің әке-шешем Грузиядан Қазақстанға жер аударылып көшіп келген. Әкемнің айтуынша, 1944 жылы желтоқсанда бізді эшелонмен Арал станциясына әкеліп тастаған. Біздің әке-шешеміз бақша егеміз деп Аралдан Жаңақорғанға көшіп келеді. Содан бері Жаңақорғанда төрт ұрпақ өсіп-өнді. Қазір көрші-көлем, туыстарымыз тату тұрамыз. Әкем Қарабек Ахмедов осында келгенде 13-14 жаста болған екен. Соғыс кезінде тылда ауыр жұмыстар атқарған. Әкем қазақтарға мың мәрте басын иіп, осындай тыныс-тіршілігіміз, тірі қалуымыз жергілікті халықтың арқасында деп жиі айтып отыратын. Көршілеріміз бір таба наны болса, жартысын бізге беріп отырды. Соның арқасында менің әке-шешем аштықтан да, суықтан да аман қалды. Қазір менің үш балам, сегіз немерем бар. Ұлым Радихан осы агроколледжде еркін күрестен бапкер, – дейді Әлихан Ахмедов.
Шара соңы колледж студенттері ұйымдастырған концерттік бағдарламамен жалғасты.
Ескендір ЕРТАЙ.