№78 (8789) 1

01 қазан 2024 ж.

№77 (8788) 28

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (8787) 24

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » » «ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ АЛҒЫСЫМ ШЕКСІЗ!»

«ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ АЛҒЫСЫМ ШЕКСІЗ!»

Елімізде сан түрлі этнос өкілдері бір арнаға ұйысып, татулықта тіршілік кешуде. Әрине, мұндай бейбітшіліктің бастауында ұлттар мен ұлыстардың өзара рухани келісімі тұр. Иә, исі қазақ жаратылысынан татулықты сүйгендіктен бе, жүректің қалауы тыныштық болғандықтан ба, Елбасы Жарлығымен қабылданған «Алғыс айту күні» жыл сайын жоғары деңгейде тойланып, халықтар арасындағы татулықты нығайтып келеді. Бұл – тек ризашылық күні ғана емес, жас ұрпақ үшін тарих туралы сыр шертетін тағылымға толы мереке.

Тату тіршілік пен бейбіт ғұмырды, жасампаздық пен жарастықты, бауырмалдылық пен берекені насихаттауды мақсат еткен мереке қарсаңында кенттегі мехсеттік түрік ұлтының өкілі Гүміш Изатовамен тілдестік. Грузиядан депортация жасалғанда жасы небәрі үште болған Гүміш апаның қазақ халқына айтар алғысы зор.
– Балалық-шағымның бәрі осы төңіректе өтті. Ұзақ жылдан бері қазақ халқымен бірге тату-тәтті тындырымды тіршілік кешудеміз. Қазақ қоңсыларыммен туған бауырымыздай араласап тұрамын. Бір атаның баласындай бауыр болып, ынтымақты арқау етіп, шүкіршілік етудеміз. Жалпы қазақ жұртына айтар алғысым шексіз. Ынтымағы жарасып, түрлі ұлыстың басын қосқан қастерлі қазақ топырағы бейбітшіліктің қара шаңырағына айналды. «Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік» демекші, ел басына күн туған замандарда халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымағы мен бірлігі десек, артық айтпағанымыз болар, – дейді Гүміш апа.
Бүгінде мәуелі бәйтеректей тамырын кеңге жайған Изатовтар әулетін танымайтын жан жоқ. Ұл-қыздары сан салада еңбек етіп, ауданның дамуына өзіндік үлесін қосып жүр. Сондай-ақ тілдесу барысында тоқсанды алқымдаған әженің қаншама қиын-қыстау заман өтсе де, оразасын үзбегенін білдік. Оған қоса, күні бойы қолынан Құран кітабын тастамай, оқып отырады екен. Үнемі, елге, жерге амандық тілеп отыратынын жасырмады.
Иә, Жаратқанға шүкір, өркениетті өлкедегі бейбітшіл ғұмырды тілеген алуан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері осындай қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған тәуелсіз, тыныш елде өмір сүруде. Сайып келгенде, ішкі-сыртқы саяси ахуалы тұрақты егемен елдің көп қызығар келбетінің сыры да руханиятымыздың тереңдігінде жатса керек.
– Ақиқатында қоғамның тұтастығы қай кезде де ішкі татулық пен берекеден бастау алған. Ынтымағы жарасып, түрлі ұлыстың басын қосқан қастерлі қазақ топырағы бейбітшіліктің қара шаңырағына айналды. Осы орайда, көктемнің алғашқы күні яғни, 1-наурызда Қазақстандағы барша ұлыс көңілі даладай дархан қазақ жұртына ризашылық сезімін білдіреді – деген Гүміш Изатова жаңақорғандық жамағатты мерейлі мерекемен құттықтады.
Түйіндей айтқанда, аудан да тіршілік ететін өзге ұлт өкілдерінің қазақ жеріне деген риясыз ризашылығы мен алғаусыз алғысы шексіз. Бұл да болса, рухани келісім – бірліктің, берекенің, бейбітшіліктің кепілі екені даусыз. Лайым, татулығы жарасқан, жүзі басқа болса да жүрегі бір, түрі басқа болса да тілегі бір ұлттар мен этностан құралған қазақтың рухани келісімі арта берсін.

Әбдісамат ӘБДІШ.
26 ақпан 2019 ж. 1 215 0