№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БОЛҒЫҢ КЕЛСЕ ӘДЕПТІ, АҚЫЛДЫ, АДАЛ

БОЛҒЫҢ КЕЛСЕ ӘДЕПТІ, АҚЫЛДЫ, АДАЛ

   Мақал – мың-мың жылдар бойында өмірдің өзі дәлелдеген шүбәсіз шындықты көңілге қонымды, құлаққа жағымды түрде баяндайтын халық даналығының асыл қазынасы. Мақалдың асылдығы оның мірдің оғындай өткірлігінде, шындықты бұрмаламай тура айтатын шыншылдығында, дау тудырмас даналығында, өнеге үйреткіш тәлім-тәрбиелігінде.

   Мақал сөз өмір шындығын баяндайтындықтан және айтар ауызға ықшам да жеңіл, естір құлаққа сіңімді, жүрекке жылы болғандықтан жиі қолданылады. Жиі қолданылатындықтан және жүрекке жылы тиетіндіктен әрбір адамның жадында жатталып, көкірегінде сақталып қала береді. «Мақал – ауызша айту арқылы атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, халықтың салт-санасын, әдет-ғұрпын, сенім-нанымын, дүниетанымын, қысқасы – бәрі-бәрін ұғындырып келген халық даналығының оқулығы» - десек асырып айтқандық болмас. Кәрі-жас, сауатты-сауатсыз әрбір адамның көзбен көріп оқымай-ақ құлақпен естіп көңілге тоқитын оқулығы – мақал-мәтелдер.
Қорытып айтсақ, «өлең – сөздің патшасы» болғанда, «мақал – сөздің мәйегі». Сондықтан да «Май тамаққа дәм кіргізеді, мақал сөзге мән кіргізеді», «Мақалсыз сөз ойға қонбайды, мақтасыз шапан бойға қонбайды», «Мақамсыз ән болмайды, мақалсыз сөз болмайды» деп адамның ой-сана, наным-сенім, дүниетанымына мақал-мәтелдің бағдар беретін жаднамалық қасиетін қастерлеген нақыл сөздер аз емес.
Әр мақалдың өзіне тән астары, меңзейтін мағынасы бар. Мақалдың бетіндегі бедерін ғана емес, астындағы астарын ұға білуде үлкен мән бар. «Мақалдағанның жөні осы» деп оны орынсыз жерде, қисынсыз сөзге қолдана берсе, ол – асылды жасыту болар еді.
Ата-бабамыздан қалған аталы сөз әр адамды қыңыр жолдан түзу жолға салып, оң аяғын теріс баспауына нұсқайтынын ескере отырып аруларымыз жадында сақтай жүрсе азды-көпті пайдасы тиер деген оймен, әйел затына арнап айтқан халқымыздың біраз мақалын құлаққағыс етіп естеріне сала кетуді жөн көрдім.
– Қыз өссе елдің көркі, гүл өссе жердің көркі.
– Қызым саған айтамын, келінім сен тыңда.
– Анасын көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш.
– Келелі сөзді келін де айтады.
– Қыз кезінде қыздың бәрі жақсы, жаман қатын (әйел) қайдан шығады.
– Қабағы жақсы әйелдің табағы да жақсы.
– Қызға қырық үйден тыю.
– Ананың ойы балада, баланың ойы далада.
– Атасыз ұлдың аузы зор, енесіз қыздың емшегі зор.
– Әйел қылығымен сүйдіре де біледі, күйдіре де біледі.
– Анаңа рахым етпесең, балаңнан рахым күтпе.
– Әдепті әйел – арлы әйел, әдепсіз әйел – сорлы әйел.
– Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық.
– Ерлі-зайыптылардың арасына есі күткен түсер.
– Адамгершілік – әйелдің ең әдемі әшекейі.
– Қызды көркем көрсететін – салмақты мінезі.
– Сүйіп алған жарың – ғұмырда жанған бағың.
– Ананың махаббаты ажалды да жеңеді.
– Қатын алсаң – отын ал, бір құшағын артық ал.
– Ақылды әйел айтқызбай ұғады, тұспалдай таниды.
– Әйелі жақсы болмай, ер оңбайды, ердің бақытын кестіретін де, ерге бақыт әперетін де – әйел.
– Әйелдің ақылы ізеттілігімен белгілі.
– Қызғаныш деген қызыл иттен алыс бол. Еркегін қызғанған әйел абырой алмайды, тек ерінің бағын байлайды.
– Күйеуіңді сыйлағаның – өзіңді сыйлағаның.
– Ерін сыйлаған есікте қалмайды.
– Ердің жақсысы ерін сыйлайды, әйелдің жақсысы ерін сыйлайды.
– Қыздың еркелігі ұзатылған күні бітеді, жігіттің еркелігі сол күні басталады.
– Анасы асыраған бала қайсар, әжесі асыраған бала мейірбан.
– Ауырды нардың нары, ауыртпалықты жардың жары көтереді.

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ.
13 наурыз 2019 ж. 1 100 0