№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «Қыз – өмірдің қызғалдағы»

«Қыз – өмірдің қызғалдағы»

    Қазақтың тілі әлемдік тілдер қатарындағы ең бай әрі сөздік қоры мол тіл екені баршаға белгілі. Міне, сол себепті ата-бабалар тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін қысқа әрі нұсқа етіп, бір ғана мақалмен әсерлеп жеткізген. Мақал-мәтелдер өмірдің әр түрлі жағдайы мен халықтың әл-ауқатына, адам мінезіне қарай туындап отырған. Мәйек сөздердің адам өмірін өзгертудегі, адам тәрбиелеудегі мәні мен мағынасы зор. Әсіресе, тектілікті серік еткен дана халық түрлі көркемдегіш нақыл сөзді қыз балаға арнап, екі қатардан тұратын астарлы оймен айтар ойын ашық жеткізген. Олай болса, нәзік жандыларға арналған мақалдардан сыр шертелік...
  Қыз бала өмірге есік ашқан сәттен «Қыз жат жұрттық», «Қыз қонақ» «Қыздың жолы жіңішке» деп, өсіп келе жатқан қыздарды қонағындай құрмет тұтып, төрден орын беріп, өзге елдің түтінін түтер азамат болатынын үйретіп, өсірген. Ал, «Қыз – өмірдің қызғалдағы», «Қыздың көзі қызылда», «Гүл өссе – елдің көркі, қыз өссе – жердің көркі» деген нақыл сөздерден аруларды сұлулықты символы етіп, қызғалдақ пен әсем гүлге теңегенін аңғаруға болады. Расында да, қауызын жарып шыққан гүл майысып, иіліп тұратыны секілді қыз бала да отбасынан алған нәрлі тәрбиенің арқасында ибалы, инабатты болып өскен.


   Өсіп жетіліп бойжеткен шаққа жеткенде «Ақылды қыз білімге жүгірер, ақылсыз қыз сөзге ілігер», «Қырсыққан қыз бай таппас», «Қызға бергенді Қыдыр өтер», «Қыздың құны қырық жеті», «Жақсы қыз – жағадағы құндыз, жақсы жігіт – аспандағы жұлдыз», «Қыз назы қырық кісіні мас қылады», «Қызы бардың назы бар», «Қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман», «Қасынан қыз өтсе сексендегі шал басын көтерер», «Қызды қымтап ұстаған ұялмайды», «Қызды қырық үйден тыю, одан қалса күңнен тыю», «Күйеу жаман болса қызыңнан»,    «Ауылдан қыз кетсе, қызық та кетеді», «Қыз өссе қылықтымен ауыл бол», «Қыз қылығымен» сынды саналы ой айтып, нәзік жандының оғаш қылыққа ұрынбасы үшін жүріс-тұрысына, киім-киісіне, мінезіне, қыздың жасауына, құнына баса мән беріп, әсем аруларды қатаң қадағалаған. Мұны «Қыздың ұяты шешеге» деген сөзден-ақ ұғынуға болады.
Нәзік жандылар екі рудың арасын байланыстырар алтын көпір болғандықтан, рулар арасында қақтығыс, ұрыс-керіс, жанжал туындамас үшін қыз балаға арнап «қыздың жолы қырық кісінің жолын бөгейді», «қыздың қабағында құт бар», «қызым саған айтам, келінім сен тыңда», «қызың өссе қылықтымен ауыл бол» деген тәрбиелі сөздер айтқан. Осындай мәнді-мағыналы сөзді жете түсінген нәзік жандылар барған жеріне тастай батып, судай сіңіп, салт-дәстүрден аттамай, адал, сүйікті келін бола білген.
Ал, отбасындағы келін нәресте босанып, өмірге ұрпақ әкелген соң, ана деген ұлы атты иемденген. Осылайша ұрпақтар сабақтастығы жалғасып, қыз баладан бір қауым ел тараған. Яғни, қыздар қауымы – ертеңгі елдің анасы, бір қолымен бесік тербетіп, бір қолымен әлемді тербететін ардақты тұлға.
   Ару қыздардың тағдыры мен келешегіне алаңдаған дана қазақ осылайша эстетикалық тағылымы мол сөздермен бүтін елдің анасын тәрбиелеген. Міне, осындай нақыл сөзден сусындап, «Ұлжан», «Ұлпан», «Зере» сынды бір кездегі жас қыздар бүкіл қазақ даласының ардақ тұтар анасына айналды. Демек, тәрбиенің қайнар бастауы болған мақал-мәтелдердің қыз тәрбиесіндегі маңызы мен мәні зор.

Ханзада ТӨРЕХАНҚЫЗЫ.
15 қараша 2018 ж. 4 531 0