№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » САЛТЫН БІЛМЕГЕН сауапты түсінбейді

САЛТЫН БІЛМЕГЕН сауапты түсінбейді


Қазақ қашанда ата дәстүрін дәріптеп, оны келер ұрпаққа жеткізуді өзіне міндет санаған. Бабадан қалған салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптар халық тұрмыс-тіршілігінің өн бойына тамыр таратып, қасиетіне сіңіп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бүгінге дейін жеткен. Осы ретте, Елбасының ұлттық кодты сақтай отырып, заман сынына жауап беретін озық дәстүрлерді табысты жаңғырту қажет деген ойы еске түседі. Расында, ұлтты бірлікке, ынтымаққа баулитын дәстүрлер ұмыт қала бастады. Біз соны саралап, кей дәстүрлерге тоқталдық.
Атадан бізге жеткен салт-дәстүрлер қашанда игі мақсаттар үшін қолданыста болғаны белгілі. Әр дәстүрдің астарында туыстық қатынасты нығайта түсетін, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді насихаттайтын тәлім жатыр. Мәселен, «Белкөтерер» деген дәстүр тоқсаннан асқан қарияның жасына лайық дайындалатын асына байланысты айтылған. «Тоқсан көремін деген жасым ба еді, быламық ішейін деген асым ба еді», деп қариялар айтқандай, жасы жеткен кісілерге арналып «белкөтерер» тағамы арнайы дайындалатын болған. Бұл – жұмсақ, дәмді, нәрі мол қазы, жент, сарымай, қымыз, ақ ірімшік, бал тағы сол сияқты тағамдардан әзірленген. Мұндай тағамды ақсақалға балалары, көрші-қолаңдары, сыйлас ағайындары арнайы дайындап әкеліп, оның ақ батасын алған. Туыстықты дәріптейтін дәстүрдің тағы бір түрі – «жиенқұрық». Дәстүр бойынша жиен нағашысынан жиенқұрық, яғни, қалаған затын алуы тиіс. Ал, нағашысы жиеннің бетін қайтармай үш рет сұрағанын беруге міндетті. Халықта жиенді ренжітпей, «жиен назары жаман», деп еркелетіп ұстауы осыдан қалған болса керек-ті.
Сонымен қоса, дау-дамайды шешуге немесе жақсы мен жаманды айыруға байланысты да дәстүрлер бар. Соның бірі – бес жақсы. Бес жақсыға қара нар, жүйрік ат, қалы кілем, алмас қылыш, бұлғын ішік жатқан. Бұл дүниелер елдің аса құрметті, беделді адамдар арасындағы достық, сыйластық қарым-қатынастарда сый-сияпат немесе құдалар арасындағы қалың мал, киіт орнына да жүрген. Бес жақсының бір түрінің өзі 4-5 жылқыға бағаланған.
Бес жақсы түріне, дәрежесіне қарай «бас жақсы», «орта жақсы», «аяқ жақсы» болып үшке бөлінеді.
Келесі кезекте – аунату. Қазақтар сыйлы қонақ отырған, ұйықтаған жерге баласын аунатып алған. Сенім бойынша, балаға осы адамның жақсы қасиеттері мен қабілеттері дариды. Сондай-ақ, «туған жерге аунату» дәстүрі бар. Бұған сәйкес туған жерінен біраз уақыт жырақта жүрген адамды еліне келген кезде туған жердің топырағына аунатып алатын болған.
Жылу жинау – бақытсыздыққа ұшыраған адамға ауыл тұрғындары, көрші-қолаңы, туған-туыстары мал, дүние, ақшалай көмек көрсету дәстүрі.
Қазан шегелеу – жақын туыс, әзіл-қалжыңы жарасқан адамдардың үйіне екі-үш адам бірге барып, күтпеген жерден қонақ болуы.
Сондай-ақ, атбайлар, босаға майлау, қалау айту, бәсіре, тізе бүгу, өңір салу, ерулік беру, қалау айту сияқты ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлеріміз бар.

Р.S.: Бабадан «Салтын білмеген сауапты түсінбейді», деген аталы сөз бекер қалмаған болса керек. Өйткен, әр әдет-ғұрып пен салт-дәстүрдің астарында инабаттылық пен ізгілікке үгіттейтін, бауырмалдық пен елшілдікке шақыратын үндеу жатыр. Бұл – баба аманатының бір көрініс іспеттес...

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
21 наурыз 2018 ж. 2 471 0