№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТОЙҒАН ЕЛ ТОЙШЫЛ КЕЛЕДІ

ТОЙҒАН ЕЛ ТОЙШЫЛ КЕЛЕДІ

Қазақ – қашаннан қонақжай, тойшыл халық қой! Расында, той – ағайын-туыс пен құда-жекжаттың басын қосатын, ұлттық өзгешелігі айқын, түрі мол, тарихын тереңнен алатын дәстүр түрі. Бірақ, қазақтығымызды сақтап, ағайынгершілік татулықты арттыратын той-томалақтар бүгінде бәсеке алаңына айналғаны қынжылтады.

«Жиғаныңды тойға шаш» дейтін қазекем қолдағы барын аямай, жетпей жатса белшеден қарызға батып той жасауға құмбыл болып барады. Тіпті, қарызға белшесінен батса да дүркіретіп өткізуді мақтан санайтын болдық. Қысқасы, той өткізу мәдениетін көтеріп, даңғазалық пен ысырапшылдықтан арылту қажет-ақ. Яғни, той өткізудегі келеңсіздіктерге тоқтам болмаса, жас ұрпаққа берер тәлім кемиді. Сондықтанда аға буын ретінде бүгінгі тойдағы бірнеше мәселені ортаға салғым келіп отыр.
Біріншісі, тойдың уақытылы басталмауы. Кешкі жетіге шақырылған қонақ түнгі тоғызсыз келмейді. Кешігіп басталған тойдың соңы, түн ортасына ауады. Жұрттан маза қашып, қайтуға асығады. Көбіне қонақтармен қатар, жастардың көлік серуенінен келуін күтіп қалатын кездер болады. Сол үшін түнгі сағат 24:00-де тойхананы жабу керек. Көршілес Түркістан облысы мен Шиелі ауданы мұны жолға қойды. Егер түнгі он екі де той аяқталатын болса, халықта ерте келуге дағдыланады. Бұл мәселені тойхана иесі мен кент әкімшілігі, аудандық ішкі істер бөлімі, қоғамдық ұйым өкілдерімен бірлесе отырып, келісімге келіп, әріптестік меморандумға отырғаны абзал. Сонда ғана бақылау, қадағалау болады.
Екіншісі, отшашу. Бұрын келін түскенде шашу шашатындарды білуші едік. Сарқыт ретінде теріп алғандарға осындай келін түсіру жұғысты болсын деген ниетпен. Ал, қазір тойхана кірер кездегі және іште көпшілік алдына шығар сәттегі отшашу мейрамхана ішін көк түтінге айналдырады. Ащы иісі ұзаққа дейін кісіге қолайсыздық тудырады. Оған қоса, аулада атылған отшашудың жаңғырығы мейрамхана маңында орналасқан тұрғын үйлердің мазасын алары сөзсіз. Шынында, бар-жоғы 3-4 минуттың айналасында 30-50 мың теңге қаржы көкке ұшады. Дұрыс қой, барыңды һәм байлығыңды көрсет. Шашыл. Бірақ, заманында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтқандай: «Той деп шашылды, ас деп шашылды, ар, білім деп дәулет шашарға қай қазақтың қайраты жетеді?»... Бұл сұрақтың жауабы жуық арада табыла қоймас.
Үшіншісі, беташар өткізу бір іздендірілсе екен. Айтайын деп отырғаным бүгінгі беташар бүтіндей өзгерген, келіннің сәлемін саудаға салатынды шығарды. Беташар бизнес көзіне, яғни, табысқа айналғаны соншалық, оны қалыпты жағдай деп қабылдайтын болдық. Сосын келіннің ата-енесін шегіне жеткізіп мақтағасын атасы он мың, енесі бес мың теңге салады. Оны місе тұтпаған асаба екінші мәрте мақтау сөз жаудырып, ұлдың ата-анасының қолын қайыстырғандай тағы қайтара салғызады. Бұл әдісті басқа да қайынағалары мен құрдастарына қолданады. Осыдан кейін атымыз аталғанда ақша салмасақ ұятқа қалатын күйге жеттік. Тағы бір айта кетерлігі, бұрын беташар салты үй ауласында өтуші еді. Қазір басым бөлігі тойханада өтеді. Осыны да бір жолға қойылса екен. Себебі, тойдың кеш басталуына тойханада өткізілетін беташарлардың да септігі бар...
Төртіншісі, той әдебі, той мәдениетін көтеру керек. Қызықшылық қуаныштың жоғары деңгейде өтуі көбіне асабаларға байланысты. Кейде жас асабаларды сырттан шақырып, тойдың шырқын кетіріп жатады. Бірін-бірі әлі танып білмеген құдаларды бір-біріне қарсы жүгіртіп, төс қағыстыртып дегендей. Оған қоса, ортаға шыққан кісіге сөз берер кезде мақтап, мадақтап асыра сілтейтіні тағы бар. Сол үшінде жергілікті асабаларға жетері жоқ.
Жалпы, қазақтықтың қайнары, ұлттың біріктіруші күші – тойда. Сондықтан тойымызды дұрыс жаңғырта алсақ, мақсат-мұраттарымыздың орындалуына септігі тиітіні ақиқат...
12 қаңтар 2019 ж. 972 0